Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Парламент депутаттары Теректідегі кәсіпорындарды аралады

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары Арман Қожахметов пен Қанат Мусин Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы кәсіпорындарды аралады.

Парламент депутаттары Теректідегі кәсіпорындарды аралады

Пойма ауылында орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС май өңдеу зауытын аралап көрген депутаттар жергілікті кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, мамандардың ой-пікіріне құлақ түрді.

Май өңдеу зауытының директоры Ақылбек Сармалаевтың айтуынша, комбинат өткен жылы 235,4 тонна май мен 422,15 тонна күнжара өндірген. Майдың 50 тоннасы Өзбекстанға экспортталған екен.

- Зауытта маймен қатар ұн да өндіреміз. Біздің табиғи өнімдеріміз Ресей Федерациясында сұранысқа ие. 6 жыл бойы ұн мен күнбағыс майын Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов қалаларына, Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне экспорттадық. Тек шетелге тауар шығарғанда құжат толтыру мәселесі қинайды. Әр вагонға әр түрлі құжат керек. Осындай қағазбастылықтан айырылсақ, кәсіпкерліктің дамуына үлкен қолдау болар еді, - деді Ақылбек Абзалұлы.

Бұдан кейін депутаттар Ақсуат ауылына кіре беріс жолды күрделі жөндеп жатқан «ТОБИ» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Мердігер фирма бұл салада жиырма жылға таяу еңбек етеді, ЖШС директорының орынбасары Асыланбек Рахметовтің айтуынша жұмысқа еш кедергі жоқ. «Жобадағы 2443 метр жолды уақытында жөндеп, дер кезінде тапсырамыз» дейді А.Рахметов.

- Теректі ауданы бойынша жолдың 5%-ы ғана жақсы, 47%-ы – қанағаттанарлық деңгейде. Ал 48%-ы өте нашар деп бағаланады, - дейді аудан әкімі Әділ Жоламанов өңірдің басты мәселелерінің бірінен депутаттарды хабардар етіп.

Парламент депутаттары осы сапарында 1984 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген мектептің жағдайымен танысты. Аудан орталығындағы жаңадан салынған 36 пәтерлік тұрғын үй, «Ақ желкен» балабақшасы мен былтыр жөндеуден өткен аудандық аурухананы аралады. Тұрғындармен кездесіп, олардың кейбір сұрақтарына жауап берді.


Суретті түсірген Исламгүл ШАЛАБАЕВА

Батыс Қазақстан