«Тоғас» пен «Андас». Мақсатынан танбас
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:09
Павлодар ауданы – өңір тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған облыс орталығына жақын орналасқан аудан. Ауданда былтырғы жылы 140 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары егіліпті. Мысалы, Зейнолла Сәлменбаев басқаратын «Андас» шаруа қожалығы 520 гектар алқапқа картоп салды. Өнімге деген сұраныс көп. Әрбір гектарынан 200 центнерден картоп алыпты. Қоймада қыста сақтайды.
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:09
Павлодар ауданы – өңір тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған облыс орталығына жақын орналасқан аудан. Ауданда былтырғы жылы 140 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары егіліпті. Мысалы, Зейнолла Сәлменбаев басқаратын «Андас» шаруа қожалығы 520 гектар алқапқа картоп салды. Өнімге деген сұраныс көп. Әрбір гектарынан 200 центнерден картоп алыпты. Қоймада қыста сақтайды. Қожалық 2012 жылы мемлекет тарапынан өсімдік шаруашылығын қолдауға 7 миллион теңгеге жуық субсидия, егін егу және жиын-терім науқандарына арзан бағалы жанар-жағармай алыпты. Ал «Набережное» шаруа қожалығының басшысы Арман Сәлменбаев болса, 7 мың гектарға күнбағыс, егін салыпты. Былтырғы қуаңшылық оңай болған жоқ. Гектарынан 5 центнер күнбағыс алдық. Ауа райының қолайсыздығын ескерсек, шығым жаман емес. Жерді өңдеудің арқасында осындай шығымдылыққа қол жеткіздік. Ал қазір, биылғы жылғы егін егу науқанына топырақты дайындауды бастап кеттік, дейді ол.
Бұл жігіттермен қатарлас келе жатқан «Тоғас С» шаруа қожалығының да алға қойған жоспарлары бар екен. Серіктестікте 2011 жылдан бастап 930 ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасы және 800 гектар суармалы учаске құрылысын көздейтін жалпы құны 2 млрд. теңгеден астам инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Шаруа қожалығы жоба құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізуде. Бүгінде 300 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсапты. Нәтижесінде, 3 бірдей мал қораның негізгі қаңқасы тұрғызылып, төбесі жабылуда. Ал суармалы алқаптың құрал-жабдықтарына қажетті 700 миллион теңге шамасындағы қаржыны алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Темірбанктен» алуға ниетті.
Несие алу келісімшарты оң шешімін тапты, дейді серіктестік басшысы Жасұлан Ахметов. Жоба жолға түссе, бұл ферманың берері мол екеніне сенімді. Шаруа қожалығы асыл тұқымды сүтті сиырларды Германиядан әкеледі. Малды өзгеше тәсілмен өсірмек. Яғни жаңа технология бойынша сиырлар қорада байланбай еркін жүреді. Жайылымға шықпайды. Қалаған уақытында жем-шөбін жеп, суын іше алады. Әрбірінің жататын орны жасалады. Тіпті, сүйкенетін арнайы щеткалары да болады. Күніне бірнеше рет сауылады. Сиырларды сауу жұмысын немістің озық техникасы жүзеге асырады. Мұндай жаңашылдық әрбір сиыр беретін сүттің көлемін 15-20 пайызға арттырады екен. Ал, жиі қозғалыста болатын мал, көп ауырмайды, дейді мамандар. Бұл ретте техника мен мал сатып алуға қажетті 917,2 миллион теңге қаржыны серіктестік «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алады. Қазіргі таңда құжаттары реттелді. Тауарлы-сүт фермасы 2014 жылы іске қосылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Шаруа қожалығы жұмысшыларға арнап «Агроқалашық» құрылысын жүргізуде. Серіктестік Чернорецк ауылдық округі аумағында, фермаға жақын жерде 32 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйді қалпына келтіріп, жұмысшыларды сонда орналастырады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.