Ұлыларды уақыттың өзі туғызады. Заманның өрті мен дерті, селі мен сеңі, дауылы мен жауыны шыңдап, шынықтырады. Құдіреті күшті, мейір шапағаты мол Алла тағала менің маңдайыма өз халқының мақтанышы мен ұлттық паспортына айналған ұлылармен таныс, біліс қана емес, аралас-құралас, дәмдес, сырлас, дос болу бақыты мен жауапкершілігін жазыпты. Орыс Сергей Михалков, қырғыз Шыңғыс Айтматов, дағыстандық Расул Ғамзатов, қалмақ Давид Кугультинов, башқұрт Мұстай Кәрім, балқар Қайсын Құлиев, тәжік Момын Каноат, т.б. тарихи тұлғалармен бірге жүрген ғажайып, ғазал күн, сәулелі сәт сірә да естен кетер ме?!
Мұстай ағамен алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда танысып, табысып едім. Екеуміз Уфада, Мәскеуде, Алматыда сан мәрте кездесіп, сағаттар бойы әңгімелескенбіз, сырласқанбыз, бір-біріміздің үйімізде де болғанбыз. Достығымыздың құрметіне мен ұлымның атын Мұстай деп қойғанмын. Мұстай аға менің шығармашылығым жайлы мақала жазып, жариялаған. Сол көп жылға созылған шынайы достық, қарым-қатынас кезінде байқағаным – Мұстай аға аз сөйлеп, көп тыңдайтын кемел ойлы кемеңгер еді. Атақ-даңқы жер-жаһанға жайылған ақын ғана емес, көрнекті мемлекет қайраткері де еді Мұстай аға. Ол Ресей Жоғары Кеңесінің депутаты ғана емес, вице-спикер де болды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері. Осыншама атақ-даңққа, сый-құрметке бөленген Мұстай Кәрім өте кішіпейіл болатын. Асқақтап, астам сөйлегенін көрмеппін. Керісінше, үнемі ой үстінде жүретін. Ойлы, жанары мұңлы еді. Бұл – ақылдылықтың, дара туған даналықтың белгісі болса керек.
Бір ұлттың баласы болып өмір есігін ашып, бүкіл адамзаттың перзенті болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Олар уақыт туғызған ұлы тұлғалар. Ұлылар ұлтқа бөлінбейді. Олардың шығармаларының алтын арқауы – гуманизм, асқан адамгершілік, жан дүние жасауларының байлығы. Өткен ғасыр әр ұлт, әр халық ұлтқа бөлінбейтін сондай сом тұлғалы алыптар туғызған әдебиеттің алтын ғасыры болды. Олар әлем әдебиеті мен мәдениетіне олжа салды деу аз олар оны – әлем әдебиеті мен мәдениетін соны ойлармен байытты, жаңа биікке көтерді. Солардың бірі әрі бірегейі – Мұстай Кәрім. Оның поэзиясы мен прозасы, көсемсөздері мен көркем ойлары – әлем мәдениетінің алтын қазынасы.
Мұстай Кәрім шығармаларының шыңы – драматургиясы. «Тастама отты, Прометей», «Ай тұтылған түн», «Салават» атты үш драма – Шекспир шығармаларымен иықтасып тұрған, драма жанрын жаңа түр, соны ойлармен байытқан, жаңа әлемдік деңгейге көтерген, адамзатпен бірге жасай беретін жауһарлар.
Мұстай Кәрім – әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі құбылыс. Ол – ойшыл, философ. Оның шығармаларын оқығаннан кейін адамның рухы өсіп, жан дүние жасаулары гүлденіп, жаңғырып, жасарып шыға келеді.
Даланың дана шалдары қатты риза болғанда: «Дүние тұрғанша тұр» деп бата беруші еді. Оқығаны аз болса да өмірде көргені, көңілге түйгені көп қазақтың қайран қара, дана шалдары-ай, білгесін айтады да. Кәрі тарихпен бірге жасасып, дүние тұрғанша тұратын кемел ойлы кемеңгерлердің де бар екеніне өмірдің өзі куә. Олар алмастай асыл, алтындай аз. Мұстай Кәрім тарих төрінен ойып тұрып өз орнын алған сондай тот баспайтын сары алтын, сом тұлға.
Мұстай Кәрім поэзиясының ерекшелігі, артықшылығы десек те болады ойға бай, сезімі сергек. «Көз жасы да – мемлекет байлығы» дейді ол «Айсұлудың көз жасы» дейтін өлеңінде. Біздің елімізде жиі болған ақын Қазақстанды жанжүрек, шынайы сезіммен төгілте жырлады. Соның бір мысалы мынау:
Қазақстан – жазылатын өлеңім...
Тек бастауға сол өлеңді тартынам.
Тұрған қарап жебеуші ана көремін,
Ай қалғыған Орал тауы артынан.
Ай – сиқыршы. Замандарды барлады.
Араларды қосып, бірге жалғады,
Мың жыл бұрын туып, қалған үзіліп,
Оятты ортақ жанымның ой-арманын.
Ай сөйледі: «Жасаймын деп кепілдік,
Мен жиһанмын куәлікке өтімді –
Қазақ, башқұрт Тарих атты ананың
Көзден тамған екі жасы секілді».
Қазақстан! Оймен кездім аралап
Қайран қалдым келбетіңе ғаламат:
Аспаныңда құстар қаптап жол салып,
Жеріңде жел жөн таппайды жағалап.
Көк нұрымен боянғанда көкжиек,
Тұрған шығар назға Алматым елжіреп.
Өмірім құр өтер еді көріксіз,
Егер сені еске алмаса бұл жүрек.
Достардың бар жерошағы өзіңде,
Сол ошақтың қызу шоғы сезімде.
Екі қолды созып соған жылынам,
Қара суық қалтыратқан кезінде.
Бар өзіңде пайғамбардың қабірі,
Жатыр сонда Әуезов ой алыбы.
Егер оған табынбасаң, ақыным,
Емессің сен жаны таза, ар ұлы.
Топ-топ басып орап өтті алдымнан,
Бала Мұстай мен есімді балдырған.
Ей, сәбиім, жүрер жолың жарық боп,
Сыбағалы сыйыңды ал тағдырдан!
Қазақстан, тұтқын болдым бүгін мен,
Ғашық болдым риясыз шынымен,
Көз алдымнан кетпей қойды келбетің,
Түспей қойды сенің атың тілімнен.
Өткен ХХ ғасырда, дәл айтсақ 1980 жылы жазылған «Жырланар жырым» атты отты жырдың ыстығы әлі басылған жоқ, ойлы өлеңнің мән-мағынасы кемімек, көркемдік кестесі кетілмек емес.
Мұстай Кәрім поэзиясы тұнып тұрған тұп-тұнық ой. Бір ғана мысал:
Таулар адам сияқты,
Биіктеде қаншама.
Шытырман да шуақты
Салмағы да соншама.
Мұстай Кәрімнің жұлдызды жырлары ойлы ғана емес, сымбаты бөлек сұлу сырға, қуанышқа бергісіз тәтті мұңға толы әсерлі де әсем әлем. Оның өрелі өлеңдеріне Чехов айтқан қысқалық тән. Жанып сүйген жан-жары Раузаға арналған бар болғаны екі-ақ шумақ мына өлең соның мықты бір мысалы:
Қанша жылдар сақтап келем
Жүрегімде мен сені.
Өткен түнде шаншып кенет,
Басты жүрек еңсемді.
Бар ма небір ауыр қайғың,
Не күдікті жүр ме едің?
Састым сенен айырылам деп,
Тоқтап қалса жүрегім.
Ақын жүрегім тоқтап қалса өлем деп емес, махаббатымнан айырылам деп қорқады. Қысқа өлеңнің түйіні де қысқа әрі нұсқа.
Осынау жолда, түзерде
Тарих қанмен жазылған.
Қияда қылыш іздері
Тұяқтан таулар қазылған.
Ер халқым басын имеген,
Тізесін де бүкпеген.
Көршіге қолы тимеген.
Тиіскен жауды бүктеген.
Жарлылық, жоқтық басса да,
Садақа жаттан алмаған.
Беліне қылыш асқаны
Иығына дорба салмаған, –
Осы санаулы ғана жолдарда қаншама салиқалы ой, салмақты образ бар десеңізші. Туған халқының туысы бөлек бейнесін мінсіз мүсіндеудің үздік үлгісі бұл өлең.
«Өмір керек, сақта, – дейсің, – өзіңді».
Тілегіңді теріс деп те айта алман.
Бәйге көрсе, қалай бірақ төзеді
Ғұмыр бойы қиқулаған майталман?
Дүние шолақ бізден ғана қалған ба,
Жетеді ажал жатсынбай да арланбай.
Жығылсам-ау зор бәйгеге салғанда,
Өз жүрегін жарып өлген тарландай!
Сонау ХХ ғасырда жазылған өрелі өлең ХХІ ғасырда да өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ.
Еш уақыт адаспаймыз екеу болсақ,
Адасса жалғыз жұлдыз адасады, –
деген екі жол мен:
Көрмедім өз ерініңдей отты бірақ,
Ыстықты сондай ғажап сүйгенім жоқ, –
деген егіз шумақтың да айтары анық, бояуы қанық. Осы «бояуы қанық деген сөз ақын жырларының башқұрт тіліндегі нұсқасына орай айтылғанмен аудармаға сай деу қиын. Мұстай жырларын қазақша сөйлеткен Жұбан Молдағалиев та, Сырбай Мәуленов те сөз жоқ аса талантты ақындар. Десек те аударма қанша сәтті болса да түпнұсқадай бола бермейді. Бейнелеп айтсақ түпнұсқа түкті кілемнің бедерлі беті, аударма астары, басқаша айтсақ түпнұсқа сымбаты бөлек сұлу арудың өзі, аударма оның суреті.
Бірде Мұстай ағаның біраз ойланып отырып, «Маған біреуге сәл қиянат істегем жоқ па деген ой келсе ұйқым да ұйқы, ішкен асым да ас болмас еді» деп еді. Жүректен шығып жүрекке жеткен осы сөзде азамат ақынның жалтаңы жоқ, жан дүние жасаулары бай бекзат болмысы айқын танылып тұр!
Мұстай Кәрім сынды тарихи тұлғаларды еске алғанда сол ұлылардың мұрагері, кешегі Махамбет, бүгінгі Бұхар жырау Олжас Сүлейменовтің:
Бұл адамдар мәңгі өшпейтін,
Жүрек пен көңілден
Тірі жүрсе жол сілтер еді,
Ай, жұлдыз боп көгіңнен, –
деген жыр жолдары ойға оралады. Ақын досым, жүрегіме жақын досым Олжастың оймақтай болса да қорғасындай салмақты ойын қостай отырып айтар аз ғана қосымша сөз Мұстай сынды кемел ойлы кемеңгерлер тірісінде ғана емес, о дүниеге аттанған соң да Шандор Петефи айтқандай: «Өлген соң да оралды рух боп».
Ұлы ойшыл, философ, ұлағатты суреткер Мұстай Кәрім рухы, оның тарихпен бірге жасай беретін шығармалары адамзатқа нұрын төгіп, санасына сәуле шашып тұр.
Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ