Аймақтар • 03 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстандағы аналар кеңесі акцияға үн қосты

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Арыстың балаларына» республикалық акцияға Қазақстан халқы облыстық ассамблея жанында жұмыс істейтін Аналар кеңесі алғашқылардың қатарында үн қосты.

Солтүстік Қазақстандағы аналар кеңесі акцияға үн қосты

Достық үйіне жекелеген адамдар, кәсіпкерлер келіп, көмек қолдарын созды. Олар  марафонға бір кісідей қатысып, Арыс қаласындағы жарылыстардан зардап шеккен балаларды бірінші қажетті заттармен қамтамасыз етуді ұйғарыпты.

Аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылованың айтуынша, қиын жағдайларда  ауыртпашылықты бірге көтерісу– қазақстандықтар үшін қалыптасқан дәстүр. Материалдық жанашырлықпен қатар моральдық жағынан да демеудің маңызы зор. Қайырымды жандардың қолдауы арқасында  15 шара өткізіліп,  мектеп, кеңсе тауарлары, оқу құралдары, ойыншықтар, киім-кешек молынан жиналған.  Оқушылар өңірдегі сауықтыру  лагерьлерінде де демалатын болады. Сонымен қатар жүзден астам хат-тілектер,бейнероликтер дайындалған.

1998 жылдан бері киім тігумен айналысып келе жатқан «Sens Fashion» компаниясының өнімдері үлкен сұранысқа ие. Түрлі қайырымдылық шаралардан да шет қалған емес. Осы жолы  арыстық оқушыларға арнап мектеп формаларын әзірлеп әкеліпті.

«Жүректері мейірімге толы адамдарды акцияға белсене қатысуға шақырамын. Кішкентай балақайлардың тілеуін тілеп, қуантудан асқан бақыт жоқ»,  дейді кәсіпорынның менеджері Людмила Климова.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Бақытжан Сәмиева Айыртау ауданында аналар кеңесінің көшпелі мәжілісін өткізіп, тұрғындар тарапынан акция қолдау тапқан. Сол сияқты Мамлют ауданындағы аналар кеңесі де игі іске белсене кірісіп кетті.

Солтүстік Қазақстан облысы