Аймақтар • 05 Шілде, 2019

Бурабай ауданында шаруа қожалықтары көбейіп келеді

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Бурабай ауданының бірнеше ауылын аралаудың сәті түскен еді. Арнайы баспасөз турының аясындағы сапарымызда жергілікті азаматтардың мал шаруашылығын өркендетіп жатқанына куә болдық.

Бурабай ауданында шаруа қожалықтары көбейіп келеді

Сапарда ел астанасын азық-түлік­пен қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген шаруа қожалықтарының жұмыс барысы таныстырылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қорының» демеуімен іске асып жатқан жобалар бү­гін­де бір­шама нәтиже беріп жатыр екен.

Мәселен, Бурабай ауданы, Кене­сары ауылында «Ырыс» бағдар­ламасы бойынша несие алып, «Омаров» сүт-тауарлы фермасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бар.

– Қазіргі уақытта сүтті бағыттағы 350 бас сиырым бар. Дайын сүтімізді сүт өңдейтін «Айна» ЖШС-на, «Көкшетау гормолзауытқа», «Milk Ptojekt», «Natige» серіктестіктерінің зауыттарына жеткіземіз. Олармен сүт жеткізу жөнінде бекіткен келісім­шарттарымыз бар. Жыл сайын сүт тапсыру көлемін де арттырып ке­леміз. Мемлекеттік қолдаудың ар­­қа­сында шаруашылығымыз өз дең­­гейін­де дамып жатыр. Ендігі жос­парым – мал басын көбейте түсу. Жақында қор 77 млн теңгеге берген өтінімімді мақұлдады. Бұл қаржыға сүтті бағыттағы голштин тұқымды сиыр сатып алуды жоспарлап отырмын, – дейді шаруашылық басшысы Серік Омаров. Ол несиенің пайыздық төлемінің тиімді әрі мерзімінің қо­лай­лы екенін де айта кетті.

Бүгінде кәсіпкер Серік Омаров 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудан әкімі Әлімжан Ахметовтің ай­туынша, осы бір ғана ауылдық округ­тің өзінде 25 шаруа қожалығы, 8 серіктестік жұмыс істейді екен.

Сапарымызды әрі қарай Бурабай ауданының Қымызынай ауылын­дағы «Айдын» шаруа қожалығында жал­ғас­тырдық. Табиғаты әсем өңірде орна­ласқан қожалық екен. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқы­лы жеңілдетілген несие алып, Слова­кия­дан симментал тұқымды ірі қара сатып әкелген.

– Қордың Ақмола облыстық филиалынан «Сыбаға» бағдарлама­сы бойынша 40 млн теңгеге жуық несие алған едім. Сол қаржыға Словакиядан 53 бас симментал тұ­қымды ірі қара мал, оған қоса мал азығын дайындайтын техника сатып алдым. Қордан алған несиенің көмегі үлкен болды. Енді осы малды аман-есен бағып, басын көбейту керек. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті,– дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Ташиков.

Шетелден әкелген малдардың тұқымы жақсы екенін, етті көп бере­ті­нін атап өтті.

– Мақсатымыз – малдың санын өсіріп қана қоймай, осы өңірге бе­йім­деу, сапасын жақсарту, – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар Бурабай ауданы, Қымызынай ауылындағы кәсіп­кер Алтай Кабдулиннің де шаруашы­лығы­мен таныстық. Кәсіпкер мал және құс шаруашылығын дамыту­ға бағытталған «Игілік» бағдар­ла­ма­сының игілігін көріп, қымыз өнді­румен айналысады. Айтуына қара­ғанда, сапалы дайындалған ұлттық сусынға сұраныс та жоғары көрінеді.

– «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қорынан» 6 млн теңге несие алып, оған 18 бас жылқы сатып ал­дым. Өзімнің биелерімді қосқанда қазір 36 бие сауып отырмыз. Күніне 120 литр қымыз дайындаймыз. Қымызға сұраныс көп. Ешқайда тасымай-ақ, тұтынушыларымыз өз­дері алып кетеді. Екі денсаулық сақ­тау мекемесімен келісімшартымыз бар,– дейді Алтай Кабдуллин.

Қордың Ақмола облыстық филиа­лының директорының орынбасары Абзал Кенжеғалиевтің айтуына қарағанда, биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 1 млрд 838 млн теңге ба­ғыт­тау жос­парланып отыр екен.

– «Сыбаға» бағдарламасы бо­йынша былтыр бас-аяғы 1 млрд 105 млн теңгенің 24 несиесі берілді. Кәсіпкерлер бұл ақшаға 1 541 бас ірі қара, түрлі техника мен мал азығын сатып алды. Ал биыл 625 бас ірі қара сатып алу үшін шаруаларға 537 млн теңге болатын 12 несие берілді. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жос­парлануда,– дейді ол.

Абзал Кенжеғалиев бұл бағдар­ламалардың өзіндік талаптары бар екенін айтты. Біріншіден, кәсіпкер ауыл тұрғыны болу керек. Екіншіден, жобаны іске асыратын қора-қопсысы болуы шарт. Несие алған адам ісін дөңгелеткенше, яғни екі жылға дейін оны төлеуден босатылады.

Қор ауылдағы кәсіпкерлікті да­мы­туға бағытталған бірқатар несие өнімдерін іске асырады. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыт­тағы мал шаруашылығымен айна­лы­сатын шаруа қожалықтарын қол­дауға арналған. Бағдарламаның мақ­саты – ірі қара мен ұсақ мал етін өндіру бойынша саладағы отан­дық экспорттың әлеуетін арттыру. Жыл­дық сыйақы мөлшері 4% болатын несие 15 жылға 70 миллион теңгеге дейін беріледі. Сыйақы мен негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі жеңілдетілген мерзім қарастырылған.

Қор өкілдерінің айтуынша, Ақ­мола облысында қаржыландыру жемісті жүріп жатыр деуге болады. Түрлі бағдарламалар бойынша, соның ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиемен қамтамасыз ету үшін өтінімдер қабылдануда. Осын­дай бағдарламалардың арқа­сында атакәсіпті дамытам деуші­лерге мүмкіндік әлі де көп.


Жанар ЕРБОЛ,

ЕҰУ студенті