14 Ақпан, 2013

Балықтың «бағы» қашан жанады?

389 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балықтың «бағы» қашан жанады?

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:07

Елімізде балық шаруашылығын дамыту 2007-2015 жылдарға арналған бағдарлама негізінде қолға алынды. Бір адамға 14,6 келі балық деп тұжырымдаған Үкімет балық өсiру мен балық импортын жылына 272,0 мың тоннаға дейiн жеткiзуді көздеп отыр.

 

Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:07

Елімізде балық шаруашылығын дамыту 2007-2015 жылдарға арналған бағдарлама негізінде қолға алынды. Бір адамға 14,6 келі балық деп тұжырымдаған Үкімет балық өсiру мен балық импортын жылына 272,0 мың тоннаға дейiн жеткiзуді көздеп отыр.

Қолдағы дерек көздері бойынша, Қазақстанда Каспий теңiзiн қоспағанның өзінде су тоғандарының жалпы ауданы 5 миллион гектар шамасында. Республика су тоғандарында тауарлық балық өсiру көлемi 1970 жыл мен 1990 жылдар аралығында 0,6 мың тоннадан 9,8 мың тоннаға дейiн өстi немесе 14,2 eceгe дейiн артты. Тауарлық балық өсiру бойынша мұндай өсу қарқыны кезінде кеңестік республикалардың бiрде-бiрiнде болмаған екен. Мысалы, Балқаш көлiнде 1 гектардан 3-тен 5 келіге дейiн балық ауланса, ал тоған шаруашылығында бұл көрсеткiш 1,5 мың келіден 1,8 мың келіге дейiн жеткен кездер болыпты.

Мамандар 1990 жылдан бастап 2004 жылға дейiн балық аулау көлемi 80,9 мың тоннадан 36,6 мың тоннаға дейiн күрт төмендеп кеткенін айтады. Егер статистиканы сөйлетер болсақ, 2005 жылы балық қорларын қорғау және оңтайлы пайдалануға бақылауды күшейту нәтижесiнде республиканың су тоғандарындағы жалпы балық аулау көлемi 2004 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға артқан және 44,9 мың тоннаны құраған. Демек, еліміздің түрлі аймақтарында тауарлы балық өндірісін өркендетуге мүмкіншілік бар. Мәселен, 2012  жылы бізде 300 тонна тауарлық балық өсірілсе, 2025 жылға дейінгі аралықта оның мөлшерін жылына 50 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Әсіресе, әлемдік тәжірибеде мойындалған балық өнімдері өндірісін акваөсірудің есебінен арттыру, яғни балық қорын жасанды түрде көбейту қолға алынуда. «Акваөсіруді өркендету – бүгінгі күннің талабы. Бұл бәсекеге қабілетті өнім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар, балық түрлерін жасанды жолмен өсіру табиғи таралымды аулау көлемін азайтады. Бұл өз кезегінде биоалуандықты сақтап қалуға септігін тигізеді», дейді Балық шаруашылығы комитеті акваөсіруді дамыту басқармасының бастығы Қадырбек Исқалиев. Біздің білуімізше, бүгінде Балық шаруашылығы комитетінің қарамағында жеті республикалық мемлекеттік-қазы­на­шылық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар: Атырау облысындағы Еркінқала ауылындағы Атырау бекіре өсіру зауыты, Зарослый кентіндегі Жайық-Атырау бекіре балық зауыты, Алматы облысы Шалқар поселкесіндегі Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қызылорда облысы Қосжар ауылындағы Қамыстыбас балық питомнигі, Петропавл қаласындағы Петропавл балық питомнигі, Ақмола облысындағы Майбалық балық питомнигі және Алматыдағы Қазақ өндірістік-акклиматизациялық стансасы.  Бұл кәсіпорындар жыл сайын еліміздің балық шаруашылығы су айдындарын бекіре, албырт, тұқы және өсімдік қоректі балықтың құнды түрлерімен байытқан. 2012 жылы балық өсірушілер табиғи ортаға 160 млн. дана құнды балық түрлерінің шабағын жіберіпті. Сонымен қатар, жеке меншік кәсіпорындармен қордағы су айдындарында 6,3 млн. дана балықтың құнды түрлерін (сібір бекіресі, сүйрік, тұқы, сазан, дөңмаңдай, ақ амур) өсіру жөнінде келісімдер жасалып жатқан көрінеді.

– Тұрғындардың балықты тағам ретінде пайдалану көлемін жылына бүгінгі 5 келіден 10 келіге дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Біз өзіміздің табиғи қорларымызды да қолдап отыруымыз керек. Балықтың уылдырық шашатын уақытында оларды аулауға тыйым салудың мерзімін ұзарту арқылы да балықтың табиғи жолмен көбеюін де естен шығармауға тиіспіз, – дейді Қазақ балық шаруашылығы институтының бас директоры Қуаныш Исабеков.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі күні елімізде мемлекет қамқорлығын сезініп отырған халықаралық талапқа сай салынған жеті зауыт бар. Сонда да болса, ішкі рынокты толық балық және балық өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай тұр. Көксерке мен бекіре тұқымына  біржола жойылып кету қаупі төнген.

Кезінде «республика флагманы» ата­ғымен дүркіреген  «Атырау балық» АҚ-тың жұмысы тоқтап қалды. Ал «Балқашбалық» ЖШС директоры Ахат Құспаевтың айтуынша, «Біздегі балық шаруашылығы бүгінде өгей баланың күйін кешіп отыр». 30 жылдан астам уақыт судан «маржан терген» балықшы өз шаруашылығының балық аулау, сату, өңдеумен айналысатынын айта келіп, мемлекет тарапынан ешқандай квота, лимит дегенді алып көрмегенін, сонда да болса, өзен сағалаған халықты азын-аулық жұмыспен қамтып, өз күндерін өздері көріп отырғандарын жеткізді.

Дәрігерлердің есебіне сәйкес, азық-түлік нормасы бойынша әр адам жылына 14 келі балық жеуі тиіс. Осы стандартпен алатын болсақ, ел тұрғындарын балық және балық өнімдерімен түгелдей қамту үшін 230 мың тоннадай балық өндіру қажет. Сондықтан, еліміз импортқа тәуелді.

Негізінен балық және балық өнімдері Қазақстанға әлемнің 43 елінен, әсіресе Ресей, Норвегия және Қытайдан көптеп тасымалданады. Дүкен сөрелері толған шетелдік өнім. Бағасынан бас айналады. Мәселен, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің дерегінше, 2011 жылы Ресейден 9007 тонна, Норвегиядан 25062 тонна, Латвиядан 6496 тонна, Вьетнамнан 4691 тонна, Эстониядан 2454 тонна, Қытайдан 2774 тонна балық өнімдері әкелінген.

Керісінше, елімізде ауланып, өңделетін балықтың 60%-ы экспортқа кетіп жатыр. Сондай-ақ биылдан бастап, бұрын Еуроодаққа балық және балық өнімдерін эспортқа шығарып келген 6 өңдеуші кәсіпорын тағы 4 өңдеуші кәсіпорынмен толықты. Өз ернімізге жетпестен, өткен жылдың қазан айынан бері еуроаумаққа біздің елден 3 мың тонна балық өнімдері экспортталыпты.

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылда елімізден 40 тонна бекіре тұқымдас балық, 10 тонна қара уылдырық шетке шығарылыпты. Балықшылар болса «бұл есеп тура емес, одан да көп» дейді. Қара уылдырықтың «көлеңкелі бизнесі» 92 пайызға жетіп жығылыпты. Елімізде өндірілген уылдырықтың 85 пайызын тек АҚШ сатып әкететін көрінеді.

Балық өсіруге қолайлы су көздері мен жасанды су айдындары жағынан алғанда ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейінгі орындамыз. Табиғаты жан-жануарлар мен аң-құсқа бай қазақ даласы «балығы тайдай тулаған» өзен-көлдерден де кенде емес. Көгілдір айдынында балықтың 127 түрі бар болса, оның 18 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Десек те, соңғы жылдары айдындардың ластануы салдарынан балықтар да өсімін азайтқан дейді мамандар.

– Балық шаруашылығын дамыту үшін, ең алдымен, су мәселесін шешуіміз керек. Екіншіден, сол суларға балық жіберу қажет. Үшіншіден, балығы бар өзен-көлдерге қамқорлық жасалуы тиіс. Қазір елдің бәрі балығы бар көлдерге шүйлігеді. Бірақ оны мемлекетке салығын төлеп отыратын адамдар алады. Дегенмен, кейде осы салада заң бұзушылықтар болып тұрады. Бізде екі-үш адамнан бірігіп, қуыстардағы кішігірім бір көлдерден балық аулау арқылы күн көріп жүргендер бар. Олар болашағын ойлап жүргендер емес. Сондықтан да ұйымдастыру жұмыстарын мықтап қолға алған жөн,  – дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Ихтиология зертханасының меңгерушісі Хисмет Исмуханов.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.