Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Ноғайбай би туралы тарихи драманың тұсауы кесілді

1069 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығында Ноғайбай би Батырбекұлының 185 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді.

Ноғайбай би туралы тарихи драманың тұсауы кесілді

Жер тағдыры мен ел тағдыры сынға түскен тар заманда даналығымен, әділдігімен, қара қылды қақ жарған шешендігімен тарих бетінде есімі тасқа қашалып жазылып қалған тұлғаның 185 жылдығына арналған баспасөз конференциясына үрім-бұтағы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, мемлекеттік архивтың директоры Сәуле Мәлікова, Urpaq қазақ мәдени ұйымының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева, тағы басқалары 1834-1917 жылдар аралығында бабамыздың қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында өмір сүргенін тілге тиек ете отырып,болыстық қызметі орыс шаруаларының қазақ жеріне көшіп келіп жатқан аласапыран уақытпен тұспа-тұс келгеніне, салт-дәстүрді, дала заңын толық меңгергеніне нақты фактілер келтірді.Ел дауын, жер дауын халық пайдасына шешіп, әділетті би атанған. Оның өмірі мен қызметіне қатысты құнды құжаттар Санкт-Петербор, Омбы қалаларында сақталыпты.

«Ноғайбай» спектаклі  жергілікті режиссер Болат Мамытбековтың пьесасы бойынша сахналанды. Туындының көркемдік жетекшісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Фархад Молдағалидың айтуынша, бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қолға алынып, жұртшылық назарына ұсынылған. Өнерсүйер қауым премьераны жылы қабылдады.

Қазір  Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдық округтің бірі Ноғайбай бидің есімімен аталады.  Оның мазары  киелі жерлер картасына  енгізілген. Осы аттас шаруашылыққа ұрпағы Алтынбек Сапаров жетекшілік етеді.

Солтүстік Қазақстан облысы