Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігіне жүктелген міндеттердің бірі – Арыс арсенал қоймасын толық жою.
– Бұл – Қорғаныс министрлігінің міндеті. Қазіргі уақытта қару-жарақ қоймасы маңайында әр жерден тұтанған өрт ошақтары бар. Тиісінше, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелері өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды, – деді В.Беккер.
Комитет төрағасы аласапыран уақытта үйлері тоналған арыстықтардан 85 арыз түскенін де хабарлады.
– Үйіне қайтқан тұрғындар мүлкі жоғалғаны туралы 85 арыз түсірген. Алайда, оннан астам арызды иелері қайтарып алды. Аса ірі көлемде азық-түлік ұрлау фактісі тіркелді. Бір адам көлігі ұрланғанын хабарлаған. Жалпы, әр оқиға бойынша жедел-іздестіру топтары шұғыл шаралар қабылдап жатыр, – деді ТЖК төрағасы.
Баспасөз мәслихатында В.Беккер төтенше оқиғаның салдарынан келген шығынның әлі толық есептеліп болмағанын айтты.
– Шығын көлемі шамамен 20 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл цифр өзгеруі де мүмкін. Бұл – алдына ала болжанған мәлімет. Бағалаушылар әлі де есеп жүргізіп жатыр. Соңғы түскен деректер бойынша 70-ке жуық үй жермен-жексен болған. Әдепкіде 8 мыңнан астам үй бүлінді деген дерек болған. Әзірге 6000 үйдің бүлінгенін анықтадық, – дейді В.Беккер.
Төтенше жағдайлар комитетінің деректеріне қарағанда, саперлік бөлімшелерден 1287 адам 80 топқа бөлініп, Арыс аумағын тазартып жатыр. Бүгінге дейін 11 400 оқ-дәрі мен бөлшек табылған. Оған қоса, арыстықтарға снаряд бөлшектері кездессе, не істеу керектігі жаппай түсіндірілген. Оның да себебі бар, өйткені саперлік жұмыстар кезінде темір жол бойынан іске қосылған күйі жарылмай қалған жарылғыш зат табылған.
– Темір жол тораптарын тазарту кезінде мамандар жарылмаған снаряд тауып алды. Жарылмады дегеніңіз болмаса, өздігінен іске қосылып қалған. Мұны көрген саперлердің өздері де қатты таңғалды, – деді В.Беккер.