Экономика • 10 Шілде, 2019

«Қарапайым заттар» экономика тірегіне айналады

421 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыру жөніндегі міндеттерді орындау, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өңірлеріне жұмыс сапарлары кезінде экономиканы әртараптандыру бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері қаралды.

«Қарапайым заттар»  экономика тірегіне айналады

Экономикаға оң әсері мол

Отырыс барысында Премьер-Министр: «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге тырысу керек. Нәтижесінде мұның барлығы мемлекетіміздің экономикасына әсерін тигізеді. Бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікпен қаржыландыру шарттары өзгертіледі, пайыздық мөлшерлемесі алты пайызға дейін төмендетілді. Қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді. Шығарылатын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама компанияларға жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндігін береді», деді.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобаларына қатысты мақұлданған жобалар бойынша, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қарауында жатқан жобаларға қатысты Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қы­зыл­орда, Түркістан облыстарын­да жұмыс жақсы жолға қойылған. Аты­рау, Қостанай, Батыс Қазақстан об­лыстары, Нұр-Сұлтан қаласы әзірге қалыс келе жатыр. Осы орайда Үкімет басшысы аталған өңірлердің әкімдеріне тиісті шараларды атқаруды, яғни халық тұ­тынатын тауарлар өндірісін ұ­л­ғайту бойынша қажетті қадам­дарды іске асыруға екпін қоюды тапсырды.

«Осы қарқынды одан әрі арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мүдделі меморгандармен, Ұлттық банкпен, Қаржыгерлер қауымдастығымен және «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, айтылған ұсы­ныстарды ескеріп, он күн мер­зімде Үкімет шешімінің тиіс­ті жобасын әзірлесін. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешені жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастырсын», – деді Үкімет басшысы.


1,5 мың жоба бар

Сонымен қатар орталық және жер­гілікті атқарушы ор­ган­дарға, басқарушы хол­динг­терге «қарапайым заттар эконо­ми­касының» салаларын дамытудың жол карталарына сәйкес, сатып алынатын отандық тауарлар мен қыз­меттерде жер­гілікті қамту үле­сін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жет­кізуді қамтамасыз ету тап­сы­рылды.

«Келесі дүйсенбі күні Мем­ле­кет бас­шы­сының төрағалығымен осы мәселе Үкімет отырысында қаралатын болады. Әкімдер есеп беруге дайын болуы керек. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы. Жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылады. Әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», – деді Үкімет басшысы.

Отырыста Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Жеңіс Қасым­бек «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

«4 шілдедегі жағдай бойынша жобалық кеңсе жұмысында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 1 трлн теңгеден астам соманың 1,5 мың бизнес-жобасы бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен отыз пайызын құрайды. Оның ішінде 41 млрд теңгені қамтыған 92 жоба мақұлданды, ал 280 млрд теңгеден астам соманың 166 жобасы банкте қаралып жатыр», – деді Ж.Қасымбек.

«Оның айтуынша, тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны екі есеге артқан. «Негізінен несиеленген жобалар азық-түлік өнімдерін (6,6 млрд теңге), қыз­меттерді (11,1 млрд теңге), агро­өнер­кәсіп кешенін (4,2 млрд тең­ге) және жеңіл өнеркәсіпті (2,7 млрд теңге) қамтыды. Мақұл­данған 92 жобаның 29-ы жаңа өн­дірістерді құруды, 63-і қолда­ныс­тағы өндірісті кеңейтуді көз­дей­ді. Аталған жобалар іске асырыл­ған­нан кейін шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.


Шымкентті дамытудың кешенді жоспары қаралды

Үкімет отырысында сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іссапары барысында қойған нақты міндеттер аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ай­туынша, кешенді жоспарда бар­лық іске асыру кезеңінде жал­пы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жос­парланған. Оның 836 млрд тең­гесі (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңгесі – МЖӘ арқылы бөлінеді. Бұл құ­жатты іске асыру арқылы қала аума­ғында ықшам аудан салына­ды және оң­тай­ландыруға, инфра­құ­рылымды тиімді пай­далануды қамтамасыз етуге қол жет­кі­зіледі. Сондай-ақ тұрғындар үшін қолай­лы және ыңғайлы жағдайлар жасалады.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдай ту­ды­руға мүмкіндік береді. Инвес­ти­циялық әлеуетті дамыту мақ­сатында жаңа «Жұлдыз» және «Шым­кентагро» индустриялық аймақ­тарының құ­ры­лысын қамта­масыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.


Қалада ірі инфрақұрылымдық жобалар басталады


Шымкентте көлік және ин­же­нерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бо­йын­ша 2020 жы­лы әуежайдың жа­ңа жолаушылар терминалының құры­лы-
сын және темір жол вокзалын жаң­ғыр­­ту жұмыстарын аяқтау жос­пар­лан­ған. Сонымен қатар Ташкент даңғы­лын жалғастыру және А2 айналма авто­жо­лының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүм­кіндік береді.


Өз кезегінде, қаланы энергиямен қамту және газбен қам­та­масыз ету үшін Премьер-Ми­нистр Асқар Мамин газ тарату стан­сасының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компаниясының жеке инвес­тициялары есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғы­сы­ның құрылысын аяқтауды тап­сырды. «Кешенді жоспар тұр­ғын үй құрылысының көлемі кезең-кезеңмен биыл 500 мың шаршы метрден жылына 1 млн-ға дейін арттырып, тұрғын үй­мен қамтамасыз етуді 1 тұрғын­ға шақ­қанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік бе­ре­ді», – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысын да­мы­туды жалғастыру қажет. Осы ретте, қаладағы ықшам аудан құрылысына және тұрғын үй құ­рылысының халықаралық стан­дарттары бойынша жұмыс істейтін инвесторлардың тәжі­рибесін пайдалануға баса назар аударылады.

Даму перспективалары ту­ристік салада кеңеюде. «Цита­дель» қалашығын қайта жөндеуді жә­не халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құры­лы­сын аяқтау туристердің қосым­ша ағынын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Шымкент қала­сының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік ин­фрақұрылымның дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін мен синергетикалық әсер береді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахы­мовтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2023 жылы ауыз сумен қамту 93-тен 98 пайызға, кәріз жүйелері 49-дан 75 пайызға, сапалы электр желісімен қамту 91-ден 96 пайызға, газбен қамту 92-ден 98 пайызға жетеді.

Шымкент қаласы 2020 жы­лы ТМД Мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте мемлекеттік орган­дар­ға әлеуметтік және инфрақұ­ры­лымдық нысандардың әзірлігін уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.



Бауыржан МҰҚАН,

«Egemen Qazaqstan»