Министр, биыл 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға өскенін және ол 1 миллионнан астам адамды қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол «Еңбек» бағдарламасы толығымен орындалғанын сабақтай келіп, 400 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа тартылғанын айтты.
– 14 мың адамға шағын несие беріліп, 3 мыңға жуық азамат грант иеленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақстандықтарды оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған әрі көп балалы отбасыларды, жарымжан жандарды қолдап, жұмыспен қамту үшін қосымша грант бөлдік. Бүгінгі нақтыланған бюджет бойынша гранттарды 23 мыңға көбейтеміз. Оған – 12 млрд теңге бөлінеді. Микронесие 20 млрд, қысқа мерзімді оқытуға – 13 млрд, сондай-ақ «Бизнес Бастау» бағдарламасына 3 млрд теңге қарастырылмақ. Ал оңтүстік аймақтардан тұрғындарды солтүстік өңірге көшіру үшін қосымша 3 млрд қаражат аударылды, – деді сала министрі.
Еңбек дауларының алдын алу мақсатында жауапты ведомство еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасын әзірлеп жатыр екен. Б.Сапарбаев бұл көптеген түйткілді проблемаларды реттеуге септесетініне сенімді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 160 мың отандасымызға 37 млрд теңгенің көлемінде көмек көрсетілгенін жіпке тізді. Бұған қоса спикер көші-қон саясаты да қарқынды жүріп жатқанын, сырттағы қандастарды елге қайтару бойынша жұмыстар жалғасын тапқанын хабардар етті. Биыл 6 мың қандасымызға тарихи Отанына оралу бағы бұйырыпты.
Сала басшысы үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 285,7 мың отбасы немесе 1,4 миллион қазақстандық қамтылғанын нақтылады.
Ол 100 мың азаматқа берілетін жәрдемақының мөлшері 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін ұлғаятынын мәлімдеді.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,