Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Батыс Қазақстан облысында киік аулау тыйылмай тұр

956 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық полиция қызметкерлері «Охотзоопром» РМК инспекторларымен бірге Жәнібек ауданында «заңсыз ақбөкен аулады» деген күдікпен бірнеше тұрғынды ұстады.

Батыс Қазақстан облысында киік аулау тыйылмай тұр

Мәселен, маусымның 23-і күні таңғы сағат 10.30 шамасында Ақоба ауылдық округіне қарасты Мәңгүр және Дружба малшы қыстақтарының аралығынан, Адайбай су қоймасының жанынан ақбөкеннің 4 өлі денесі табылған.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа кінәлі деген күдікпен Жәнібек ауданының 40 және 28 жастағы қос тұрғыны тұтқындалды.

Оқиға орнынан 12 калибрлі «ИЖ-54» қосауыз мылтығы, 5 патрон және екі велосипед табылған.

Қазір осы оқиға бойынша Жәнібек аудандық полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337 бабы, 4 бөлігі және 339 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Өкінішке қарай, Жәнібекте мұндай оқиға жиі қайталанып тұр. Маусымның 25-і күні де осы ауданның Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Астаусалған малшы қыстағы маңынан полиция қызметкерлері мен «Охотзоопром» инспекторлары 1973 жылы туған азаматты ұстаған. Өйткені ол мотоцикліне екі киіктің денесін салып алған екен. Тінту жүргізгенде мотоцикл бесігінен 4 мүйіз, пышақ, 12 калибрлі қосауыз мылтық және патрондар шыққан.

Бұл оқиға бойынша да сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Сараптамалар тағайындалған.

Айта кетейік, 2019 жылғы әуе санағының нәтижесінде Қазақстанда 334 400 басқа жеткені хабарланған болатын. Соның ішінде Үстірт аймағында – 5900, Бетбақдала өңірінде – 111500 бас киік болса, Орал популяциясындағы ақбөкен саны – 217 мың басқа жеткені айтылған. 


Батыс Қазақстан