Облыс орталығына жақын, Жайық өзенін жағалай орналасқан ауданда 15 ауылдық округ, 52 елді мекен, 38 мыңнан аса тұрғын бар. Осы халықтың 60 пайызы, яғни 22 603 адам экономикалық белсенді тұрғындарға жатады. Олардың дені ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп, өзінің де, елдің де экономикалық дамуына үлес қосып жүр.
Әрине ел ішінде түрлі тағдыр кездеседі. Әртүрлі себеппен жағдайы нашар, ауқаты төмен болған отбасылар да бар. Ерте заманда мұндай адамдарға ауыл ақсақалдар, ел ағалары, тіпті ауыл болып көмектесетін. Жетімді жебеп, жалғызды демеп, басына үй тігіп, алдына мал жиып берген оқиғаларды көне әңгімелерден талай естідік. Бүгінде бұл функцияны мемлекет атқарады.
– Күні бүгін Теректі ауданында 431 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны аудан бойынша 847 отбасы. Бұл отбасыларда 4216 адам тұрып жатыр. Соның 2435-і – жасы 18-ге толмаған балалар, – дейді Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлима Лұқпанова.
Әлима Абылайқызының айтуынша, жоғарыдағы топтың ішінде 239 шаңырақ көп балалы отбасы саналады. Яғни, бұл үйлерде 4 және одан да көп бала тәрбиеленіп жатыр.
Міне, осындай жұмыссыз жүрген теректіліктерді сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, кәсіпкерлікке баулу ауданда жақсы жолға қойылған. Бұл көмек ең алдымен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне ұсынылады. Биылдың өзінде осындай отбасылардан 37 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 8 адам әлеуметтік жұмысқа, 1 адам жастар тәжірибесіне тартылыпты. 9 адам қысқа оқыту курстарына жолданған.
2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында аудан бойынша 365 397 000 теңгеге 96 несие берілген екен. Ал «Бастау Бизнес» бағдарламасы тыңдаушылары 289 645 000 теңгеге 74 несие алған. Бұдан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 249 145 000 теңгеге 64 несие, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 40 500 000 теңгеге 10 несие берілген. 2019 жылдың 5 айында аудан бойынша жалпы көлемі 24 000 000 теңгенің 5 несиесі иесін тауыпты. Мұның бәрі өз кәсібін өсіріп, өркендетем деген ауыл тұрғыны үшін нақты көмек екендігі сөзсіз.
Бір тәуірі, мемлекеттің көмегін орайымен пайдаланып, нақты кәсіпке айналдырған отбасылар да көбейіп келеді екен. Солардың бірі – Тоқтаровтар отбасы туралы Ә.Абылайқызы сүйсініп айтады.
Иә, Барбастау ауылында тұратын Тоқтаровтар отбасында жиырманың үстінде жан тұрады екен. Әулеттің үлкені Жұма апай – үш баласының отбасын бір шаңырақ астында тату-тәтті ұстап отырған берекелі бәйбіше болып шықты. Келіндерінің бірі Гүлайман – жеті баланың, ал Саманта – бес баланың анасы екен.