Әлемде еріктілер қозғалысы кең тараған. Мәселен, жыл сайын АҚШ халқының 25,3 пайызы, яғни 62,8 миллион азаматы волонтерлікпен айналысады. Ұлыбританияда 21 миллион халық. Әр елде, әр адамның бұл іспен айналысуындағы мүддесі де түрліше. Сондықтан кей еріктілерді қолдайтындар да аз емес. Айталық іргеміздегі Ресейде университетке құжат тапсыру барысында ерікті болып істеген белгілі сағаттары үшін мектеп түлектеріне қосымша балл қосып, бюджет есебінен оқуға түсуге мүмкіндік бере бастады. Ол үшін талапкердің қоғамдық өмірдегі белсенділігі туралы ақпарат беретін «еріктінің жеке құжаты» енгізілген. Дәл осындай құжат Молдова Республикасында да бар. Батыстың кейбір университеттерінде оқуға түсерде ерікті ретінде қоғамға пайдаңды тигізу – қойылатын негізгі талаптың бірі.
Елімізде бұған дейін еріктілер қозғалысы түрлі сипатта дамыды. Кейбірі шағын ұйымдар ретінде өмір сүрді. Олар табиғатқа қамқорлық жасады, далада қалған жануарларды емдеп, қайырымды жандардың қолына тапсыруға тырысты. Сондай-ақ соңғы жылдары апат кезінде жаппай халықтық көмек ұйымдастырылды. Қызылағашты, Орталық және Шығыс Қазақстанды су алғанда көпшілік көмегін беруге талпынды. Алайда бұл саланы заңмен реттеу қажет болатын. Себебі құқықтық тұрғыда ерікті деген нақты мәртебесі жоқ, оның еңбегі ескерілмейтін тұлға еді. 2016 жылы 30 желтоқсанда «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес, 18-ге толған кез келген азамат волонтер бола алады, бірақ 14 пен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ата-анасының жазбаша рұқсаты керек. Дегенмен, бұл заң әлі де көптеген сұрақтарға жауап бермеді. Жоғарыда айтылған, «волонтердің төлқұжаты», олардың құқығы, оларды қолдау механизмдері көрсетілмеді.
Волонтерлік қызмет жүйесі толық реттелмесе де, бүгінде қоғамдық, әлеуметтік өмірде белсенділік танытып жатқан отандастарымыз баршылық. Елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға арналған 5 орталық жұмыс істейді. Қазақстандағы алғашқы еріктілер 2005 жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көріне бастады. 2010 жылдың өзінде аталған бағдарлама аясында 114 мың адам қоғамдық іс-шараларға жұмылдырылған.
Арыста апат болғанда өз азаматтарымыз да көмек беруден шет қалмапты. Түркістан облысы әкімдігінің өкілі Мұхтар Сейітжапбаров Арыс халқына көмектесуге жиналған еріктілер саны шамамен 500-ге жеткенін айтады. «Еріктілердің барлығы тіркеліп жатқан жоқ, сондықтан нақты санын айту мүмкін емес. Кеше Атырау облысынан екі ерікті қосылды. Ертең Жамбыл облысынан 50, Қызылорда облысынан 40 адам келеді», дейді ол.
«Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязованың айтуынша, сол күні-ақ ұйым Алматыда Depo Evolutuion Park деп аталатын көмек жинау орталығының жұмысын бастаған. Еріктілерге Алматы қаласының тұрғындары 560,5 кило азық-түлік пен 900 мың теңге жинаған. Айсұлу Ерниязова алдағы күндері еріктілер қозғалысынан 30 адам Арысқа аттанатынын мәлімдеді. Бұл қазіргі мәліметтер ғана. Ал сол 24 маусым күні оңтүстік өңірдегі, Шымкент қаласындағы талай тұрғын арыстықтарды үйіне кіргізіп, азығын апарып, «халықтық волонтерлік» танытты.
Еріктілік – азаматтық қоғамның дамуының бір көрінісі. Себебі ерікті түрде барымен бөлісіп, қолынан келген көмекті көрсету адамның тұлға ретінде жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Осындайда Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы еске түседі. Батыс әлемінің тәжірибесіне қарасақ, қоғамның әл-ауқаты артып, демократиялық институттар қалыпты жұмысты істеп, қауіпсіздік деңгейі жоғары болғанда, волонтерлік қозғалыс та қоғамдық сипат алған. Яғни, еріктілік аяқасты өршіп кетпейді. Оның дамуы үшін де белгілі қоғамдық шарттар бар екен. Бәлкім жақын аралықта сенбі не жексенбіде, қол босаған уақытта ерікті болып, қажет жандарға, жан-жануарға, табиғатқа қолұшын беру біздің азаматтарға да қалыпты жағдайға айналар. Ал сіз ерікті болуға дайынсыз ба?