04 Қаңтар, 2013

Таксист апай

317 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таксист апай

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:51

«Қазақстанда екі қолға бір күрек табылатын жұмыс көп, олардың тек жолын таба білу керек. Нарықтық экономика бізден адал еңбекпен қоғам үшін де, өзің үшін де қызмет етуді талап етіп отыр. Сондықтан баршаңызды еңбек етуге шақырамын».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Жұма, 4 қаңтар 2013 7:51

«Қазақстанда екі қолға бір күрек табылатын жұмыс көп, олардың тек жолын таба білу керек. Нарықтық экономика бізден адал еңбекпен қоғам үшін де, өзің үшін де қызмет етуді талап етіп отыр. Сондықтан баршаңызды еңбек етуге шақырамын».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласынан

___________________________

«Таксист» – Гүлшара Мың­бай­қызы…. Осы бір қара торы жүзді, орта бойлы, ширақ қимылды, кімді де болса күлімдей қарсы алатын егде тартқан әйел адамды тек Маңғыстау ауда­нындағылар емес, облыс өңірінің де адамдары жиі көреді. Таныс. Өйткені, ол Маңғыстаудың түкпір-түкпірін қысы-жазы шарлап жүр. Жо­лау­­шылар қайда қаласа сол жаққа тез жүре береді. «Әйелдің автомашинаға әлі келмейді», деген пікір өзін ақтамағалы қашан. Ал мамандардың айтуы бойынша, олар нағыз ұқыпты жүргізушілер.

Ол жігіттердің қимылына тән болмысымен жол үстінде зау­лап келе жатады. Жасы жаса­мыс тартса да жігері отты, қайраты мығым. Осыдан он жыл бұрын таксист болғанда қайсы біреулердің: «Мына Гүлшараға не болған, басқа кәсіп таппағандай…» деп пыш-пыш әңгімеге арқау қыл­ды. Расында да, бүкіл ауданда «шап­қылап» жүрген жалғыз ғана Гүлшара болды. Алғашында сол қи­мылымен көпті таңдандырғаны рас.

 Гүлшара көлікке отырғалы бері төрт жыл «Москвич 412», төрт жыл «Жигули 2106» көлігін жүргізіп тоздырған екен. Ал қазіргісі көк жасыл түсті «Опель» автомашинасы. Бұл жарықтық та бауырымен жер сызып, жұлдыздай ағып, әзір сыр берер емес. «Москвич» ескілікті дегенмен ыстық-суыққа бірдей болатын. Жол бойы бұзыла қалса «тұмсығынан» тартып о жер, бұ жерін жіппен байлап, әйтеуір бір қараға жеткеніміз де бар еді», деп кейіпкеріміз сөз арасында күліп қояды.

Иә, Гүлшараны көрген әйел­дер жағы өздерінің көлікті ерлерден кем жүргізбейтіндігіне мақтанатын көрінеді. Олар так­си қажет болған жағдайда әрине, ең алдымен осы құрбысын шақыр­тады.

– Уақытпен санаспай жол бойы жүргенде қауіптенбейсіз бе? – деп сұрадық біз.

– Жасыратыны жоқ, такси жүргізушілердің кездейсоқ оқыс оқиғаларға, көше кезген кей­бір бұзақылардың кесірінен түрлі қауіп-қатерге ұшырап жат­қандығы айтылып қалады. Соңғы жылдары мұндай келеңсіз жағ­дайлар Ақтау қаласында да орын алды. Сондықтан сақтық керек. Дегенмен, нәзік жандарды еске­ріп, тентектер де тезге келеді-ау деймін.

Маған ондайлар кезіккен емес. Жұмыс барысында масаңдау клиенттерді, төбелесіп жарақат алғандарды аракідік кездестірдім. Мен ондайларды алдап-сулап «балам» деп, «інішек» деп жетер жеріне жеткізіп тастаймын.

– Олар сізге жол ақысын төлей ме?

– Кейбіреуі төлемейді. «Құтырғаннан құтылған», деп жүре беретінім бар. Сосын мен қуанышты да, қайғылы да неше түрлі көңіл-күйдегі адамдармен сапарлас боламын. Ондайға әбден психолог болып алған сияқтымын. Қиналып отырған клиентке сәл де болса моральдық қолдау көрсетіп, ал қуанып келе жатқандардың жылы сезіміне ортақтасып отырамын. Айтпақшы, клиенттер үшін мен көбінесе машинамдағы Шәмшінің әндерін жіберіп, шетелдік айқай-ұйқай әндерді қосқан емеспін.

– Сіз мейрам күндері де жүре бересіз бе?

– Біз уақытпен санаспаймыз. Сенбі, жексенбі күндері жұмыстың нағыз қызатын кезі. Мұндайда «темір тұлпар» қаңтарулы жорыққа әзір тұрады. Былайғы күндері де демалыс жетеді, өз билігім өзімде ғой…

Гүлшара апай осы он жылдың ішінде бірде бір рет біреуді соғып кетіп немесе біреуге соғылып көрмеген. Себебі, ол жолда келе жатып, болып қалу ықтимал деген оқиғаны есепке алады. Алдында кетіп бара жатқан көлікті қуып жетіп, басып озбайды. Бұрылыс, қалтарыста өте сақ жүреді. Оның көлігі кей ретте қарлы боран, көктайғақта да жүреді. Жол қауіпсіздігі ережелерін бұзбайды. Ақтауда не Жаңаөзенде түн ішінде келе жатып, бағдаршамның «қызыл көзін» «құдай сақтасын, мезгілсіз уақытта кім бағып тұр дейсің» деп жолды кесіп өте шыққан емес. Ереже бұзу осындайлардан басталады ғой. Бірақ ол ел қатарлы орташа жылдамдықтан айнымайды.

– Алыс жолда машинаңыз сыр беріп, дөңгелегі жарылып қалса, не басқа бір кілтипаны болып жатса біреудің көмегін күтіп, тұрып қалмайсыз ба?

– Ешкімге де жалынбаймын. Машинада техникалық ақаудың болмауы үшін алдын-ала көлік жөндеу шеберханасына барып, жиі-жиі тексертіп тұрамын.

– Гүлшара апай, енді отбасыңыз туралы айтсаңыз.

– Құдай берген адаммын. Төрт қыз, үш ұлым бар. Екі балам үйленіп, шаңырақ көтерді. Үш қызым тұрмыс құрды. Бір балам қолымда. Кенже қызым Айнұр Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы университеттің студенті. Балаларым да және қыздарым да жоғары және арнаулы білім алды. Олар да техникаға үйірсек…

– Тағы бір сауал бар?

– Айта бер.

– Сіз домбыра тартып, ән салады деседі ғой?

– Мен өнер ордасы атанған Жыңғылды ауылының тумасымын. Ал бізде төрінде қара домбырасы тұрмаған үйді кездестірмейсіз. Біз Есір күйшінің ұрпақтарымыз. Ол бабамыз күй атасы, халық композиторы болған адам. Әкем Мыңбай да атақты күйші еді. 1957 жылы Мәскеудегі Жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік VI фестиваліне қатысқанын бұл күндері біреу білсе де, біреу білмейді.

Сөзге шешен, көңілді қалыптағы Гүлшара апайды мен ескерткішке суретке түсіріп алдым. Содан кейін ол кісі Форт-Шевченко қаласына тойға адамдар алып жүретінін айтып, рөлге отыра берді.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы.