«Қорғас ісі». Сең қозғалды…
Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:39
Қазіргі күні «Қорғас» бекеті десе жұрттың бәрі елең ете қалатын болды. Ондағы кезінде ел-жұртты дүрліктірген келеңсіздіктер дүмпуі әлі басылар емес. Дегенмен, қылмыскерлерге «Қорғас» қорған болудан қалып бара жатқан секілді. Себебі, енді атышулы «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізіп, ақша табу амалы әзірге алыстай түскен көрінеді. Оған жақында еліміздің Бас прокуратурасының арнайы прокурорының жетекшілігімен «Қорғас» қылмыстық ісінің тергелуі аяқталып, айыптау қорытындысымен Алматы қаласының прокурорына жолданғаны айғақ болып тұр.
Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:39
Қазіргі күні «Қорғас» бекеті десе жұрттың бәрі елең ете қалатын болды. Ондағы кезінде ел-жұртты дүрліктірген келеңсіздіктер дүмпуі әлі басылар емес. Дегенмен, қылмыскерлерге «Қорғас» қорған болудан қалып бара жатқан секілді. Себебі, енді атышулы «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізіп, ақша табу амалы әзірге алыстай түскен көрінеді. Оған жақында еліміздің Бас прокуратурасының арнайы прокурорының жетекшілігімен «Қорғас» қылмыстық ісінің тергелуі аяқталып, айыптау қорытындысымен Алматы қаласының прокурорына жолданғаны айғақ болып тұр.
Соған орай Алматы қаласының прокуроры айыптау қорытындысын бекіткеннен кейін іс Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотына қарау үшін жолданғанын хабарлады. Айыпталушыларға және олардың қорғаушыларына көлемі 35 томды құрайтын айыптау қорытындылары табыс етіліпті. Ал сотқа түскен қылмыстық істердің көлемі 1576 томды құрайды.
Сөйтіп, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар департаментінің бастығы Ұ. Патсаевтың айтуынша, тергеу барысында ұлттық қауіпсіздік және кедендік бақылау органдарының лауазымды тұлғалары қолдау көрсеткен ұйымдасқан топтың қылмыстық жолы ашылған. Олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды кедергісіз өткізуді қамтамасыз еткен.
Қытайдан Қазақстанға тауарларды контрабандалық жолмен кіргізу, қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражатты алу және заңдастырудың амалы ашылып, айыпты тұлғалар анықталды. Кеден органдарының қорытындысы бойынша 2011 жылы әкелінген және ұсталған контрабандалық жүктің құны 1,5 млрд. теңгені құраған.
Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың бақылауындағы 34 кәсіпорын анықталды, олар жасанды тұлғалардың атына рәсімделген және олардың мекенжайына негізгі контрабандалық жүк ағымы жіберілген. Сондай-ақ, қылмыстық сызба бойынша құжаттарды рәсімдеген брокерлік компаниялар анықталыпты.
Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың 2 көшбасшысы және қылмыстық жолмен табылған қаражатты жинаған 3 кассир әшкереленді. Қылмыстық қауымдастықта атқарылатын рөлдеріне байланысты іс бойынша жауапкершілікке тартылып отырғандар арасынан жалған ілеспе және кедендік құжаттарды дайындаумен айналысып келген 6 брокер, контрабандалық жүкті алып жүру тобынан 8 адам, ҚХР-дан контрабандалық жүкті жіберуші 1 адам, кедендік бекеттерде жалған құжаттарды пайдалану арқылы контрабандалық жүкті кедендік тазартуды жүзеге асырған 8 айыпталушы анықталды.
Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық мүшелерінің қылмыстық жолмен табылған мүліктерін анықтау үшін атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 67 жылжымайтын мүлік нысанына, 162 автокөлікке, банк есеп-шоттарында, сейфтерде сақталған 69 млн. теңгеге, 1,5 млн. АҚШ долларына, 164 мың евроға, құны 1,5 млн. теңгені құрайтын алтынның 8 троя унциясына (284,828 грамм), құны 2,6 млн. теңгені құрайтын платинаның 10 троя унциясына (311,035 грамм), құны 1,1 млн. теңгені құрайтын палладийдің 10 троя унциясына (311,035 грамм) тоқтам салынды.
Сондай-ақ, айыпталушылардың тұрғын үйлерін тінту барысында 10,2 млн. теңге, 354 мың АҚШ доллары, 70 мың араб дирхамы, 52 мың ресей рублі, 61 мың қырғыз сомы, 5 мың ағылшын фунт стерлингі сомасындағы қолма-қол ақшалай қаражат, сондай-ақ ірі көлемдегі құнды заттар, яғни олардың ішінде белгілі өндірушілердің зергерлік бұйымдары, қол сағаттар және т.б. бәрі алынды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің және олардың қолдаушыларының заңсыз табылған қаражаттарын, жақын туыстары мен таныстары арқылы заңдастыру үшін пайдалану деректері анықталған.
Заңсыз табылған қаражатты заңдастыру компаниялар желісі арқылы, атап айтқанда, «ТАТ Кредит» кредиттік серіктестік» ЖШС арқылы жүргізілген, оның жетекшісі лауазымды тұлғалар енгізген ақшалай қаражаттың негізінде оларға Алматы және Астана қалаларындағы тұрғын-үй кешендеріндегі қымбат тұратын пәтерлер және басқа мүліктер сатып алуды, олардың және отбасы мүшелерінің карточкалық есеп-шоттарын толтыруды, шетелдік сапарларын төлеуді және т.б. қамтамасыз еткен.
Қазіргі уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін 45 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр, олардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 қызметкері, кеден қызметінің 15 қызметкері бар. Қылмыстық іс бойынша 42 айыпталушы тұтқындалды, 3 адамға қатысты «ешқайда кетпеу туралы қолхат алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, бөлек шығарылған қылмыстық іс бойынша 19 айыпталушыға іздеу жарияланған.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».