Аймақтар • 10 Шілде, 2019

Арыс қаласында 551 үйге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді - ИИДМ

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәулік ішінде құрылысшылар 81 тұрғын үйді тапсырды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының Арыс қаласында 551 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ауқымды жұмысқа 184 құрылыс компаниясы тартылған. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Арыс қаласында 551 үйге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді - ИИДМ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтерінше, 4 мыңнан астам құрылысшы мен 186 бірлік арнайы техника қазіргі таңда тағы 2725 жеке тұрғын үй құрылысы мен КПТҮ нысанын қалпына келтіруде.  Күн сайын қалпына келетін үйлердің саны 70-90-ға көбейді. 9 шілдедегі жағдай бойынша құрылыс бригадалары 2640 тұрғын үйді, ал бір күн бұрын 2566 тұрғын үйді жөндеу жұмыстарымен қамтыды. 

Естеріңізге сала кетейік, Арыс 17 секторға бөлініп, әр өңір мен республикалық маңызы бар қалаға бекітілген. 2019 жылғы 6 шілдеде Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ИИДМ вице-министрі  Қайырбек Өскенбаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімдіктердің өкілдерімен кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларды қаланы қалпына келтіру қарқынын жеделдетуді сұрады.

Барлық бүлінген және бұзылған нысандар 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс. ҚР ИИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі.