Сұхбат • 12 Шілде, 2019

Мейірғат Амангелдин: Кинодағы ұстазым – Қасым сұлтан

3349 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мейірғат Амангелдин есімімен көпшілік қауым режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы: «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» фильмдеріндегі Қасым сұлтан бейнесі арқылы жақсы таныс. Аталған туындыда жарқ ете қалған жас актердің жасындай отты жанары көпшілік есінде жатталған. Күні кеше ХV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің шымылдығын түрген айтулы кинокартинаны тамашалап отырып, Мейірғат кейіптеген Қасым сұлтан бейнесіне басқа қырынан және бір мәрте үңілгендей болдық. Көрсетілімнен кейінгі актермен өрбіген әңгімеміздің негізгі ауаны да осы экран мен сахнадағы рөлдері айналасында болды.

Мейірғат Амангелдин: Кинодағы ұстазым – Қасым сұлтан

– Актердің бағын ашатын таби­ғатына дөп түскен сәтті рөл екені анық. Осы тұр­ғыдан келгенде, Қа­сым сұлтан бейнесі сізге не бер­ді? Кейіп­­керіңізбен қан­дай ұқсас­тық­тарыңыз бар? 

– «Жақсы актер кез келген рөлде жарқырай көрінуі керек. Шеберлік деген – сол» деп жатады. Келісуге де, ке­ліспеуге де болады. Бі­рақ, қа­­лай десек те, актердің ба­ғы – оң жам­басына келетін сәтті рөлімен дер шағында жо­лығуы. Ол рас. Мен үшін Қасым сұлтан бейнесі сондай рөл болды ғой деп ойлаймын. Оқу бітіре салып, театр сахнасында түрлі кейіпкерлерді ойнап жүргеніммен, киноға біраз имене қадам бастым. Бағыма орай, үлкен экрандағы дебютім – Қасым сұлтан болды. Алғаш рөлге бекітілгенімді естігенде, қатты толқыдым. Қорқыныштың болғанын да жа­сырмаймын. Өйткені бұған дейін театр сахнасында Қожа, Бақыт, Жасболат сынды кілең балалардың, мектеп оқушыларының бейнесін кейіптеп жүргеннен кейін де шығар, Қасым сұлтандай тарихи кесек тұлғаға келгенде аздап жүрексінгенім рас. Бірақ, кино бала күннен бергі арманым болған соң, көп ойланбадым, өзіме өзім «нартәуекел!» дедім. «Көз қор­қақ, қол батыр» деген рас екен. Бір ай өткеннен кейін-ақ, Қасым рөліне ене бастағандай болдым. Тіпті бес айдан кейін түсірілім алаңынан үйге оралғанымда қала тіршілігіне үйрене алмай біраз тосырқап жүрдім. Өйткені кең далада атқа мініп, ауылдың табиғатына әбден ет үйреніп қалыпты. Соны сағындым (жымиды). Негізі Қасым сұлтан бей­несі мен өз табиғатымда ай­тарлықтай ұқсастық бар деп айта алмаймын. Керісінше, Қасым хан маған өмірде са­бырлы, жинақы болуды үйретті. Түсірілім барысында кейіпкерімнің табиғатына байланысты барынша сал­мақтылау, ұстамдырақ болуға тырыстым. Ал менің болмысымда балалық қалып басымдау. Әрине, актер ретінде өзіңнің жаныңнан да түрлі ізденістеріңді қосасың ғой, бірақ қалай десе де Қасым бейнесі кино әлеміндегі ұс­тазым болды.

– Режиссер Рүстем Әбді­раш пен актер Мейір­ғат­тың арасындағы шы­ғар­машылық тандемді қалай баға­лайсыз? 

– Рүстем аға ерекше адам ғой. Өз басым ол кісіні адам ретінде де, кәсіби маман ре­тінде де қатты сыйлаймын. Түсірілім жұмыстары әл­де­қа­шан аяқталып кетке­німен, шығармашылық байланысымыз үзілген емес. Үнемі жас­тарды жанына жақын тартып, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Рүстем ағамен жұмыс істеудің өзі үлкен ғанибет. Ол кісінің бір ерек­шелігі – шежірені, тарихты өте жақсы біледі. Кәсіби суретшілігі де өз алдына бір төбе. Әр кадрдан сұлулық іздеп тұрады. Бізді де сол талғамға тәрбиеледі. Ең бастысы, ак­тердің ізденісін шектеген емес. Камера алдында барынша еркін ашылуыңа мүмкіндік береді. Белгілі бір шекараға салып, өзінің режиссерлік үс­темдігін жүргізу ол кісінің табиғатына жат. Сондықтан болса керек, фильмде им­провизацияға көп бардық. Каме­рамен бірден «достасып» кеттік. Рүс­тем ағаның тағы бір ерекшелігі – барлығына жаны ашып, қамқор болып жүреді. Рөл сұрап келген адамның бетін қайтарған емес. Кішкентай эпизодқа енгізсе де әйтеуір алдына келген адамды риза қылмай қайтармайды. Көңілге көп қарайды. Әсіресе, түсірілім алаңындағы мына бір оқиға есімнен кетпейді. Түлкібаста өткен түсірілімнің бірінде 15-16 жас­тағы бала келіп: «Аға, менің де кинода ойнағым келеді. Көпшілік сахнада болса да рөл тауып беріңізші» деп қиылды. Жанары от болып жанып, көңілі өнер деп өрекпіп тұрған бозбаланың меселін қайтарғысы кел­мей барлығымыздың көзі­мізше: «Бүгін осында қал, ертең бір­деңе қыламыз», – деді. Бі­рақ, кейін ол оқиғаны мүлдем ұмытып кетіппін. Премьера күні әлгі баланы фильмнен негізгі планда көріп, Рүстем ағаға іштей риза болдым. Осы жағынан келгенде ол кісі өте қазақи ақынның отбасында тәрбиеленгені сөзінен де, әрекетінен де көрініп тұрады. Бүгінде көп адамның бойында кездесе бермейтін қазақы бір дархандық, кеңдік бар. Сол мінезін ерекше құрмет тұтамын. 

– «Қазақ хандығы», «Ал­тын тақ» фильмі­мен тура бір күні тұ­сауы кесіл­ген «Ка­никулы off-line» кар­­тина­сындағы бейнеңіз Қа­сым сұл­тан­ға мүлдем қа­ра­ма-қарсы... Шы­ны­ңыз­­ды айты­ңызшы, экран­дағы екі түрлі Мейір­ғаттың қай­­сысы өзі­ңізге көбі­рек ұнады? 

– Қиындау сұрақ екен (күлді). Актер үшін әр жасаған жұмысы ыс­тық қой. Әрине, жауапкершілік тұрғысынан келгенде, Қасым сұл­тан­ның салмағы ауыр болды. Із­деніске де жіті мән бердім. Ал «Каникулы off-line» комедиясында жағдай мүлдем басқа. Мұнда мен өзімді ойнадым. Сөзсіз, комедияның да қиындығы жетерлік. Бірақ бұл фильмдегі атмосфера балалық шаққа қайта саяхат шеккізгендей сағынышқа, қызықты естеліктерге толы болды. Оның үсті­не, театрдағы ұстазым, режиссер Нұр­қанат Жақыпбай: «Ак­тер әрқашан өзінің балалығын жо­ғалт­пауы керек», деп үнемі айтып отырады. Осы сөз жадымызға сіңіп қалғаннан болар, Жастар театрының барлық актері балалық қалпын жо­ғалт­пауға ұмтылады. Қай рөлге де жас­тық жалынмен келуге жанын салады. Өйткені біздің театрдағы негізгі қағида – сол. Сондықтан болса керек мен «Каникулы off-line»-ды тіпті де жатырқаған жоқпын. Фильм­нің түсірілімі тек балалар мен көрермендерге ғана емес, өзіме де қатты қызық болды. Себебі сценарий шынайылығымен ұтты деп ойлаймын. Өмірде қандай болсақ, фильмде де сол табиғатымызды өзгертпей беруге тырыстық. Бастысы – эмоцияны қолдан жасамадық, бәрі болмысымыздай шынайы болды. Он сегіз күн бойы балалармен бір үйде тұ­рып, бірге тамақтанып, ойнап, аз ғана уақытта бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әрине, бастапқыда қаланың балалары ауылға үйрене алмай тосырқап жүрді. Кейін кең далаға бой үйретіп, тіпті қайтқылары келмей қалды. Бұл – актерлерге еркіндік берген режиссердің тапқырлығы. Соның арқасында жеңіл, ойнақы, көңілді фильм өмір­ге келді. Туындының кино­прокаттағы жалпы табысына қарап, «жасаған жұмысымыз көпшілік көрерменнің кө­ңілінен шықты ғой» деп ой түйдік. Қазір коме­дияның екінші бөлімін түсіру жос­пар­ланып жатыр. Сәтін салса, жақын күндері отандық кинотеатрлардан көріп қалу­ларыңыз мүмкін.

– Сөзіңізде ерекше тоқ­талып өткендей, өнер­дегі алғашқы қадам­да­ры­ңыздың куәгері – Жас­тар театры. Өнер ордасының қа­зір­гі жағ­дайы, деңгейін қалай бағалай­сыз? Театр сіз­ге не берді?

– Жастар театры ең әуелі мені актер болу, үлкен сахнада өнер көрсету дейтін арманыммен қауыштырды. Сол үшін де мен осындай ғажайып әлемнің есігін айқара ашып беріп, талғампаз театр, сахна мәдениетіне тәрбиелеген ұстазым, өнердегі әкем, сүйік­ті ағайымыз – Нұрқанат Жа­қыпбайға қарыздармын. Нұр­қанат ағай ұзақ жыл тың­ғылықты ізденіп, бірнеше буын шәкірттеріне тәлім бе­ре жүріп, барлығын өзі ірге­сін қалаған бір театрдың шаңырағы астына ұйыстыра білді. Жастар театрында қызмет ететін актерлердің арманы да, мақсат-мүддесі де ортақ, ол – заманауи жаңа­шыл теат­р өнерін тудыру. Сондықтан болса керек, біз бір-бірімізді ыммен, көзқараспен-ақ түсініп, ұғысатын деңгейге жеттік. Өзге театрлардағы әріптестеріміз: «Сендердің театр­ларың бәрібір басқа. Ерек­шеленіп жүре­сіңдер», дейді. Ол ерекшелік – теат­р актерлерінің барлығының бір ұстаздан тәлім алып, әлі күнге дейін бір әкенің баласындай тәрбиеленіп келе жатқандығында болса керек. Оқу бітіргенімізге бірнеше жыл өтсе де, біз үшін Нұрқанат ағай – ұстаз, ал біз студент сияқтымыз. Үнемі сол кісінің пікіріне құлақ асып, ақылын азық етіп келеміз. Тіпті ағай кезекті премьерадан кейін рө­ліміз жайлы ештеңе демей қалса, өзімізді біртүрлі сезініп, іштей қамшылай түсеміз. Ол кісі бізді жанкеш­тілікке, тәуекелшілдікке, ең бастысы алдымызға үлкен арман қойып, сол арманға сендіріп үй­ретті. Соның арқасында болар, бү­гінде Жастар театрын елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдік өнер ұжымдары мен көрермендер жақсы біледі, қуана қарсы алады. Бірнеше мемлекетке барып, фестивальдерден жүлделі оралып жүрміз. Мұның барлығы ұстазымыздың ұжымда қалыптастырып, бойымызға сіңірген ауызбіршілік пен бауырмалдық сезім­дерінің арқасы екені анық.

– Театр мен кино акте­рінің қан­дай айырма­шы­лығы бар? Қос салада қа­тар қызмет еткен тәжіри­беңіз­ден не түйдіңіз?

– Әдетте, театр актерлері кино­да жасанды, «театральный» ойнайды деп жиі сын айтып жатады. Бұл жерде барлық мәселе әртістің ше­берлігіне келіп тіреледі деп ойлаймын. Өйткені театрдың да, киноның да өз ерекшелігі, ойнау талабы болады. Мәселен, театрда әртіс әрекеті көрерменнің көз алдында. Міндет – алдыңғы қатардан бастап, соңғы қатар­да отырған көрерменіңе сө­зіңді де, өзіңді де жеткізу. Содан кейін әр ойнаған сайын рөлің дамып, толығып, жетіліп отырады. Театр акте­ріне қателесуге болмайды. Өйткені әр әрекетіңді қалт жібермей қадағалап отырған көрермен бар. Осы тұрғыдан келгенде, театр актеріне жүк­телер эмоциялық, энер­гиялық салмақ ауырлау. Ал кинода бәрі басқаша. Мұнда байыппен сөйлеуге, қарапайым қалып­ты ұстануға мүмкіндік беріледі. Сәтсіз кадрларды қайта түсіруге болады. Ки­нода бастысы камерамен достасып үйрену керек. Қалғаны тәжірибемен, эмоционалдық күймен келе береді. Мәселен, «Қазақ хандығы» фильмінің алғашқы бөлімі түсірілген 5 ай уақыттың ішінде мен өзімді шын мәнін­де кәдімгідей сұлтан сезініп, сол кейіптен шыққым келмей, керемет бір күй кештім. Соңында кейіпкерімді аздап қимай да қалдым. Өйткені режиссерден бастап, шығармашылық топ түгелімен маған солай қарады. Тіпті түсірілім жұ­мыстары өткен елді мекен, ауылдардағы үлкен кі­сілер, әсіресе апалар жа­ғы үстіме кіреукемді киіп, қа­ру-жарағымды асынып қастарынан өткенімде «Қа­сым сұлтан келе жатыр» деп орындарынан тұрып құрмет көрсететін. Балалар да «Қасым аға» атап кетті. Сөйтіп бір сәтте мен өзімнің Мейірғат екенімді ұмытып, Қасым сұлтан болып өмір сүрдім. Міне, көрдіңіздер ме, кино актеріне түсірілім өтетін межелі уақыт аралығында осы тектес күйді сезінуі ма­ңызды. Өз образыңа лайық­ты деңгейде сене алсаң, рөлің де шынайы шығады. Ал театрда олай емес. Сахнаға әр шыққан сайын кейіпкеріңнің күйін қайта-қайта сезініп, көңіл елегінен өткізуге тура келеді. Бұл, әсіресе трагедия жанрындағы қойылымдарда ауырлау. Бірақ, актер үшін де, көрермен үшін де театр сонысымен ыстық деп ойлаймын. Жалпы, театр мен киноның ерекшелігін америкалық әйгілі актер Аль Пачинодан артық бағалау мүмкін емес. Актер айтады: «...Театрда да, кинода да ойнау – арқан жіпте жүргендей. Жіп театр­да жоғары ілінсе, кинода жерге қойылады. Театрда құ­ласаң – оңбай құлайсың». Тура айтылған. Ең бастысы, жанрлар ерекшелігін сезіне білу қажет. Үнемі ізденіп, өз-өзін дамытып, жетілдіріп жүретін актерге мұндай қауіп төнбейді. Жақсы актерге ше­берліктен бұрын, ең әуелі терең білім керек.

– Іштей жақсы кө­ріп, үнемі сағынып, ойна­ғыңыз келіп жүретін кейіп­кер­леріңіз бар ма? 

– Әрине, ондай рөлдер театрда өте көп. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойған «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» спектакліндегі – Қо­жа, Сә­кен Жүнісовтің «Тырау-ты­рау, тыр­наларындағы» – Бақыт, Ғ.Мүсі­реповтің «Қыз Жібегіндегі» – Төле­ген, Қанат Жүнісовтің «Алғаш­қы махаббатындағы» – Жас­болат бейне­лері әсіресе жа­ныма жақын. Балаларға ар­налған ертегілерде ойнаған да ұнайды. Өйткені ондай қойылымдарда тазалық бар. Көрермендерің де дәл сондай тап-таза. Жалпы, ба­лалардың қуанышын, эмоциясын сезіну ерекше қызық қой. Сондықтан театрдағы рөлдерімнің ешқайсысын бірін екіншісінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Барлығы өз алдына қызық, қымбат. Әйтсе де болашақта ойнасам, шығармашылық өмірбаянымды толықтырсам деген кейіпкерлер де жоқ емес. Ол, әсіресе, кино саласына қатысты. Алда жақ­сы, сапалы сценарийлер келіп, ұсыныс түсіп жатса, мело­драма жанрында және спортқа, оның ішінде күреске қатысты фильм, сериалдарға түсуге қуана келіскен болар едім. Бүгінде мені спорт туралы картиналар қатты қызықтырып жүр.

– Ал болашақта қандай режиссерлермен бірлесе жұмыс істегіңіз келеді? 

– Актер үшін әр режиссер өзінше бір тәжірибе мектебі ғой. Әсіресе, ресейлік режиссерлердің шеберханасын көріп, танысқым келеді. Отандық режиссерлерден Ақан Сатаевпен жұмыс істеу мен үшін өте қызық. 

– Актер Мейірғат Аман­гелдинге не тілейсіз? 

– Өзіме айтар тілек те, талап та өте көп (күлді). Әсіресе, «ерінбе, көп оқы» дегім келеді. Өйткені менің ең осал тұсым – жалқаулығым, барға қанағат жасап қалатындығым. Мұны театрда ұстазымыз да үнемі айтып, қамшылап отырады. «Актер ізденісін тоқтатқан күні өледі» дейді режиссер. Сондықтан да адам өзінен жақсы актер жаса­ғысы келсе, ең әуелі көп оқып, ізденуі керек. Менің бір жаман әдетім – қызығы кетіп қалса, кез келген істі соңына жеткізбей, тастап жүре беремін. Мені үнемі қызықтырып, таңғал­дырып отыру қажет. Осы әдетімді жеңгім келеді. Қалғанын кәсіби һәм өмірлік тәжірибе өзі-ақ қалып­тастырады деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Айна АЛПЫСБАЙ, 
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті