Экономика • 04 Шілде, 2019

136 үй жөнделді

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кешегі жағдай бойынша, Арыс қаласында 136 тұрғын үй қал­пына келтірілді. Тағы 571 үйді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

136 үй жөнделді

Қаладағы үйлердің 85%-ы жөн­деуді қажет етеді. Қазір онда жұмыс істеп жатқан құрылыс компания­ларының саны 118-ге жетті. Ауқымды іске 1546 құрылысшы мен 86 арнайы техника тартылды.

Вице-министр Қайырбек Өскен­баев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында. Апат аймағындағы бар­лық үйлер бақылауға алынып, жұ­мыс­қа күнделікті мониторинг жасалып отырады.

– Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақы­лау­ға алдық. Егер тіпті желдет­кіш немесе терезенің әйнегі сынған болса да барлығын ескердік, жөн­делуге тиіс нысан ретінде тіркеуге алдық. Кейбір үйлерді бұзып, қайта салу керек. Қазір шығын сомасын және қалпына кел­тіру үшін қажетті қаражатты анықтау мақсатында бағалау жүргіземіз, – деді Қайырбек Өскенбаев.

Арыс 17 секторға бөлініп, олар елі­міздің барлық өңірлері мен респуб­ликалық маңызы бар қала­ларға бекітіп берілген. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19.00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.

Сондай-ақ қалада барлық бұзыл­ған инфрақұрылымды: инженерлік коммуникациялар мен жолдарды қайта құру жұмыстарына Үкімет резервінен қаражат бөлінді.