Әлеуметтік бюджеттің әлеуеті зор
Жалпы отырыс жоғарғы палатаға Шымкент қаласынан сайланған Айгүл Қапбарованың ант беру рәсімімен басталды. Жаңа сенатор оң қолын Конституцияға қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!», деді. Сонан соң А.Қапбарова өзінің өтініші бойынша Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды.
А.Қапбарованың жұмыс барысында антына адал болатынына сенім білдірген Сенат Төрағасы күн тәртібіндегі заң жобасы бойынша баяндама жасау кезегін Ұлттық экономика министріне берді. Министр Руслан Дәленов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері жайында баяндады. Оның айтуынша, болжамды көрсеткіштер өсімі өнеркәсіпте – 1,6 пайыз, ауыл шаруашылығында – 6,2 пайыз, құрылыста – 3,7 пайыз және саудада 4,3 пайыз болады. Ал экспорт – 54,4 млрд АҚШ доллары, импорт 32,9 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов жоғарыда аталған заң жобасының Мемлекет басшысының өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу туралы тапсырмасына сәйкес 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау керектігін атап өтті. Осыған байланысты бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – халықтың тұтынушылық несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту. Бұл мақсатқа 89,2 млрд теңге қарастырылған. Екіншісі – жұмыспен қамту, аз қамтылған көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейту. Бұл салаға 138,6 млрд теңге бөлу көзделген.
Үшіншісі – Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту бағыты.
– Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталатын болады, – деді Ә.Смайылов.
Жалпы отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев сенаторларға еліміздің ақша-несие саясаты бойынша көрсеткіштері туралы баяндап берді.
Арысты қалпына келтіру – елдік мәселе
Сенатор Әли Бектаев жалпы отырыстағы негізгі баяндамашыларға Арыс қаласындағы нысандарды, тұрғын жайларды қалпына келтіруге, сондай-ақ басқа да қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған қаржы көздерін айтып беруді сұрады. Бұл сауал бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Арыс қаласына қажетті қаржы бойынша алдын ала есептеулерді жария етті.
– Арыс қаласы бойынша 1 шілдедегі алдын ала есептеулерге сәйкес төтенше жағдайдың салдарын жоюға 34,5 млрд теңге керек. Соның ішінде әрбір тұрғынға 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу үшін 4,5 млрд теңге қарастырылған. Оған қоса, Үкімет резервінен 2 млрд теңгеге, Түркістан облысы бюджетінен 1 млрд теңгеге және қайырымдылық көмек есебінен 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылады, – деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, Арыста 7 709 тұрғын үйді қалпына келтіру қажет. Оның ішінде қираған 49 үй бар. Оларға 19,2 млрд теңге керек. Оның 50 пайызы басқа өңірлердің бюджеті есебінен болады, ал қалған 50 пайызы Үкімет резервінен бөлінеді. Сонымен қатар 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 млрд теңге керек. Бұл тұрғыда 54 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт нысаны қамтылады. Оның 6 млрд теңгесін «Самұрық-Қазына» қоры бөледі және 1 млрд теңге бизнес қауымдастықтан келеді.
– Үкімет резервінен сумен және электр қуатымен, жылумен жабдықтау инфрақұрылымын жөндеу үшін 2,2 млрд теңге бөлінеді. 34 әкімшілік ғимарат үшін 1,7 млрд теңге керек, ол да Үкімет резервінен бөлінеді. Нәтижесінде, Үкімет резервінен 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 10,6 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» қорынан 6 млрд теңге, демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен 2,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Дегенмен, барлық тексеру және есептеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұл цифрлар өзгеруі мүмкін, – деп түсіндірді министр.
Сонымен бірге Арыс қаласының шағын және орта бизнесі үшін «Бәйтерек» холдингі тарапынан алты айлық жеңілдік кезеңімен 48 айға дейін бір пайыз мөлшерлеме бойынша 5 млн теңгеге дейін жеңілдік несие беріледі.
83 заң қабылданды
Бұл Сенаттың кезекті сессиясының соңғы жалпы отырысы болғандықтан Сенат Төрағасы жоғарғы палатаның жұмысының қорытындыларын жариялады.
Д.Назарбаева сессия барысында Сенаттың ауқымды жұмысы қарқынды әрі нәтижелі болғанын, осы кезеңде 83 маңызды заң жобасы жан-жақты пысықталып, қабылданғанын, қабылданған заңдар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, экономиканың жекелеген секторларындағы жағдайды жақсартуға бағытталғанын, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету Сенаттың күн тәртібінің негізгі бағыты болғанын, сессияда сенаторлар Үкіметке жүзден астам депутаттық сауал жолдағанын атап өтті.
– Жалпы мемлекеттік бағдарламалар мен Парламент қабылдаған заңдардың орындалуы ұдайы депутаттардың бақылауында болды. Сенатта мәслихат хатшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Кеңес жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру мен өңірлік дамудың өзекті мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізетін болады. Сонымен қатар Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының белсенді жұмысын атап өткен жөн. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша жаңа консультативтік-кеңесші орган – Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрылды, – деді Сенат Төрағасы.
Д.Назарбаева елімізде 9 маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін және Президенттің басты үш қағидаға негізделген – Елбасы саясатының сабақтастығына, Әділеттілік және Өрлеу бағдарламасына халық тарапынан зор қолдау болғанына тоқталды.
– Бұл тарихи масштабтағы оқиға. Ол біздің еліміздің экономикасына, саяси жүйесіне және қоғамдық қатынастар дамуының жаңа кезеңдеріне жол ашады. Президент Тоқаев: «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: мықты, өкілетті – Президент, ықпалды, қабілетті – Парламент, халыққа есеп беретін – Үкімет» – дегенді айтты. Біз Президенттің ықпалды Парламент пен халық алдында есеп беретін Үкімет деген сөздерін іс-әрекет жасау жөніндегі нұсқаулық деп түсінеміз, – деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Д.Назарбаева, одан әрі Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын ескере отырып, 2019 жылға арналған Сенаттың жұмыс жоспарын түзетуге, қажет болса, заң жобаларын әзірлеу мен қабылдауға бастамашылық жасауға, заңдардың орындалуын қадағалау үшін Үкімет мүшелерінің өз қызметі туралы есептерін тыңдау рәсімдерін толық көлемде пайдалануға, өзекті және резонанстық мәселелер бойынша парламенттік тыңдауды жиі өткізуге, аймақтармен жүйелі негізде маңызды мәселелер бойынша жұмыс жүргізуге, сенаторларға аймақтарды аралап, жергілікті мәслихаттармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуді жоспарлауға, Сенаттың қызметін барынша жария және ашық түрде жүзеге асыруға, қабылданған заңдардың сапасын арттыру үшін Сенатта ауқымды сарапшылар пулын құруға басымдық берілетінін атап өтті.
– Маусым айының басында Сенатта сөйлеген сөзінде біздің Құрметті Сенатор-Елбасы: «Біз бәріміз бір миссияны – елдің игілігі үшін қызмет етуді жүзеге асырып жүрміз», деді. Біздің Құрметті Сенатормен кездесуге, кеңес алуға және палата отырыстарына қатысуға шақыруға мүмкіндігіміз бар. Біз үшін бұл үлкен құрмет пен жауапкершілік, – деген Д.Назарбаева әріптестеріне табысты жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Сессияның жұмысы аяқталғанмен, депутаттардың қызметі жалғасатын болады. Сенаторлар парламенттік каникул кезеңінде өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын жинақтайды.
Жалпы отырыс соңында бір топ депутатқа ТМД Парламентаралық Ассамблеясының жоғары марапаттары тапсырылды.