Қоғам • 05 Шілде, 2019

Қара металлургия саласының қара нары

1672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Теміртау индустриялық металлургияның орталығы ғана емес, еліміздің Тұңғыш Президенті еңбек еткен, Қазақстанның алғашқы ғарышкері шыққан жұлдызды қала болып есептеледі. Ерен жүйріктер қатарына Қазақстанның түсті металлургиясы дамуының қайнар көзінде тұрған алғашқы ізашарлардың бірі, ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нариман Қуанышқалиұлы Ішмұхамедовті жатқызуға болады. Нариман Ішмұхамедов – бұрынғы ЖТОО зауыт, қазіргі ҚарМИУ-дің болат өндірісі, ғылым мен педагогикалық қызметіне, оның қалыптасуы мен қарқынды дамуына көпжылғы еңбегін арнаған азамат. Көзі тірі болғанда биыл торқалы 90 жасқа келетін еді. Алайда, ол кісі көптеген шәкірті мен ізбасарының жарқын жадында қалды. Себебі жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деп дана халқымыз тегін айтпаған.

Қара металлургия саласының қара нары

Көп балалы отбасынан шыққан

Н.Қ.Ішмұхамедов 1929 жылдың 31 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауылында 13 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бауырларының төртеуі өмірлерін металлургиямен, қалғандары педагогикамен, медицинамен, мемлекеттік қызметпен байланыстырған. 1951 жылы Мәскеу болат және қорытпа институтын тәмамдаған соң жас маман еңбек жолын 1944 жылдың 31 желтоқсанында болаттың алғашқы қазақстандық қорытпасының 75 жылдығын тойлайтын Қазақ металлургиялық зауытында бастады. Алдымен ұста көмекшісі, ауысым бастығы, сонан соң Мартен цехы бастығының орынбасары қызметін атқарды.

1957 жылдың маусымында Қара­ғанды халық шаруашылығы кеңесінің ұйымдастырылуына байланысты Нариман Ішмұхамедов бас болат қорытушы болып тағайындалған кезде оның өндірістік тәжірибесі пайдаға асты. 1961-1965 жылдары Қарағанды кеңес халық шаруашылығының қара металлургия басқармасында бас инженердің орынбасары, өндірістік бөлімнің бастығы және бас инженері қызметтерін атқарды.

1965 жылы Алматыда «Казчермет» республикалық өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды, оның құрамына Қарағанды, Қазақ металлургиялық және Ақтөбе ферроқорытпа зауыт­тары, Соколов-Сарыбай және Ли­саковск кен-байыту комбинаттары, басқармалар мен құрылып жатқан өнеркәсіптердің бірқатары енді. Сол жылы Н.Қ.Ішмұхамедов «Казчермет» бастығының орынбасары, сонан соң бірлестіктің бас инженері болып та­ғайындалып, осы қызметте 1970 жыл­дың маусымына дейін жұмыс істеді.

Озық технологиялар, заманауи жабдықтар мен ғылыми зерттеулердің арқасында бұл жылдар елімізде кокс, шойын, болат, прокат, темір кенінің және тағы басқа өнімдердің айтарлықтай өсуімен ерекшеленді. Осы тұрғыда Н.Қ.Ішмұхамедов Қарағанды, сонан соң республикалық қара металлургия ҒТБ бірлестігін басқарған кездегі кәсіпорындардың ғы­лыми-техникалық жұмысы ма­ңызды рөл атқарды.


Қара металлургияның дамуына қосқан үлесі

«Казчермет» бірлестігі таратылған кезде Н.Қ.Ішмұхамедов 1970 жы­лы Карметкомбинат жанындағы ЖТОО зауы­тының ректоры болып тағайындалды, зауытты 1988 жылға дейін басқарған. Сол жылдан бастап металлургия және болат кафедрасының меңгерушісі, сонан соң аталған кафедраның профессоры болып еңбек етті. Н.Қ.Ішмұхамедов Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының металлургиялық сала­сының мамандарын дайындайтын ұстаханаға айналған ЖТОО-да 30 жылдай қызмет етті.

Осы уақытта Нариман Қуаныш­қали­ұлы КСРО металлургиялық ор­талықтарының керемет мамандарына, атақты ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне айналған көп­теген студент тәрбиелеп шығарды. Олардың көбісі, сонымен қатар қа­зіргі ҚМИУ-де қызмет ететін оқы­ту­шылар да Нариман Қуа­ныш­қа­ли­ұлы институттың мате­риал­ды-тех­никалық қорының дамуы мен ны­ғаюы­на, профессор-оқытушылық құ­рамның жоғары білікті ғылыми және педагогикалық деңгейінің құрылуына, жақын және алыс шетел­дердің ірі кәсіпорын­дары­мен және оқу орындарымен байланыс ор­натуға зор үлесін қосқандығын айтады.

Қарағанды облысы энциклопедия­сында Н.Қ.Ішмұхамедов көптеген ғылыми жұмыстың авторы екендігі айтылған. Ғалым 80-нен астам ғылыми еңбек пен өнертабыстың, оның ішінде 5 монографияның авторы. Оның мо­нографияларының соңғысы еліміздегі қара металлургияның қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңдеріне, соның ішінде инженер және ғылыми-педагогикалық мамандарды дайындау тарихына арналған. Ғылыми еңбектері болат балқытатын пеш едендеріндегі минерал түзілу, сонымен қатар фосфорлы шойынды қорғасынға айналдыру сияқты жұмыстармен тығыз байланысты.

Қара металлургияның дамуына, инженер мамандарын дайындауға қосқан үлесі және республиканың қоғамдық өміріне қатысқаны үшін Нариман Ішмұхамедов «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, «Қазақстанның ең­бек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағына ие болды.

Институттағы және өнеркә­сіп­те­гі әріптестері профессор Н.Ішмұхаме­довтің қарапайым­ды­лы­ғын, елге­зектігін, парасаттылығы мен өзіне деген талапшылдығын қатты ба­ғалайды. Осы материалдың авторы ретінде журналистік жұмыстарды жүргізу барысында Нариман Қуа­нышқалиұлымен кездесу кезінде мен де аталған қасиеттердің куәсі болдым. Жазушы О.Бальзактың: «Кез келген мамандықта нағыз суретшілер болады және олар тежелмейтін намысы, көркемдік сезімі мен қажымас табандылығымен сипатталады. Еш­қашан олардың ар-ұятын сатып ала алмайсың» деген сөздері бар. Қалалық ардагерлер кеңесінің жетекшісі, БжҚМИ бітірген металлургия ардагері Бірлікбай Ордабаев, сонымен қатар он жылдан астам ректор Ішмұхамедовпен бірге кафедра меңгерушісі қызметін атқарған Зейнеп Байбосынова: «Бұл сөздер біздің Нариман Қуанышқалиұлы туралы арнайы айтылған сияқты», деп пайымдайды. Олардың ҚМИУ-дағы әріптестері, ЖТОО-ның көптеген түлегі Н.Ішмұхамедовті біртума адам, жоғары білікті, өз ісіне адал, талапшыл маман және қамқор жетекші ретінде жадыларында мәңгілік сақ­тады. Олар профессор Нариман Іш­мұхамедовтің ұрпақтары оның жарқын бейнесіне тиісті баға беріп, Теміртаудағы ҚМИУ-ге оның есімін беру қажет деп есептейді.


Елена ЛАХНО