Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Батыс Қазақстанда әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы аталып өтті

1250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында Алаштан ән оздырған әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған республикалық байқау аяқталды.

Батыс Қазақстанда әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығы аталып өтті

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің мерейтойы Ақ Жайық өңірінде екі күндік шаралармен аталып өтті. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған «Жезтаңдай, күміс көмей ән дүлділі» атты республикалық байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген 22 өнерпаз және мерейтой меймандары әуелі Орал қаласындағы Ғарекең ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Одан кейін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Дәстүрлі әншіліктің дарабозы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

- Дәстүрлі өнер, әсіресе қазақтың ұлттық ән өнерін үйрену, оған қызығу үшін тәлім берер ұстаздың орны ерекше ғой. 1965 жылы Алматыда ашылған эстрада-цирк студиясында бізге ең бірінші сабақ берген – Ғарекең еді. Ол – мен үшін өте қымбат адам! – дейді Қазақстанның халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің оқытушысы Қажыбек Бекбосын.

Ақын Төлеген Айбергенов «Көкірегіне әсем әннің көк мұхитын шайқаған» деп баға берген саңлақ әнші туралы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Қапаш Құлышева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Мұрат Өскенбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының қызметкері, әнші Бауыржан Сатыбалдин, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кәкімов, Сұлтанмахмұт Торыайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев және басқалары өз естеліктерін айтты. Ал әншінің немересі, өнер зерттеушісі Меруерт Құрманғалиеваның пікірінше, Ғарифолла Құрманғалиев қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің музыкасын дамытуға зор үлес қосқан тұлға.

Әнші мерейтойының алғашқы күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Ән ұрпаққа аманат» атты фестивалмен аяқталды. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттері мен басқа да әншілер өз өнерлерін көрсетті.

Мерейтойлық шаралардың екінші күні әншінің туған жері Қаратөбе өңірінде жалғасты. ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» атты дәстүрлі әншілер байқауының ашылу салтанатына өңір басшысы Ғали Есқалиев арнайы барды. Нұр-Сұлтан мен Алматы, Семей қалаларынан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 22 өнерпаз әнші байқауда бақ сынады. Байқау шарты бойынша әншілер Мұхит пен Ғарифолла туындыларын және өз аймағының әнін орындады. Алғашқы сыннан 12 әнші сүрінбей өтті. Екінші турдан кейін байқау жүлдегерлері анықталды. Қазақстан Республикасының халық әртісі Қажыбек Бекбосын бастаған қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесіне Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдана Қаржаубаеваны лайық деп шешті. Атыраулық Берік Амантаев бірінші орынға ие болды. Маңғыстау облысының намысын қорғаған Нұрыс Асқанов пен Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданынан келген Данияр Елеуов екінші орынды бөлісті. Ақтөбелік Әділет Күзембаев, сырымдық Армат Алдамжаров, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев үшінші орынға ие болды. Бейбіт Қажығалиев, Тілек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұлдыз Сүндетқалиева, Әзімхан Баймағамбетов байқаудың дипломаты атанды.

Екі күндік шаралардың қорытындысына айналған гала-концертте байқау жүлдегерлерімен бірге әншінің шәкірттері Қажыбек Бекбосын, Хайдар Өтеғалиев, Қапаш Құлышевалар ән шырқады.


Батыс Қазақстан