Азық-түлік молшылығы үшін
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:39
Жуырда Астана қаласы әкімдігінде елордаға азық-түлік тауарларын жеткізу көлемін ұлғайту және елорданың мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарының азық-түлік белдеуі тауар өндірушілерінен азық-түлік сатып алуын ұйымдастыру мәселелерін талқылаған кеңес өтті.
Жұма, 18 қаңтар 2013 7:39
Жуырда Астана қаласы әкімдігінде елордаға азық-түлік тауарларын жеткізу көлемін ұлғайту және елорданың мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарының азық-түлік белдеуі тауар өндірушілерінен азық-түлік сатып алуын ұйымдастыру мәселелерін талқылаған кеңес өтті.
Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұханбетов, сонымен бірге елордалық бірқатар құрылымдардың, Ақмола облысының сауда және қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі қала радиусынан 300 км. аумағын, тиісінше Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданын қамтиды. Азық-түлік белдеуі шекарасында Астана қаласымен қоса азық-түлік өндіру және қайта өңдеу саласындағы 916 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 270-і ірі және орта кәсіпорындар.
Қазіргі таңда елордада 773 мыңнан астам халық тұрады десек, қаланың әлеуметтік маңызды азық-түлікке жалпы сұранысы 2012 жылы 545 мың тоннаны (1 адамға есептегенде 704 кило) құраған. Бұл 2011 жылға қарағанда 30 мың тоннаға артық.
Астана қаласының азық-түлік белдеуін дамыту аясында елорда және Ақмола облысы әкімдіктерінің бірлесуімен қажетті бірнеше шаралар қабылданған. Азық-түлік белдеуі аймағынан жеткізілетін азық есебінен Астана тұрғындарының тұтыну қажеттілігі: етке – 43%, оның ішінде сиыр етіне 53%; сүт және сүт өнімдеріне – 38%; тауық жұмыртқасына – 97%; картопқа – 77%, көкөніске 32% қамтылады. Қабылданған шаралар азық-түлік белдеуі аймағынан әлеуметтік маңызды өнімдер жеткізу көлемін жалпы азық-түлік тұтыну көлемінен 35%-ға дейін ұлғаюына, өз өндіріс көлемі 13% құрап, азық-түлік белдеуі шегіндегі импорт үлесі 2011 жылғы 72%-дан 2012 жылы 52%-ға дейін төмендеуіне мүмкіндік берген. Жалпы, қабылданып отырған шаралар азық-түлік тауарлары инфляциясын 2010 жылғы 112,7%-дан 2012 жылы 107,3%-ға төмендетуге мүмкіндік жасаған
Кеңесте отандық кәсіпкерлермен осы жұмыс жасап тұрған бизнесті белсенді дамыту және жетілдіру, жаңа бағыттарды игеріп, қала экономикасын толықтыру қажеттілігі атап көрсетілді. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін бөлуден бастап, өндірістің инфрақұрылымын жүргізуге, тіпті өндірілген өнімді өткізуге дейін барлық кезеңдер бойынша жан-жақты көмек, қолдау көрсетпек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».