Қазақстан • 05 Шілде, 2019

Темір жол билетін алыпсатарларға тосқауыл қойылды

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2019 жылдың 1 шілдесінен бастап «Жолаушылар тасы­малы» АҚ электронды жол құжатын сату жүйесін же­тіл­­дір­ді. Билеттерді сатудың автоматты жүйесі адам фак­­­то­рын азайту мақсатында айтарлықтай өзгерістерге ұшы­рады.

Темір жол билетін алыпсатарларға тосқауыл қойылды

Нақтырақ айтар болсақ, би­лет­терді сатуда алаяқ­тық­тың жолы кесіліп, яғни аң­дып отырып босаған билетті «ұстап алу» енді мүмкін бол­майды.

«1 шілдеден бас­тап билет сату жүйесінің дамыған түрі пай­да­ла­нылып жатыр. Жаңа жүйе­нің басты ерекшелігі – бұл алып­сатарларға қарсы қойылған бөгет. Екі аптадан кейін алғашқы нәтижелерін бағалайтын боламыз», дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Оның айтуынша, «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-на қарасты 233 касса болса, билет сататын жекеменшік 4500-ден астам касса және тағы 4000-нан астам өз бетінше қызмет ететін терминал бар екен. Сонымен қатар он шақты интернет ресурс та билет сатумен айналысады. Бұлардың ішінде комиссиясыз билет сататын ресми epay.rail­ways.kz және bilet.railways.kz сайт­тары бар.

«Жүйенің жұмыс істеу прин­ципіне тоқталар болсақ, егер кассир отыз секундтың ішін­де бес рет қатарынан бір тип­ті, яғни бір бағыттағы би­летті іздесе, онда оның кассасы бес минутқа жабылады. Үш рет тапсырыс берген кез­де жүйе ескерту жасайды. Де­мек, бір бағытта әр уақытта бір тапсырысты бере беруге болмайды. Бұл жүйе бұрын былай істейтін еді. Жеке кассаларда отырған кассирлер бір тапсырысты қайталап бере береді де, айналымға түскен бос билетті ұстап алады. Сосын оны алып өзінің сыбайласына сатып жіберіп, олар басқа бір құжаттармен бірнеше билет сатып алады да, артынан вокзалда жолаушыларға қымбатқа сатады. Енді жаңа жүйе бойынша мұндайға жол берілмейді», дейді Диас Ахметшәріп.

Жүйенің екінші артық­шы­­лығы – электронды күту кезегі. Егер белгілі бір бағыт­қа билет болмаса, жолаушы кассаға жүгініп, өзінің құ­жат­тарындағы мәліметтерді қал­дырып, электронды кезекке тұрады. Мұнда сіздің мәліметтеріңізді кейін кассир өзі өзгертіп басқа адамның мәліметтерін тіркей алмайды. Сіз кезекке тұрғаннан кейін аталған бағытта жаңа билеттер шығып жатса, жүйеден жо­лау­шының электронды адре­сіне автоматты түрде хабар­лама келеді. Екі сағаттың ішінде әлгі билет электронды кезекте кезегі келіп тұрған адам са­тып ала алады. Бір айта кетер­лігі, сіз билетті сатып алу үшін электронды кезекке тұр­ған кассаға баруыңыз мін­детті емес, кез келген билет сата­тын жерден ала бересіз.

Бұл жүйенің техникалық мәсе­­лелеріне жауапты қазақ­стан­­дық IT компания өкілі Мәдина Жаңа­баеваның айтуынша, билет сатумен айналысатын бірнеше мекеме бар. Солардың cатқан билеті билеттің бекітілген бағасымен бірдей екенін, яғни жолаушыны артық төлетпей жатқанын анықтау үшін жүйеден бағаны тексеріп, билеттің қашан және қайда рәсімделгенін де көруге болады. 

Сонымен қатар жүйеде алын­ған билеттерге анализ жасау қызметі де бар. Бұл да билет алып­сатарларының жолын кесетін құрал. Айталық, әлдебір адам біреуге билет сатып алып беру үшін үстіне ақша қосып сататын болса, жүйе оның бұл әрекеттерін танып, кейін құлыптап тас­тайды.


Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар