Руханият • 09 Шілде, 2019

«Еуразия» жүлдесін отандық режиссер алды

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елорда тұрғындары мен қонақтары һәм күллі Еуразия кино кеңістігі бір апта бойы демін ішіне тартып күткен халықаралық кинофестиваль мәресіне жетті.

«Еуразия» жүлдесін отандық режиссер алды

Иә, соңғы бір аптада Нұр-Сұлтан қаласы фильм тудырушылар, оны көпшілікке тарататын мамандар және киносүйер қауымның шығармашылық пікір мен үздік тәжірибе алмасу алаңына айналды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен үздік актер, режиссер мен жетекші продюсерлерді жинаған XV Ха­лықаралық «Еуразия» кинофес­тивалінің өткізілуі себеп.

Фестиваль бағдарламасы қаншалықты сан тарапты болса, қорытынды нәтижені күткен қауымның көңіл толқынысы мен ішкі арпалысы да алуан түрлі болды. Өйткені әр көрерменнің өз таңдауы болғанымен де, шешуші сөз – бәрібір қазылар алқасының құзырында. Ал шығарылған нәти­жемен мейлі қолдаңыз, мейлі қарсы шығыңыз, бәрібір келі­суге тура келеді. Себебі өнер – шексіздік десек те, жүлде – шектеулі. 

Салтанатты жиынды Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің құттықтау сөзімен ашып берді. 

– Міне, бүгін елорда күнімен және Жастар жылымен орайласып келген ХV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өз мә­ресіне жетіп отыр. Тамаша ки­но мерекесімен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Иә, шынымен де, фестивальдің жеті күні көптеген шығармашылық кездесулер мен жарқын оқиғаларға толы болды. Және осылардың ішіндегі кино мамандары мен көрермендер үшін ең маңыздысы – Еуразия құрлығының «мен» деген үздік киногерлерінің әртүрлі жанрдағы фильмдерін тамашалауға мүмкіндік алғаны. Алдағы уақытта да фестиваліміз одан әрі дамып, қанатын кеңге жая беруіне тілектеспін. Сондай-ақ айтулы өнер байқауының аясында шетелден келген мамандар және өзіміздің отандық кинематографистер бір-бірімен кәсіби тәжірибе алмасып, әлемнің үздік кино мамандары мен компаниялары арасында маңызды ресми құжаттарға, меморандумдарға қол қойылды. Болашақта да отандық киномызды дамытып, мәртебесін биік етуге бағытталған жемісті де жарқын жұмыстар жасала береді деп сенемін, – деп байқау қатысушылары мен қонақтарына құттықтау лебізін жеткізген министр фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі алдында Қазақ­станның халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа «Қазақстан кино­сының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын табыс етті. 

Ұлттық кинемато­графия­мыз­дың ардагерлерін елеулі ең­бегі үшін марапаттаған толқы­нысты сәтті одан әрі де жағым­ды жаңалықтар жалғады. Атап айт­сақ, фестивальдің бас серіктесі «Хабар» агенттігінің арнайы дипломдарымен – татар режиссері Юлия Захарованың «Халима» фильмі және режиссер Азиз Заи­ровтың «Қыз бен теңіз» кино­туын­дысы марапатталды. Ал «NETPAC таңдауы» байқаудан тыс бағдарламасының жүлдесі ресейлік «Алпауыт» («Дылда») лентасына бұйырды. Сыйлықты атақты қытайлық режиссер Се Фей тапсырды. 

Міне, сөйтіп қатысушыларды және жанкүйерлерді ұзақ күттір­ген негізгі байқаудың жеңім­паздарының есімі жарияланар толқынысты сәт те келіп жетті. Сал­танатты рәсім әуелі үздік қысқа метрлі фильмдерді марапаттаудан басталды. Аталған байқау бойынша Гран-при жүлдесі қытайлық «Жарқын күндер» кинолентасына бұйырды. Фильм режиссері Мария Хабулл Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығының атқарушы хатшысы Сергей Рахлиннің қолынан марапатқа ие болды. Ал қазылар алқасының арнайы жүлдесін өзбекстандық Шо­кир Холиковтың «Шәй» филь­мі және беларусь Митрий Семенов-Алей­никовтың «Франка» кинотуындылары еншіледі. 

«Үздік актер» жүлдесі «Эхо» филь­міндегі (Израиль, 2018 ж) сәтті жұмысы үшін Йорам Толе­даноға бұйырса, «Үздік актриса» атағы «Алиса» фильміндегі (Франция, Аустралия, 2019 ж) рөлі үшін Эмили Пипонньеге берілді. Жүлдені танымал ресейлік актер Кирилл Гребенщиков табыстады. Сонымен қатар бұл аталымдағы қазылар алқасының арнайы сый­лығын Любовь Борисованың «Ме­­нің төбемнен күн батпайды» картинасы (Саха Республикасы (Якутия), 2019 ж) жеңіп алды. 

Ал «Үздік режиссерлік жұ­мыс» аталымындағы жүл­дені Қазақстанның халық әртісі, қа­зақ­­стандық кинематогра­фия мэтрі Талғат Теменов оңтүстік- кореялық «Паразиттер» фильмнің режиссері Пон Джун Хоға табыс етті. «Үздік сценарий үшін» аталы­мындағы сыйлық Ма­ке­дония, Бельгия, Франция, Хорватия, Словения елдерінің ортақ жобасы – «Құдай бар, оның есімі – Петруния» фильмінің авторлары Теона Стругар Митевска мен Эльма Татарагичке берілді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінің шарықтау шегі – әрине, бас жүлде иесінің есімі жарияланар сәт. Сонымен, XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приі отандық режиссер Фар­хат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» (2019 ж) фильміне бұйыр­ды. Жүлдені халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал венгр режиссері Тамаш Тот табыстады. 

Марапаттау рәсімінен кейін фестивальдің президенті, Ки­нематографистер одағының төр­­ағасы, белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов сахнаға шы­ғып, салтанатты жиынды қоры­­тындылады. Айтулы кино мерекесі аясында өткен іс-шаралар мен көрсетілімдер көрермендер қатты қызығушылығын тудыр­ғанын атап өтіп, байқауға қаты­сушылардың, халықаралық қазы­лар алқасы мүшелерінің жұ­мысы үшін алғысын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады. 

– Фестиваль аяқталды. Жүл­делер табысталды. Келген­деріңізге қуаныштымын, келесі жылы кездескенше, – деп түйіндеді сөзін режиссер.
Міне, осылайша жеті күн бойы киносүйер қауым көңіліне түрлі эмоциялар мен жарқын есте­лік­тер ұялатқан фильм мерекесі өз мәресіне жетіп, кезекті жеңім­пазы­ның есімін жариялады және ол – Қазақстан! Жасай бер, қазақ өнері!