Қоғам • 12 Шілде, 2019

Мигранттар саны артты

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің соңғы бес жылда шетелдік мигранттар үшін тартымдылығы бойынша позициясы жақсарып, 129-дан 77-орынға көтерілген. Шетелдіктер негізінен біздің елге жұмыс іздеп келуде.

Мигранттар саны артты
Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда көші-қон қызметі орталықтары арқылы шетелдіктерге 434 мыңнан астам рұқ­сат берілген. Оған қоса, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина азаматтарының еңбек қызметіне бұрын берілген 117,5 мың рұқсаттың мерзімі ұзартылған. Ал биылғы жылдың 6 айында жеке тұлға­лардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін 260 мыңға жуық мигрантқа рұқсат ресімделіп, ұзартылды.

Жұмысқа рұқсат алуға ниет білдіру­шілердің саны, әсіресе көктемгі-жазғы кезеңде артады, бұл кезде көші-қон қыз­меттері ел бойынша күніне бірнеше мың рұқсатқа дейін рәсімдейді. 

Осыған орай, ішкі істер органдарын цифрландыру мәселелеріне арнал­ған кеңесте Ішкі істер министрі Ер­лан Тұрғымбаев мемлекеттік қызмет­тердің электронды форматқа көшуін жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта көші-қон қызметтерін көрсету орталық­тарында цифрландыру процестері жаппай енгізілуде.

Айталық, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде ашылған көші-қон қыз­меті орталықтары негізінен гастарбай­терлерді «көлеңкеден» шығару және оларды еңбек қызметінің ресми ортасына тарту процесімен айналысуда. Сонымен қатар аталған орталықтарда мемлекеттік қызметтің 10-нан астам түрі көрсетілуде.  Оның ішінде жұмыс істеуге рұқсат алу және рұқсаттың мерзімін ұзарту, виза рәсімдеу, азаматтық мәселелер, шетел­діктерді тұрақты тұруға рәсімдеу, ЖСН, сақтандыру полисін, жеке көші-қон нөмірін алу және медициналық куәлан­дыру қызметтері мигранттар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр. 


Альфия ОМАРОВА