Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, кейбірінің көзін көріп, қадірлес, сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кештің мақсаты – насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі - Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу.
Кешке белгілі өнер адамдары, музыкатанушы ғалымдар, күйшілер, әншілер және Ықылас Дүкенұлының ұрпақтары қатысып, Ықылас Дүкенұлының шығармалары тыңдарман назарына ұсынылмақ. Ықылас Дүкенұлы туралы 1993 жылы «Қазақтелефильм» түсіріген «Ықылас» атты деректі фильм көрсетіледі.
Ал рухани кешті белгілі өнертанушы, күйші, "Шалқар" радиосының жүргізушісі Сәрсенғалы Жүзбай мен әнші, "Шалқар" радиосының жүргізушісі Жасұлан Наурызбайұлы жүргізеді.
Ықылас тұлғасы рухани тарихымыздың төрінен орын алған. Ол - атақты Қорқыт бабадан кейінгі қобызға тіл бітірген адам.
Қобыздың құдіретті үнін түрлендіріп құбылтқан Ықылас - ғасыр үнін ғасырларға жеткізген асқан күйші. Оның «Аққу», «Ерден», «Қасқыр», «Жалғыз аяқ», «Жез киік» және тағы басқа күйлері - халықтың асыл мұрасы.
Көнеден жеткен қобыз өнерін артында қалған мұрагерлері жалғастырып келеді.