Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Текелінің «жомарт жүрек» жандары

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Текелі қаласында тұратын Сизиковтердің отбасында 7 бала өсіп келеді. Отағасы Александр қоларбаға таңылған кемтар жан, 1-топтағы мүгедек. Ал отанасы Наталья ері мен балаларын күтіп-бағып отыр. Көп балалы отбасының жеке баспанасы жоқ еді...

Текелінің «жомарт жүрек» жандары

Жақында Сизиковтер әулеті күт­пеген қуанышқа кенелді. Осы Текелі­­дегі «Фирма СМР» серіктес­тігінің бас­қару­шы директоры Жанболат Піржанов олар­ға 4 бөлмелі баспананың кілтін сыйлады. Үйдің тиісті құжаттарын отағасы Алек­сандрдың қолына табыстаған кәсіпкер:

– Мұқтаж отбасыға көмек қолын созып, олардың бақытты жүздерін көру мен үшін үлкен қуаныш. Мүмкіндік барда көп балалы отбасыларға көмектесу керек. Барша кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды осындай игі істер жасауға шақырамын, – деді.

Ал Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қайырымды кәсіпкерлер тарапынан көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерге үнемі қамқорлық жасалып отырғанын айтады. Әсіресе баспана зардабын тартып отырған от­ба­сыларға жеке қаржысына үй сатып алып беруге бейіл кәсіпкерлердің қатары өсіп келеді екен. Шағын қалада осымен үшінші кәсіпкер мұқтаж әулетке тұрғын үй кілтін тарту етті. Жақында осы қалада тұратын көп балалы Мақпал Күз­дік­баеваға да жергілікті кәсіпкерлер 3 бөл­мелі үй сатып алып берген еді. Одан сәл арыда қоныс тойын «Күміс алқалы» жас ана Назгүл Күжекеева тойлаған болатын.

– Бұл біздің қалада кәсіпкерлердің қолдауымен сыйланған үшінші үй. Сондай-ақ республикалық және об­лыс­тық бюджеттен көп балалы отба­сы­ларға үй сатып алу үшін арнайы қара­жат бөлінген. Бүгінде бірнеше үй са­тып алынып, құжаттары рәсімделуде. Жал­пы, Текеліде 415 көп балалы отбасылар тіркелген. Оның жүз жетпісі үйге мұқ­таж болса, 96 отбасы кезекте тұр. Жа­қын күндері осы кезек бойынша үй беріле бастайды. Бұл бағытта жұмыс әлі де жал­ғасады, – дейді Бақтияр Өнербаев. 

Жалпы, қайырымдылық көмек көрсету мейірбандық, демеушілік және меценаттық қызмет түріндегі өз еркі­мен, өтеусіз немесе жеңілдік түрінде жүз­еге асырылатын ізгілік қажет­тілік­ті қанағаттандыруға негізделген әлеу­меттік-пайдалы қызмет екені даусыз. «Сыйға – сый...» дегендей шағын қаладағы жомарт жандардың қайырым­ды істері елеусіз қалған жоқ. Жақында Теке­ліде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды. 

– Текелі қаласында да қайырым­дылық­пен айналысып, қаламызды көр­кейту­мен қатар, көп балалы отбасы­ларға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген азаматтар аз емес. Осы орайда «Жомарт жүрек» сыйлығымен лайықты адамдарды марапаттауды жөн көрдік. Шара барысында бірқатар ме­ценат­тарға Алғыс хат табыстап, алдағы уақыт­та да игі істердің көш басында жүріп, ел алғысына бөлене беруге ша­қыр­дым, – дейді Текелі қаласының әкімі.