Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Заң керуені» акциясы бастау алды

873 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Заң керуені» деген атпен өткен ауқымды акция көптеген елді мекенді қамтыды.

Солтүстік Қазақстанда «Заң керуені» акциясы бастау алды

Қызылжар – облыс орталығына ең жақын орналасқан аудандардың бірі. Тұрғындар саны 44 мыңнан асып жығылады.  Осы себепті қадағалаушы орган өкілдері игілікті шараны осы ауданнан бастауды жөн көрген. Қоғамдық қабылдауларда заңнамаларды түсіндіруге, азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға, шетін проблемаларын шешуге жәрдемдесу басты мақсат болды.

«19 ауылдық округтың 72 елді мекенінде прокурорлар жұмыс істеуде. Кез келген тұрғын көмекке жүгіне алады. Кей мәселелер жіті зерттеуді талап етеді. Қалай десек те міндетті түрде шешімін табатын болады. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды», деді облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов кіріспе сөзінде.

Жиында бизнесмендердің жұмысында жиі кездесетін қиындықтар мен түйткілдер де кеңінен қарастырылды. «Заң және кәсіпкер» кеңесінің өкілдері бірқатар сауалдарға жауап берді. Жекелеген азаматтар кәсіпкерлікпен айналысқысы келгенімен, бюрократтық кедергілер мен қағазбастылық аз кездеспейтін көрінеді.  Олардың бірқатарын аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Нұрмұқанов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілері «Монополист» порталының жөнді жұмыс істемейтініне шағымданады. Мұндай техникалық ақаулар жиі орын алатынын табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жандос Ермағамбетов мойындады. Өңір прокуроры бүгінгідей ақпараттандыру заманында жұмысты бәсеңдетпеудің маңызын атап көрсетіп, мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Алқалы басқосуда «Қазсушар» кәсіпорны соңғы 4 жылдың ішінде судың бағасын 20 есе өсіргені өткір сын тезіне алынды. Оның бір ұшығы ферма және шаруа қожалықтарына босатылатын суды субсидиялаудың доғарылуына келіп тіреледі. Сөйтіп судың бір текше метрінің бағасы 760 теңгеге жетіп, аспандап шыға келген.

«Тіршілік көзінің бүгін – 5, ертең 10 теңгеге өсуімен еш келісуге болмайды. Меніңше, суды субсидиялауды қайта қарастыру қажет. Осылайша тікелей  шаруашылықпен айналысатын бизнесмендерге қолдау көрсетуіміз керек», деді  облыс прокуроры.

Солтүстік Қазақстан облысы