Аймақтар • 11 Шілде, 2019

Қостанай облысы Арыс қаласындағы үйлерді жөндеуге кірісті

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыстағы трагедиядан зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Еліміз жұдырықтай жұмылып, арыстықтармен қиындықты бірге бөлісті. Одан Қостанай облысы да шет қалмады. 2019 жылы 27 маусымда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен хабарласып, барлық жағдайды, керек-жарақты білгенін айтқан болатын. Қостанай облысы отандастарға бүлінген үйлерді қалпына келтіруге көмектесетініне дайын екенін білдірген. Біздің өңіріміздің делегациясы Қазақстанның оңтүстігіне барып, жұмыс көлемін анықтап қайтты.

Қостанай облысы Арыс қаласындағы үйлерді жөндеуге кірісті

Облыс әкімдігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Берік Таңжарықов хабарлағандай, қала 17 секторға бөлінген, Қостанай облысына №16 сектор бекітілген. Сектордағы нысандардың саны - 671, оның ішінде 659 - жеке үй және алты әлеуметтік нысан, алты темір жол нысаны бар.

«Біз 612 үйді тексердік. 88 үй ақаусыз қалды, сегізі толығымен қираған. Жөндеуге жататын 516 үйдің 158-і күрделі, қалған 358-і ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Біздің сектордағы қалпына келтіру жұмыстарының барысы Қостанай облысының әкімі А. Б. Мұхамбетовтың жеке бақылауында. Мен күн сайын оның алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беремін» дейді Берік Қуанышұлы.

Қостанай облысына бекітілген сектордағы құрылыс-монтаж жұмыстары үшін жергілікті компаниялардың қызметкерлері тартылды. Бұдан бұрын брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, бұл экономикалық жағынан тиімді нұсқа.

Берік Таңжарықов бүгінгі таңда 139 нысанда жұмыс басталғанын, оның ішінде бесеуі жаңа үйлердің құрылысы екенін айтты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 82 нысанда шатырды бөлшектеу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстары да басталды, жеткілікті 50 үйге пластикалық терезелер орнатылып жатыр. Күрделі жөндеуді қажет ететін 12 үйдің жұмысы аяқталды. Қалпына келтіру жұмыстарына тағы 365 үй кезекте тұр.

Анықтама:

Тексерумен айналысатын компаниялардың саны - 4, оның ішінде: «Базис К» ЖШС, «Tech-Inspection» ЖШС, «ПромГражданЭксперт» ЖШС, «Құрылыста экспертиза» ЖШС.

Құрылыста жұмыс істейтін компаниялардың саны - 4, оның ішінде: «Базис К» ЖШС, «Актокапитал-77» ЖШС, «НурСтройСервис» ЖШС, «Жигита» ЖШС. Бүгінгі күні нысандарды қалпына келтіруге 250 адам, 6 бірлік техника жұмылдырылды.