05 Ақпан, 2013

«Қазақстанда жасалған»

905 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақстанда жасалған»

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:31

Вагондарда осылай деп жазылған

«Қазақтың қолынан мал баққаннан өзге түк келмейді», деген кертартпа тар түсініктің тамырына балта шапқан ұлттық санамыз түлеп, жаңғырып жатыр. Индустриялы елге айналуға бет алған бағытымыз осының айқын дәлелі. Бұрын-соңды пойыздың жолын салса да оның көліктерін, локомотив шығаруды ойға алмаған қазақтар тепловоз бен электровоздың түр-түрін шығарып, вагонның да түр-түрін жасауды қолға алғаны индустрияландырудың жарқын көрінісі емей не?!

 

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:31

Вагондарда осылай деп жазылған

«Қазақтың қолынан мал баққаннан өзге түк келмейді», деген кертартпа тар түсініктің тамырына балта шапқан ұлттық санамыз түлеп, жаңғырып жатыр. Индустриялы елге айналуға бет алған бағытымыз осының айқын дәлелі. Бұрын-соңды пойыздың жолын салса да оның көліктерін, локомотив шығаруды ойға алмаған қазақтар тепловоз бен электровоздың түр-түрін шығарып, вагонның да түр-түрін жасауды қолға алғаны индустрияландырудың жарқын көрінісі емей не?!

Вагон тапшылығы мен оның тозығы жетіп, пайдалану мерзімі әл­де­қашан аяқталғаны туралы­ осы уақытқа дейін толассыз ай­ты­лып келген әңгімеге енді тос­қауыл қойылып, бұл сарындағы жа­­ғымсыз «жарапазан» сап тыйылады. Мұны еліміздегі ең үлкен вагон операторы «Қазтеміртранс» АҚ вице-президенті, вагон ша­руашылығының кәсіби маманы­ Қайраткен Нығметов айтып отыр. Ол өткен жылы вагон жетіспеу­шілігі орын алмағанын жеткізе отырып, болашақтың мақтанышына айналатын Екібастұздағы вагон құрастыру зауыты туралы ұзақ  әңгімеледі. Былтыр 1700 дана вагон құрастырған зауыт, биыл 2500 вагонды жолға салуды жоспарлап отыр екен. Бұл дегеніміз, биылдан бастап зауыт толық қуатымен жұмыс істеуді бастағанын білдіреді.
Жаңа сипаттағы пойыз құрам­дарын толықтыратын вагондар, Ресей мен Украинадан сатып алып жүрген вагондардан әлдеқайда сапалы болмақ. Өйткені, оның қозғалыс бөлігін, яғни доңғалақтары мен негізгі қаңқасын Қытай мен АҚШ-тың бірлескен зауыты жасаған. Ал, доңғалақ білігіндегі бытырама мойынтіректер (подшипник) Германия өнімі болып табылады. Сондай-ақ, біздің вагондардың бұрынғыдан көлемі де үлкен. Ескі вагондарға 64-68-70 тоннаға дейін жүк тиесе, отандық вагонға 75-80 тонна жүк еркін орналасады. Әйткенмен, маман бұл вагондардың әлі де жетілдірілетінін айтып отыр. Мысалы, вагон тежегішін де келешекте Германиядан әкеліп салуды жоспарлап жатыр екен. Өйткені, Ресей мен украиндардың тежегіші 2-3 жылға ғана төтеп берсе, неміс вагондарының тежегіші 5-6 жылға қиналмай шыдайды екен. «Елімізде осылай инновациялық вагондар барлық талапқа сай жасалып жатыр», дейді Қайраткен Сағатұлы.
Десек те, еліміздің вагон жасау­шылары 2-3 жылдың көлемінде жүк вагондарын 100 пайыз өздері жасап шығаратындарын нық сеніммен айтып отыр. Оған алғышарттар бұдан 4-5 жыл бұрын жасалған екен. Әлемдегі ең төзімді, пайдалануға ең қолайлы вагондардың жасалу сызбаларын алып, техникалық сызбасын терең меңгерген ел вагоншылары, бүгінде вагон жинайтын және құрастыратын зауыттарды жасақтап, доңғалақ және қаңқа құю цехтарын іске қосты. Өскемендегі Шығысмашзауыт бұдан былай Қарағандының темірін отандық технологиямен өзі балқытып, вагон қаңқаларын толық өзі құйып шығаратын болды. Екібастұзда орналасқан жаңа цех та қазақстандық өнімдерді пайдалана отырып, вагон доңғалақтарын құюға кірісіп кеткен. Негізі вагонның 50 пайызы осы қозғалыс бөлігі. Ал оның үстіңгі бөлігінің құрастырылуы туралы бұған дейін көп айтылды. Тағы бір қуанарлық тұсы, бұл зауыттардың ешқайсысында бір де бір шетелдік маман жұмыс істемейді екен. Бұл – қазақ мамандарының озық елдердегі техникалық-технологиялық өр­леуді игергенін білдірсе керек.
Әлемдегі ең мықты компания­лардың вагондарын зерттеп-зерделеген қазақ инженерлері Қайраткен Нығметов пен Ерғазы Кәрібжанов отандық вагонның сызбасын түзеп, сұлбасын жасауға көп тер төкті. Нәтижесінде, «Қазақстанда жасалған» деген маркалық бел­гісі бар отандық вагондардың алғашқы легі темір табанды жолдар бойындағы өз сапарын бастады. Вице-президенттің айтуына қарағанда, қазірдің өзінде отандық вагондарды экспорттық сатылымға шығару шаралары қарастырылып жатыр. Өткен жылдың соңына таман Қайраткен Сағатұлы Қыр­ғыз­стан мен Өзбекстанда арнайы іссапарда болып, көршілерге, қазақ вагондарын таныстырып қайтқан. Сол алғашқы кездесуде-ақ қызығушылығы оянған қыр­ғыз-өзбек мамандары қазақ әріптестерімен келісімге келуге кетәрі емес екендігін білдірген. Десек те, бұл арада бауырластық пен жақын көршіліктің жолы жүріп тұрған жоқ. Расында, қазақ вагондарының сапасы мықты болумен бірге, көлемі де бұрынғыдан көп жүк сыйдыра алады. Бағасы да, еркін рынокта икемге келтірілетін болады. Шындығына келсек, Ресей вагондарын шамадан тыс қымбаттатса, украиндар санын көбейтеміз деп, сапасын жоғалтып алған. Оған қоса, технологиялары ескі, 20-шы ғасырдың «көнекөз мұрасы» көрінеді. Оның зардабын біздің ел де тартып жүргені мәлім. Мәселен, өткен жылы бүйір рамасы сынған он, доңғалақ білігі сынған үш вагонның бәрі дерлік Украина мен Ресей зауыттарының өнімдері. Бұл сынулар ел темір жолындағы қалыпты қозғалысты бұзып, экономикамыздың дамуына айтарлықтай кедергі келтіргені жасырын емес.
Елімізде неше жылдан бері америкалық 7 мың вагон жүр. Олар әбден сынақтан өтіп болды. Әлі күнге бір де бірінің бүйір рамасы сынып көрмепті. Сондықтан, отандық инженерлер қазір осы америкалық вагонды жасауды жос­парлап отыр. Ол толық отандық өнімдермен, өз технологиямыз бойынша жасалады. Оны қазақ мамандары өздері жасағандықтан бағасы Ресей вагондарынан 20 пайызға арзан болады. Ал, сапасы әлдеқайда жақсы болатынын жоғарыда тәптіштедік. Өзбек-қырғыз ағайындардың біздің вагондарға көзін сатып, мойын бұруының да басты себебі осында жатыр.
Бірақ, мәселенің тағы бір­ кілтипаны бар. Қазақ вагондары­ның ел сыртында, рынокта еркін қимылдауына Ресей тарабы бірталай кедергілер жасауы ықтимал. Өз өнімінің бағасын ша­мадан тыс қымбат қоя отырып, негізгі тұтынушысынан айырылғысы келмейтіндігін бұған дейін бір емес, бірнеше рет анық байқатқан. Кезінде Қытайдан әкелінген қазақ вагондарын сертификаты бола тұрып, өз аумағында жүргізбей қойған Ресей, ымыраға келелік деген қазақ вагоншыларына өз сертификатын да бермей қиғылық салған-ды. Ақырында қытай вагондарына Украин сертификаты алынғанмен, Ресей оны да жаратпай тастағаны жадымызда. «Кісідегінің кілті аспанда» деген осы. Әйтпесе, отандық мамандар, қытай вагондары сол сертификатпен АҚШ пен Иранға, Австрия мен Ауғанстанға, тағы бірқатар елдерге бұрыннан сатылып келе жатқанын айтады.
Бұрын елімізде локомотив пен вагондар құрастырылып, не жасалмағандықтан оны сертификаттайтын мекеме де болмаған. Енді ғана, Қазақстанда локомотив, вагон құрастыру, жасау зауыттары іске қосыла бастағалы бері ұлттық сертификаттау мекемесін құру ісі қолға алынды. Оның халықаралық өз талап-ережелері бар. Мекеме соған сай құрылуы тиіс. Бұйыртса, салалық бұл мекеме биыл жұмысын бастайды деген үміт бар екен. Сондай-ақ, заманауи вагондарға заманауи сервистік қызмет көрсететін жаңа орталық Балқаш қаласында осы жылдың екінші жартысында іске қосылады. Айтқандай, бұрынғы вагондар әр 150 км. жол жүрген сайын тексеріліп тұрған болса, отандық вагондар америкалықтарға ұқсап 300 км. жүргеннен кейін ғана тексеріледі. Мұның экономикалық пайдасы зор болумен қатар, жылжымалы құрам жылдамдығын да еселеп арттырады. Ал қоршаған ортаға зиянын тигізбейтіндігі мен табаны тиетін темір жолға қатты зардап келтірмейтін қасиеті де бағасын арттыра түсері анық.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.