Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Ұштаған – үлгі бола алатын үздік ауыл

3545 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ауыл тақырыбы – әр қазақтың жүрегінде, ал ауыл ахуалы – қоғамның күн тәртібінде. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, ауылдың жағдайы заманауи өмір сүруге қолайлы болып, тұрғындар жұмыспен қамтылып, мал шаруашылығын дөңгелетіп күнелтіс нәпақасын айыруға мүмкіндік беріп тұрса, бала оқыту, анау-мынау қажеттілігі болмаса, алтын қазығынан жібек бауын үзіп жіберіп, қалаға қарай түре көшейін деп отырған қазақ көрінбейді.

Ұштаған – үлгі бола алатын үздік ауыл

Бұл туралы, әсіресе, Маңғыстау ауданы­ның Ұштаған ауылына қатыс­ты айтуға болады. Тарихы қалың, 1928-30-жылдары ТОЗ негізінде құрыл­ған ауыл – тәуелсіздікпен бірге түлеп, дамудың тың жолын тапқан ауыл­дардың бірі. Шағын мектебінен «Заманымыздың заңғар жазушысы» атанған Әбіш Кекіл­бай аттестат алған Ұштаған – бү­гінде 2 мың­ға жуық тұрғынның құтты мекені. 

Ауылда орта мектеп, бала­бақ­­ша, дәрі­герлік амбулатория, мәде­ниет үйі, мектеп жанындағы интернат және «Қазтелеком», Қазпошта, «ҚазТрансГазАймақ», МРЭК, ІІБ-нің, «Жасыл әлем» ЖШС, «Дария» МКК бөлімшелері жұмыс істейді. Ауылға қарай мысықтабандап бет алған іргедегі сусыма құмның көшкіні қаупін тойтару маңызды жұмыстардың бірі болды. 2007 жылдан бастап «Алматы гео­графиялық институты» жүргізген зерттеу нәтижесінде 2009 жылы «Маң­ғыстау облысының табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» тапсырысымен «Жасыл ел» МКК құрылып, оның Ұш­тағандағы бөлімшесі арқылы құм сілем­дерін өсімдік жамылғысымен көмкеру жұмыстары жүргізіле бастады. Орталық бақтың шығыс, батыс бағыттарындағы аумақтарға қоршау, екпелерді егу, және өсімдік жамылғысын қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы көлемі 1330 га болатын аумаққа жылына 100 мың түпке дейін жүзген, сексеуіл, жыңғыл, басқа да бұта тектес өсімдіктер отырғызылады.

– Ақтөбе ауылдық округіне Ұшта­ған­мен бірге Жарма, Сазды ауылдары қарайды. Ауылдың ахуалын көтеру мемлекетіміздің алдына қойған басым бағыттарының бірі және Мем­ле­кет басшысының алдымызға тіке­лей қойып отырған тапсырмасы бол­ғандықтан, мүмкіндігімізше жасалуға тиісті нәрселерді жасауға тырысып келеміз. «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, шешімін таппай келген кейбір мәсе­лелер бүгінде оңғарылып, халық игілігіне ұсынылды. Ауылдық округ экономикасының негізін ауыл шаруа­шылығы секторы, соның ішінде мал шаруашылығы құрайды. Биыл 40 шаруа қожалығындағы мал 21 216 басты құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері биыл 25-ке жетіп, 13% өсім берді. Ауылымызда 1 мейрамхана, сонымен бірге 2 автомашиналарға газ құю орталығы,1 наубайхана жұмыс істеп тұр. Ауыл орталығында пластикалық бұйымдар жасайтын цех, автокөліктерге қызмет көрсететін жөндеу орталығы бар. Жалпы ауылымыздың инженерлік инфрақұрылымының ілгерлеуі жыл сайын байқалып келеді. Ауыл тұр­ғын үйлері мен әлеуметтік нысандар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ынан газбен, «Дария» МКК-дан сумен, МРЭК АҚ-ынан, «Дария» МКК-дан электр энергиясымен қамтамасыз етілген, – дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Жанбибі Молдашева. 

Алыстағы ауыл деген атты жамылып, өз-өзінен оқшауланып қалмай, жаңғыруға ұмтылған ауыл газбен, сумен және тоқпен толықтай қам­тылған. Ақ­төбе ауылдық округінде

«Балапан» бағ­дарламасы бойынша құ­рылысы 2015 жылы салынған 80 орын­дық нысан балабақшаға сұранысты толық қамтып отыр және мамандары жет­кілікті, балалардың тәрбиеленуіне мүм­кін­дігінше жағдай жасалған.

2015 жылы шілде айында мемлекет­тік «Саламатты Қазақстан» бағдарлама­сы аясында типтік жобадағы 40 орын­дық дәрі­герлік амбулатория салынып, пай­­да­лануға берілді. Амбулатория құра­мында 10 төсектік күндізгі бөлім бар, келушілерге 3 жоғары білімді дәрігер, терапевт, педиатр, гинеколог, 13 арнаулы орта білімді мейірбике қызмет көрсетеді. 

Бұдан он үш жыл бұрын пайдалануға берілген орта мектеп – «үлгі тұтарлық мек­тептер қайсы?» дегенде, алдымен ұсынылатын облыстағы алдыңғы қатар­лы мектептердің санатында. Мектеп жылыжайын гүлдендіріп, ауылдың өткен тарихы мен табиғатын, қарапайым еңбек адамынан бастап, ірі тұлғалары мен басшы-қосшыларына дейін түгендеген, әр жылдардағы мектеп түлектерін тізбелеген, киелі жерлер, тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы экспонаттар мен деректерді шоғырландырған өте бай мұражайды ауыл туралы үлкен кітап деуге болады. Табалдырығынан аттай қадам басып, қайта айналып шыққанда Ұштаған туралы кітап оқып бітіріп немесе деректі фильм көріп шыққандай, сондай-ақ аталған ауылдың әр жылдарда өмір сүрген тұрғындарымен тілдесіп шыққандай әсерде болдым. 

– 2016 жылы шағын Жарма елді мекеніне «Шөлтөбе – Ұштаған – Жарма» ба­ғытымен газ тартылды. 2016-2017 жылдары «Жол картасы», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларымен табанжол (тротуар), орталық бақты абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жұ­мыстары жүргізілді. Ауылдық округты аудан орталығымен байланыстыратын автомобиль жолына 1982 жылы ас­фа­льт төселген еді. Өткен жылы бас­талған Шетпе – Ұштаған тас жо­лының 60 шақырымы, ауылдық жол­дардың 4,8 шақырымына жөндеу жұмыс­тары биыл жалғасын табуда, – дейді ауыл әкімі. 

Ауыл бойынша жолаушылар тасымалдау Ұштаған – Шетпе – Ұштаған, Ұштаған – Ақтау – Ұштаған бағыттары бо­йынша жүзеге асырылады және тасы­малдаудың негізгі көлемін жеке кәсіп­керлер орындайды. 

Ауыл тұрғындары үшін басты мәсе­ленің бірі болып келген байланысқа қатысты күрмеу де шешімін тапты. Қазіргі таңда 240 сыйымдылықтағы АТС қондырғысы жұмыс істейді. 2012 жылы Ұштаған ауылына, 2014 жылы Жарма, Сазды елді мекендеріне «KCEII», «Beeline» ұялы байланыс операторлар қызметі қолданысқа беріл­ді. «DAMA» спутниктік байланыс орнатылып, ұшта­ғандықтар оптика-талшықты байланыс арқылы интернетпен қамтылған. 

Туған ауылына көмек беруді парыз санаған кәсіпкер түлектер – Сүлеймен Қоқанов халық игілігіне ауылдан мешіт салып берсе, Асылбек Жолдыбаев өз қаражатына ауылішілік 4,8 шақырым жолға асфальт төсеп, жерлестерін қуа­нышқа бөледі. Таяуда Асқар Өтеп­бер­генов атындағы орта мектептің 1982 жылы туған түлектері ауылдың орта­лық саябағына көркем безендірілген қақпа орнатты. Ауыл жастары бірін бірі толықтыратын демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Мысалы, 1978 жылы туған мектеп түлектері ауыл­дағы орталық алаңға ашық сахна ор­натса, 1980 жылы туғандар ауылдың кіре­берісіне айшықты ауыл атауын, 1981 жылы туған жастар кіреберіс қақпа, ал 1965 жылы туған мектеп түлектері орталық көшеге «Түлектер паркін» ұйымдастырып, ауылдың ажарын ашып, көшенің көркін кіргізді.

Ауыл әкімі іргелес ауылдың әлеу­меттік-экономикалық әлеуетінің артуына «Өзенмұнайгаз» АҚ, «СӨТБ» ЖШС, «Кезби» ЖШС сынды ком­паниялардың көмегі көп болған­дығын ризашылықпен атады. Аталған компания басшылығы ел үшін жасал­ған өтінішті аяқасты етпей Епік же­рінде жаңа фонтан қазып, мал басын өсуіне кедергі болып отырған су тап­шылығы мәселесін шешуге көмек қолын созумен қатар, Үштаған-Жаңа­өзен бағытында Желтимес тауынан жаңа жол салуға жәрдем берген. Жаңа жол аталмыш ауыл мен мұнайлы қала ара­сындағы қатынас қашықтығын 35 шақырымға қысқартуға қол жеткізді. 

Халқымызда «Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Облыстағы ауылға қатысты түрлі бай­қауларда тұрақты түрде топ жарып, атауы мақтаумен ауызға алынатын ауылға жур­налистік қызығушылықпен іссапарға барғанда бұл жетістіктің сырын табуға ұмтылдым. 2013 жылы «Үздік аула» облыстық телевизиялық байқауында үштағандық Ә.Нұрлыбаевтар отбасы бас жүлдеге ие болса, 2019 жылы Н.Нұрсебеповтер «Мерейлі отбасы» байқауында облыс бойынша 1 орынға ие болды. Ал Ақтөбе ауылдық округі 2006 жылғы «Үздік ауыл» облыстық конкурсының, 2017 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды. Көп нәрсе аудан орталығы Шетпеден 60 шақырым қашықтықта жатса да тірлігін тап-тұйнақтай етіп, ақшаң­қан үйлерін сәнмен сап түзетіп, түтіні түзу ұшқан ауылдың әкімі Жанбибі Тұрар­бекқызының іскерлігіне байланысты екендігі аян. Салыстырмалы түрде аудан орталығынан дәл осыншалықты қашықтықтағы өзге ауылдардың бір­қатарының тірлігінің кетеуі кетіп, то­қырауы тоқтаған емес, тіпті облыс ор­талығы Ақтау қаласымен қанаттасып жатқан кейбір ауылдар тұрғындарының айтар арыз-шағымы таусылған емес. Маңғыстау облысындағы жалғыз әйел әкім – әйел затының қалай ел басқарып, қалай халыққа адал қызмет ететіндігін бір өзі дәлелдеп келеді. Әрине, қалың халықтың көңілінен шыға қою қиын, әйтсе де оны халыққа қызмет етсем, елдің сенімін ақтасам деген ең биік мұрат қанаттандыратын секілді. 2010 жылы әкімдікке тағайындалып, 2013, 2017 жылдары сайлау бойынша қайтадан ауыл тізгінін қолына ұста­ған ол енді ауылда тұрмыстық қат­ты қалдықтардың қоршаған ортаға қолай­сыз әсерін болдырмаудың тиімді жолы ретінде полигон салу және ауылдың бар­лық үйлері орталықтанған су желі­сіне қосылғандықтан, тұрмыстық су қал­дықтарын жинақтау үшін кәріз су құбы­рын тарту мәселелерін шешуді мақсат етіп отыр. Жасаймын деген ниет болса, әр мәселенің шешімін табатыны анық. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың ауыл мәселесіне айрықша мән беріп, заманауи ауыл, қуатты өңірлер­ді қалыптастыруға бағыт бергенін, ауылды жерлерді кешенді түрде дамытып, заманауи өмірдің стандарттарына жақындату, алдыңғы кезекте ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға күш салу керектігін, сапалы автожолмен, ауызсумен қамтамасыз етіп, көгалдандыру жұмыстарын жолға қою қажеттігін тапсырған белгілі. Осы орайда өзінің үлгілі тірлігімен, көрікті бейнесімен, тазалығы, тұрмысы бір-біріне жарасымды үйлескен Ұштаған ауылы мен оның әкімінің жоқтан бар жасап, елге болсын дейтін ниетпен жұмыс жасайтын іскерлігі өзге ауылдарға үлгі бола алады.

Сейсенбі күнгі жұмысты ауылдағы ардагердің үйіне бас сұғып, хал-жағ­дайын сұраумен бастаған әкім Ж.Мол­дашева ауыл аналары арасында байқау ұйымдастырып, алдыңғы орындарды иеленген екі әжені арнайы жолдамамен теңіз жағалауындағы «Сая» демалыс базасына аттандырып салды. 

Ал мен Ұштағаннан «Үлгілі ауыл» деген атауға шынайы лайықты ауыл екендігін, әйел әкімнің ауылды үйдей етіп ұстайтындығына көз жеткізіп, көңілім марқайып оралдым.