Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Сапалы тауар өндірушілер анықталды

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс өңірінде соңғы жылдары орта және шағын бизнестің әжептеуір дамып келе жатқаны байқалады. Қызмет көрсетумен өнім өндіргенде ғана бизнес эконо­миканың мық шегесіне айналады. Биыл «Қазақстанның үздік тауарлары» облыстық байқау-көрмесі бесінші рет өткізілді.

Сапалы тауар өндірушілер анықталды

Оған жыл сайын өзінің сапалы өнімімен жаңа кәсіп­орындар легі қосылып оты­р­ады. Биылғы байқау-көр­менің де жаңалықтары аз болған жоқ. Былтыр жыл аяғында Рудныйда цемент зауыты, Арқалық қаласында «Арқалық Ет» ет комбинаты ашылған еді. Осы кәсіп­орындар жарты жыл өтпей-ақ өнімдерінің сапасын бәй­геге қосты. 

Қазір Рудный цемент зауыты құрылыстың қандай түріне болса қолданылуға жарайтын, цементтің кең таралған ПЦ 400-Д0 және ПЦ 500-Д0 маркаларын өндіреді. 

– Бұл екі марканың да сапасы сертификатталған. Енді цементтің ПЦ 400-Д20 маркалы түрі сертификатталып жатыр. Еліміздегі құрылыстың қарқыны өте жоғары. Сондықтан біздің өнім ылғи да қажет. Қазір айына 30 мың тонна цемент өндіреміз, бұл өндірістің толық қуатының 65 пайызы болып табылады. Ай сайын зауыт қуатын өсіріп келеміз, – дейді Рудный цемент зауыты бас инженерінің орынбасары Никита Волочай. 

Зауыт өнімін қазір Нұр-Сұлтан, Ақтөбе облыстарына жібереді, Қостанай об­лы­­сын толық қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде зауыт кен­шілер қаласының 200 тұр­ғынын жұмыспен қамта­масыз етіп отыр. 

«Қазақстанның үздік тауар­лары» облыстық бай­қау-көрмесіне қатысқан әр кәсіпорынның тұсына бар­ғанда, кәсіпкер осылай тартымды әңгіме тие­гін ағытады. Бұл жолы об­лыс­тағы қырық шақты кә­сіп­орын сапа бәйгесіне ба­ғын сынағалы келіпті. Бірақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, байқау-көрменің мақсаты тек сапаны таразыға салу ғана емес, одан да кең.

– Бес жыл ішінде облыс­тағы 36 кәсіпорын сапалы өнімдерімен байқау-көр­менің республикалық финалынан көрінді. Олардың қатарында дабылы елімізге, сырт жерлерге белгілі «Баян сұлу» кондитер фабрикасы, «Мильх» сүт зауыты, Қос­­танай ұн комбинаты, «Агро­машХолдинг» машина құ­рас­тыру зауыты және тағы бас­қа ірі кәсіпорындар бар. Мұн­дай байқау-көрмелер өте қажет, мұнда бизнес өкілдері бір-бірінен үйренеді, тәжірибе алмасады. Бизнес үшін ең бастысы өндірілген өнімнің өтуі, сұранысқа ие болуы. Нарықты зерттеу үшін де байқаулардың маңызы зор, – деді Архимед Мұханбетов. 

Байқау-көрмеде сапалы ет өнімдері мен бал, қымыз, шұ­батқа тұрған кезекті көр­сеңіз... Облыстың ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі көбейіп, биыл жыл басынан бері ол 28 пайызды құрады. Осы көлемнің ішінде азық-түлік өндіретін кәсіпорындар үлесі де ұлғая бастады. Мысалы, жұ­мысын былтыр жыл ая­ғын­да бастаған «Арқалық Ет» ет комбинаты тек сапалы ет пен ет өнімдерін өндіріп қа­на қоймай, облыстың оң­түс­тік аудандарындағы мал ша­руа­­шылығының да­муы­на да ықпал ете баста­ды. Ол «Қазақстанның үздік тауарлары» облыстық бай­қау-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атан­ды. «Өндірістік мақсат­тағы үз­дік тауарлар», «Халық тұты­натын үздік тауар­лар» аталымы бойынша да жеңімпаздар анық­талды. Олардың арасында Рудный цемент зауыты, ұлттық киімдер тіге­тін «Домбаева Е.С» жеке кә­сіп­керлігі, малдың сапа­лы жемін шығаратын «Гер­мес-4» кәсіпорындары, тағы басқалары бар. 

Облыстық байқау-көр­меде сапа көрсеткішімен оза шапқандар алдағы қазан айында байқау-көрменің республикалық қорытынды кезеңінде бақ сынайды.