Қоғам • 05 Шілде, 2019

Жастардың жылы жемісті болуы тиіс

805 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жастардың дамуына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Бұған дейін жүзеге асқан жобалардың ішінде «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Серпін-2050» сынды бағдарламалар біршама оң нәтиже берді. Биылғы Жастар жылында да ауқымды шаралар жоспарланып, ұзақмерзімді бастамалардың тұсауы кесілді. Жастар жылын өткізуге арналған Жол картасында жастарды қол жетімді тұрғын үймен қамтамасыз етіп, білім көкжиегін дамытуға жол ашып, жұмысқа орналасу мәселесін оңтайландыру, кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу сынды міндеттер жан-жақты қарастырылған.

Жастардың жылы  жемісті болуы тиіс

5 жылда – 1,8 млн жас маман

Таяуда Үкіметтің баспасөз орталығында Жастар жылын өткізу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова биыл атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырып, қандай салаларға басымдық берілетінін кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде жастардың саны 3,8 млн-ды құрайды. Оның ішінде қалалық жастардың саны 2,2 млн болса, ауылдық жерде 1,6 млн жас тұрады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарда 586 661 адам оқыса, колледждерде 488 712 жас білім алады.

Ресми мәліметке сүйенсек, еліміздегі еңбекке қабілетті жас­тардың саны – 2,2 млн. Олардың ішінде негізгі жұмыс күші 15 пен 28 жас аралығындағы жастарға түседі екен. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 млн адам. Бұл ретте 1,6 млн адам жалдамалы қызметкер болып жұмыс істесе, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны – 492 мың.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатиннің айтуынша, сауда және сервис саласы бойынша жұмыс істейтін жастардың үлесі – 19,3 пайыз, білім саласында – 11,5 па­йыз, ауылшаруашылығы саласында – 11,2 пайыз, өнеркәсіп саласындағы үлес 11,1 пайызды құрайды. Ал елдегі жалпы жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз.

Халықты жұмыспен қамту де­партаментінің директоры салыс­тырмалы түрде бұл көрсеткіштің Еуропада – 7,7 пайыз, Испанияда – 32,6 пайыз, Грецияда – 39,1 па­йыз, Италияда – 33 пайыз екенін жеткізді. Десе де дамыған елдерге қарағанда көрсеткіш төмен деп тоқмейілсінуге болмайтыны түсінікті. Себебі, жылдан жылға жұмыссыздық деңгейі артып барады. Елімізде 84 мың жас екі қолға бір күрек таба алмай жүрсе, 37 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер санатында.

− Биылғы жылдың 1-тоқса­нында жастар арасындағы ең жо­ғарғы жұмыссыздық деңгейі Алматы қаласында тіркелді (6,4%). Солтүстік Қазақстан облысында, Қарағанды облысында – 5,7%. Жұмыспен қамту және «Еңбек» бағдарламасы аясында іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл бағдарлама 253 мың адамды қамтыды. 19 мың адам тегін оқытылса, қысқа курспен 16 мың адам қамтылады, – деді департамент директоры.

Оның айтуынша, өз кәсібін ашу үшін 2 мың жас шағын несие алса, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 85 мың адам оқытылған. Е.Абулхатинның 2017-2018 жылдары ЖОО бітірген түлектердің ішінде 15-28 жас аралығындағы ауыл шаруашылығы саласында жұмысқа тұрғандар саны айтарлықтай кемігенін айтты. Ал экономиканың басқа салаларында керісінше өсім байқалады.

− Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс үш топқа ерек­ше назар аударғым келеді. Бі­ріншіден, жыл сайын шамамен 300 мың түлек еңбек нарығына шы­ғады. Алдағы 5 жылда еңбек на­рығына қосымша 1,8 млн жас­ маман келеді деген болжам бар. Ендігі кезекте біз осы мамандарды толықтай жұмыспен қамту мәселесін шешуіміз қа­жет. Екінші топқа орта білім ал­ған, жұмыспен қамтылған жас­тар, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен кем жастар, мүм­кіндігі шектеулі жастарды жатқызуға болады. Мұндай әлеу­меттік осал топқа жататын жас­тардың саны – 900 мың. Үшін­ші топқа жұмыс істемейтін, оқы­майтын, біліктілігін көтеруге ние­тсіз NEET санатындағы жас­тарды жатқызуға болады. Олар­дың саны – 300 мың адам. Мұн­дай топқа жататын 15-28 жас ара­лығындағы жастардың үлесі 7,6 пайызды құрайды. Биылғы жастар жылы қарсаңында NEET санатындағы жастармен күрес жұмыстары қарқын алмақ, – деді Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры. Осы ретте, мемлекет тарапынан жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша ауқымды шаралар жүргізіліп келеді.

− Биыл Ұлттық біріңғай тес­­тілеуден өтпей қалғандар ер­­тең жұмыссыздар ретінде тір­келеді. Әрине, Үкімет оларды да­лада қалдырмайды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес алғашқы техникалық білім беру бойынша биыл 21 мың адамды тегін оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе бойынша 2 жарым жыл оқып, техникалық саланың маманы болуға мүм­кін­дік қарастырылған,– деді Е.Абулхатин.

Осы ретте еліміздегі жастар­дың жиі жұмыс ауыстыруының себебін де сұраған едік. Депар­тамент директорының айтуынша, жастардың жұмыс берушілерге қоятын талаптары жоғары. Оны екінші тарап өтей алмағандықтан ауыс-түйіс жиі орнайды. Оның үстіне қазіргі жас буын аз уақытта өзіне ауқымды міндет, мақсат қоюға бейім. Бұл бір жағынан дұрыс әрі заманға бейімделудің көрінісі екенін айтады.

Волонтер студенттің стипендиясы көбеймек

Үкімет жыл басында Жастар жылын өт­кі­зу жөніндегі Жол кар­тасын қабыл­дады. Жол картасы 89 тармақтан, 4 блоктан және 5 бағыттан тұ­рады. Жал­пы, Жастар жылын өткізуге мемлекеттік бюджет­тен 24,6 млрд теңге қарасты­рыл­ған болатын. Бұл қа­ра­жатқа қандай шаруалар атқарылмақ? Картаға кір­ген ілкімді жобалардың қан­дай мақсатта іске асатынын Ақ­­­парат және қоғамдық да­му вице-министрі Жұлдыз Омар­бековадан сұрап білдік.

− Бұған дейін Жастар жы­лы деп желеулеген форумдар кө­бейіп кетті, нақты жастарға қа­тысты қандай түйіткілдер оң ше­шім табады?» деген сауалдар ай­тылып жатыр. Жол картасында көр­­сетілген 89 тармақтың 5-еуі фо­рум­дарға қатысты. Оның бірі Жастар жылының ашылуы, одан кейін мамыр айында Қос­танай қаласында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаты­суымен мыңнан астам жастардың басын біріктірген волонтерлер форум өтті. Форумның нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтерлер жы­лы» деп атауды қолдайтынын біл­дірді. Сонымен қатар күні кеше Көкшенің көрікті өлкесі Зе­ренді ауданында «ZEREN» жазғы білім беру лагерінің ашылғанын білесіз. «ZEREN» жазғы білім беру лагерінің негізгі мақсаты креативті жастардың әлеуетін біріктіру,– деді вице-министр.

Оның айтуынша, биыл жас­тардың білім көкжиегін ке­ңей­туге басымдық берілмек.

− Президенттің «5 әлеуметтік бастамасы» аясында білім бе­ру саласына қосымша 20 мың грант­тың бөлінуі және сту­денттерді жатақханамен қамту мәселесі жас­тар үшін үлкен қуаныш болды. Сондай-ақ Жастар жылында жастардың білім алып, білікті маман атануына, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау үшін «Жас маман» жобасы іске асырыла басталды. Жоба аясында 20 жоғары оқу орны мен 180 колледж заманға сай жабдықталып, 210 мың білікті маман даярлау, жоғары оқу орындары және колледж студенттерін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделуде. Сонымен қатар волонтерлік қыз­метпен айналысатын студент­тердің стипендиясын 30%-ға кө­теру қарастырылды, − деді Ж.Омарбекова.

Тағы бір жаңалық, ерікті қоғамдық жұмысқа араласқысы келген студенттерге арналған сайт 1 қыркүйектен бастап іс­ке қосылады. Онда қызмет са­ла­сын (жетім балаларға, мү­гедек балаларға көмектесу, қан­дай да бір қайырымдылық ұйым­дарының жұмысына атсалысу) таңдағаннан кейін ваучер алады. Сол арқылы оқу ақысын төлеуге мүмкіндіктері бар. Жеке меншік, мемлекеттік университетте бі­лім алып жатқан әрбір студент бұл жобаға қатысуға құқылы. Ерік­тілер таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсынылады. Ерікті екі кредитті ваучерге 20 мың теңге алып, тисті бағдарламаны орындайды. 5 кредитті бағдарлама бойынша екі кредитке қарағанда көбірек жұмыс істеуге тура келеді екен. Жалпы бұл бағдарламаға 50 мың студент қамтылады деп жоспарланған.


Баспанаға құжат қабылдау қыркүйекте басталады

Биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған кезде үйсіз-күйсіз жүрген жастардың баспана шырғалаңы Үкіметтің құлағына жетеді деген ой қылаң берді. Көп ұзамай, жұмыс істейтін жастарға арналған Жол картасында сатып алу құқығынсыз жал­ға берілетін пәтер салу ту­­ралы ұсыныс енгізіліп, ма­құл­данды. Жастар жылы ая­сын­да 2021 жылға дейін Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларында жұмыс істейтін аза­маттарға үш мың пәтер беру жос­парланып отыр.

− Шын мәнісінде жастардың баспанамен қамтылуы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұған дейін, жастар мен жас от­басылардың баспаналы болу мәселесі де мемлекет та­ра­­­пынан қолдау тапты. Яғни­ «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі­нің» 2012 жылы қолға алған «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы екі бірдей бағытта жүзеге асырылса, соның бірі – «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» жобасы. Мемлекет тарапынан баспана­мен қамту үшін 2018 жылдан «7-20-25» бағдарламасы жұ­мыс жүргізілуде. Жастар жы­лы аясында қабылданған Жол картасының негізгі бағыт­тары­ның бірі – баспанамен қам­тамасыз ету. Осыған байланысты, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағ­дар­ламасына өзгерістер мен то­­­лық­­тырулар енгізіліп, бекі­тілді. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Министр­лік бүгінгі күні жұмысшы жас­тарға жалға берілетін пәтерлер беру үшін қойылатын негізгі талаптар мен тетіктердің қағи­дасын әзірлеуде, оны 1 тамызға дейін бекіту көзделуде, – деді Ж.Омарбекова.

Оның айтуынша, жастардың үлесі басым Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 1000 пәтер беру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

− Ол пәтерлерді сатып ала алмайды. Біз жастарға буындарын бекітіп алғанша мүмкіндік бере­міз. Баспана алуға ақша жи­нау оңай емес. Әртүрлі мем­лекеттік бағдарлама болса да, ақша жинауың керек. Сон­дық­тан бұл бағдарлама бас­па­наға мұқтаж жастарға арналып отыр. Қыркүйек айында жастарға жалға берілетін тұр­ғын үй бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталады. Бағдарлама ережесі сайтымызда 1 тамызда жарияланады. Ең алдымен оған 29 жасқа дейінгі жастар қатысады. Егер отбасылы болса, асырауында мүгедек ата-аналары немесе мүгедек балалары болса, қосымша жеңілдіктерге ие болады. Жалға берілетін тұр­ғын үй үш жылдан бес жылға дейін беріледі. Жергілікті ат­қарушы билікпен және басқа да министрліктермен тағы да қарас­тырамыз, – Ж.Омарбекова.

Сондай-ақ вице-министр жал­ға үй алғысы келетін адамның тұрғын үй бағдарламаларының бірінде жинағы болуы тиіс екенін айтты. Жастарға салынған баспананы жалға алу бағасы ай сайын 10-12 мың теңге көлемінде. Басты шарттың бірі ТҚЖБ-дан шот ашу немесе қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысу міндетті. Бұл арқылы жалға алған жастардың өз үйлерін сатып алуға қаншалықты қам жасап жатқанын көрсетеді. Сөйтіп, 3-4 жылдың ішінде ипотекалық бағдарламаларға төленетін ал­ғашқы жарнаны жинап алуға болады, – деді вице-министр.


Аймақ жастарына көңіл аударылады

Елімізде жастардың жағ­дайын жасау, білім алу, жұмыс­қа орналасу және тағы басқа бағдарламалар туралы және елімізде жүргізіліп жатқан мем­ле­кеттік саясат және өскелең ұр­пақ­тың құндылықтары туралы хабардар болуы үшін өңірлерде 209-ға жуық жастардың ресурс­тық орталықтары жұмыс істейді. Ресурстық орталықтар жас­тар­­ды жұмысқа орналастыру және кәсіби бағдар беру, пси­хологиялық және құқықтық, инновациялық және кәсіпкерлік, волонтерлік қызметті дамыту бойынша кеңес береді. Жас отбасылармен жұмысты жүргізу, жас­тар ұйымдарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын жобалар мен бағдарламаларды әзір­леуге қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізеді.

− Жыл басынан бастап осы ресурстық орталықтарда 300 мыңнан астам жастар түрлі бағытта кеңес алды. Бүгінгі күні осы ресурстық орталықтарды Жас­тарға қызмет көрсету орта­лығы ретінде қайта құру жоспар­лануда. Аталған жұмыстар Ор­талықтардың жастармен бір терезе принципімен түрлі бағыттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Ж.Омарбекова.

Оның айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталықпен және жергілікті мемлекеттік органдармен бір­лесе отырып, талдаулар жүргі­зіледі. Соның нәтижесінде өңір­лерде жастардың елдің қоғам­дық-саяси өміріне қатысу дең­гейі төмен екені байқалған. Соны­мен қатар мәдени-демалыс ин­фрақұрылымының дамуы да кенже тартып тұр.

− Осыған байланысты, өңір­­­­лермен байланыс орнатылып, жұмыстар жүргізілуде. Ковор­кинг орталықтар, спорт ғимараттары, аула клубтары құрылуда. Барлық объектілер мем­лекет-жеке меншік әріптестік негізінде тұрғызылады. Бұл шара жастар саясаты саласында қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалауды жүргізуге, сондай-ақ республикалық дең­гейден жергілікті деңгейге дейін тиімді шешімдер қабыл­дауға мүмкіндік береді, – деді Ж.Омарбекова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қостанайда өткен «Қазақстан – Ресей жас­тарының ынтымақтастық форумында: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жас­тарымыз – дамудың қоз­ғаушы күші. Барлық мемлекеттік орган­дардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жа­сау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету қажет деген болатын. Биыл жастарды толғандырған мәселелер оң шешім тауып, ілкімді жобалар нәтиже береді деген үміт бар.