Қоғам • 11 Шілде, 2019

Nur Suńqar лайықты иелерін тапты

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халық пен мемлекет арасында алтын көпір болып жүрген журналистер қауымының еңбегі жанып, есімі ерекшеленетін сәт – Nur Suńqar республикалық конкурсы. Кеше елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында БАҚ өкілдерінің бағын жандырған осынау мерейлі байқаудың марапаттау салтанаты өтті.

Nur Suńqar лайықты иелерін тапты

Ақпарат саласы маман­да­ры­ның абыройын асырып, ме­рейін тасытатын айтулы Nur Suńqar конкурсы биыл онын­шы рет салтанат құр­ды. Осы аралықта байқау жур­на­­лис­тердің қаламын ұштап, шабытын шыңдауға бағыт­тал­ған беделді іс-шараға айналды. Мерейтойлық марапаттау рә­сімін Nur Otan партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашып, қазіргі таңда журналистиканың қоғамдағы рөлі мен ықпалына тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым Жур­налистер күні ретінде өз алдына бөлек мереке болып бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұл – журналистердің қоғам­дағы мәртебесін одан әрі өсіре­тін игі бастама. Биыл Nur Suńqar кон­курсы Президент сайлауына байланысты мерзімінен кеш өткізілді. Он жыл бойы БАҚ өкіл­дерінің үздіктерін анықтап келген бұл жолғы байқау Nur Otan партиясының 20 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде жаңа технологиялар дамып, адамдардың ақпаратқа қанығу мүмкіндігі күшейді. Осы тұста халыққа шынайы әрі жедел хабар тарататын кәсі­би журналистердің маңызы одан сайын арта түсті», деді Бауыр­жан Байбек.

Сондай-ақ салтанатты шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз алып, Nur Suńqar сыйлығы медиа-ландшафқа соны серпін қосып, үздіктерге лайықты марапат бол­ғанын, осындай іс-шаралар ақпарат саласындағы ілкімді жұмыстарды ілгерілететінін айтты.

Nur Otan партиясы бастамашы болған биылғы конкурстың ұйым­дас­тыру комитетіне 207 журна­листен мыңға жуық жұмыс келіп түскен. Олар­дың ішінен сөзі жүйелі, ойы тиянақты үздіктерді Парла­мент Мәжілісінің депутаты Қуа­ныш Сұлтанов төрағалық еткен комиссия мү­шелері жеңімпаз деп таныды. Соны­мен Nur Suńqar-2019 байқауының жеңімпаздары 10 аталым бойынша қара үзіп шықты.

Оның ішінде орны ерекшесі – қаламы төселген, шеберлігі шыңдалған журналиске бұйыратын «Сөз зергері» аталымы. Биыл бұл аталымды қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп иеленді.

Сонымен қатар Елбасы қызметін үздік насихаттағаны үшін «Елбасы салған сара жол» аталымына – Игорь Про­хоров («Казахстанская правда» газе­ті), отандық журналистиканы дамы­туға қосқан үлесі үшін «Май­тал­ман» аталымына – Нұртілеу Иманға­ли­ұлы («Жетісу» телеарнасы), үздік газет журналисі ретінде «Мастер слова» ата­лымына – Талғат Есенов («Литер» газе­ті) және бағдарламаны ілгерілетуге қос­қан үлесі үшін «Рухани жаңғыру» ата­лымына Базаркүл Отыншиева («Ас­­тана» телеарнасы) мен Айгүл Ке­мел­­баева («Абай» журналы) лайық болды.

Бұған қоса үздік телевизиялық журналистер Айбек Қобдабай («Qazaqstan» телеарнасы) – «Халық дауысы», Жұ­рағат Баман («Хабар» телеарнасы) – «Точка зрения», үздік жас журналистер Сәкен Махаметкерімов, Назымгүл Күміспаева («Хабар» телеарнасы) – «Жас серпіліс», интернет басы­лым­ның үздік журналисі Ақмарал Олжабаева (Bnews.kz) «Медиа-профи» аталымдарымен марапатталды. Сондай-ақ «Партия жобаларын үздік насихаттағаны үшін» Екатерина Брынюк («Астана» телеарнасы) пен Гүлжан Рахманға («Айқын» газеті) сыйлықтар табысталды.