20 Ақпан, 2013

Әлеуметтік салаға басты назар

538 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әлеуметтік салаға басты назар

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:27

Үстіміздегі жылдың сәуір айында шетел инвесторының тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорнының құрылғанына жиырма жыл толады. Осы жылдар ішінде кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше мән беріп, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.

 

Сәрсенбі, 20 ақпан 2013 7:27

Үстіміздегі жылдың сәуір айында шетел инвесторының тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» кәсіпорнының құрылғанына жиырма жыл толады. Осы жылдар ішінде кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше мән беріп, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.

«Теңізшевройл» бірлескен кәсіп­орнының қызметі – тек өндіріс қана емес. Әлемдегі ең ірі мұнай кәсіпшілігінің бірін игеру әуел бастан жергілікті өңірді дамыту бағдарламасымен байланыстырылды, яғни бизнесті жүргізуде әлеу­меттік жауапкершілік басты назарға қойылды.
Қазақстан тәуелсіздігінің төл баласындай өмірге келген «Теңізшевройлдың» бүгінгі жетістігін біз егемен елдің тарихи табысымен тығыз байланыстырамыз. Бұл заңды да. Өйткені, осыдан жиырма жыл бұрын, 6 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының басқарма төр­ағасы Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімге қол қойды. Теңіз кен орнын игеру жөніндегі зор ауқымды жобаға бастау салған бұл тарихи құжатқа қол қойғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн – Қазақстан экономикасы үшін де, «Шеврон» үшін де тарихи күн. Рес­публика іс жүзінде ірі капитал салымдарын тартып отыр, сөйтіп сол арқылы әлемдік бизнеске өзара пайдалы негізде онымен жұмыс істеуге ниеті бар екенін көрсетіп отыр», деп мәлімдеді. Қазақстан үшін ғана емес, «Шеврон» корпорациясы үшін де бұл мәміле 1970-ші жылдардың басынан бергі ең ірі халықаралық мәміле еді. Осынау бағалы құжатқа – Қазақстан-Америка мұнай келісім-шартына қол қойылуының бүкіл дүние жүзі үшін экономикалық қана емес, саяси маңызы болды. Теңіз келісім-шарты халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға деген сенім деңгейін көтеріп, айтарлықтай дәрежеде оның қолайлы имиджін жасауға септігін тигізді.
Осылайша Қазақстанның орасан зор мұнай алыбының және жалпы ел экономикасы дамуы­ның жаңа кезеңі басталды.
Ғасыр ғаламатына айналған бұл жо­баның Тәуелсіздік тұғырына енді мінген жас мем­лекеттің экономикалық тұрғыда нығаюына қосқан үлесі айтарлықтай. Цифр тіліне жүгінсек, осынау жиырма жылда «Теңізшевройл» ЖШС республика экономикасына шамамен 74,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы салды. Кәсіпорындағы қазақстандық кадрлардың еңбекақысы, жергілікті компаниялардың тауарлары мен қызметтеріне төлемдер, темір жол мен мұнай құбырларының және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметтеріне төлемдер, сондай-ақ мемлекет бюджетіне төленетін салық­тар мен роялтилер – міне, осындай тікелей төлемдердің бәрі компанияның Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесі болып табылады. Оның 14,2 млрд. АҚШ доллары 2012 жылдың үлесіне тиеді.
Табыс сыры сан қырлы. Ұжым мү­шелері мен серіктестердің өзара түсіністігі мен ертеңге деген сенімі, оның үстіне Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалып отырған қолдау кәсіпорынның небір асу­ларды бағындыруына мүмкіндік бер­ді. Осындай бірлескен күш-жігердің арқасында тартылған инвестиция тиімді игерілді. Бұл ТШО-ға батыл түрде бүкіл өндірістік инфрақұрылымды қайта құруға, өндірістік базаны кеңейтуге, әлемдік ең жаңа тұрпатты технологияларды пайдалана отырып, жаңа нысандар құрылысын салу және жаңа жабдықтарды монтаждау есебінен өндірістік қуаттарды елеулі түрде арттыруға ықпал етті. Сайып келгенде, Қазақстанға тартылған тұңғыш шетелдік инвестиция өзінің тиімділігімен өзге де инвесторларға жол ашты.
Сенімдердің дұрыстығы «Парыз» сыйлық­тарымен беки түсті. 2008 жылы «Ең үздік әлеу­меттік жоба» үшін, 2009 жылы «Ең үздік ұжымдық келісім-шарт» үшін, «Парыз» сыйлығын алсақ, 2011 жылы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-при жүлдесіне ие болдық. Біз бұл марапаттарды қызметіміздің әділ бағасы ғана емес, сонымен бірге, болашағымызға көрсетілген зор сенім деп қабылдадық.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шетел инвес­торын тарта отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Осы ретте, біздің кәсіпорын да өткен 20 жылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күн тәртібінен бір сәт те түсіріп көрген емес. Кәсіпорынның өндірістік және экономикалық қызметі Қазақстан Республикасымен тығыз серік­тестікте жүзеге асырылып келеді.
Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі кә­сіпорын қызметінің әр алуан қырынан, атап айтқанда тұрғындардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған жергілікті әкімдіктермен бірлескен әлеу­меттік жобалардан, еңбек рыногын дамыту, яғни еңбекке қабілетті жергілікті тұр­ғындарды жұмысқа тартудан, қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктерді арттырудан және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуден, өз қызметкерлеріміз бен таяу елді мекендер тұрғындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуден және олар­дың денсаулығын қорғаудан, компания қыз­меткерлерінің жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуге ба­ғытталған бастамаларын қолдаудан көрінеді.
Өткен 20 жылда «Теңізшевройл» Атырау об­лысы мен Жылыой ауданы әкім­діктерімен бір­лесе отырып, қала және аудан өмірін жақ­сар­туға ба­ғытталған небір бастамаларды жүзеге асырды. Тек Атырау облысының әлеуметтік бағдарламаларына 800 млн. доллардан астам инвестиция бөлінді.
Баршаға мәлім, кәсіпорын өзінің әлеу­меттік бағдарламаларын іске асыруды 1993 жылы «Атырау Бонус Қоры» деп аталатын бес жылға арналған бағдарлама ендіруден бастады. Ол бойынша Атырау мен Теңіз кен орнына іргелес жатқан аудандарда әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық са­ла нысандарын дамытуға 50 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қаржы құю көзделген болатын. Оны жүзеге асыру шеңберінде облыста әлеуметтік инфрақұрылымның ірі нысандары: Атырау қаласында жылыту қазандығы, нан зауыты мен клиника, сондай-ақ Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға арналған 20 тұрғын үй және клиника салынды. Бұдан басқа, бұл бағдарламаға денсаулық сақтау саласындағы әртүрлі жобалар енді, атап айтқанда, туберкулез ауруын емдеудің жаңа әдістемесі енгізілді. Шын мәнінде бұл аймақтың әлеуметтік проблемаларын шешу жолында жасалған зор қадам болды.
1999 жылы аяқталған «Атырау Бо­нус Қоры» бағдарламасының орнына «Игілік» деп аталатын әлеуметтік жобалар бағдарламасы келді. Сол жылы оны іске асыру аясында Атырау қа­ласындағы Жайық өзенінен өтетін бас көпірді қайта жаңарту жобасы іске асырылды, оған 2 млн. АҚШ доллары жұмсалды. Сондай-ақ, Атырау қаласындағы ғимараттарды жаңарту жобасына 2 млн. АҚШ доллары бөлінді. 2000 жылдың өзін­де «Игілік» бағдарламасы шеңберінде Аты­рау университетінің жаңа ғимаратын салуға, қаладағы ғимараттарды жаңартуға және Жайық өзенінің жағасын бекітуге 5 млн. АҚШ доллары жұмсалды.
2007 жылы ТШО кәсіпорынның өндірістік аймағынан 30 шақырым жерде орналасқан, бұрынғы 3500 адам тұратын Сарықамыс мұнайшылар кен­тінің тұрғындарын басқа жерге көшіру бағдарламасын аяқтады. Сарықамыс елді мекенінің тұрғындарын көшіру – Атырау облыстық әкімдігі жүзеге асырған және «Теңізшевройл» толықтай қаржыландырған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды. 750 отбасы осы жоба бойынша Атырау қаласындағы шағын аудан мен Жаңа Қаратон елді мекенінде салынған жаңа үйлерге қоныс аударды. Коттедж типтес бір және екі қабатты тұрғын үйлерден тұратын бұл кешендер тұтас бір шағын аудан түрінде жоспарланды, орталығынан мектеп ғимараты салынды, сондай-ақ онда инженерлік құрылыстар және инфрақұрылым нысандары: көлік және жаяу жолаушылар бағыттарының ішкі желісі, дренаж жүйесі, су құбыры, электрмен және газбен қамту қарастырылды. Тұрғын үйлер табиғи газбен жұмыс істейтін жеке жылыту жүйелерімен қамтамасыз етіліп, шаруашылық құрылыстары және гараж салынды. Мектепті жылыту үшін газды қазандық орнатылды.
1993 жылдан 2012 жылға дейінгі кезеңде ТШО «Атырау Бонус Қоры» және «Игілік» бағдарламалары шең­берінде Атырау қаласы мен облыста жүзеге асырылған денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік инфрақұрылым сала­сындағы әртүрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 200 млн. АҚШ доллары жұмсалды. Бағдарлама шеңберіндегі Атырау қаласындағы электр желілері нысандарын қайта жарақтандыру, шағын аудандарды табиғи газға қосу, сондай-ақ су тазарту жүйелерінің қуаттарын кеңейту, Құлсары қаласындағы 620 оқушыға арналған жаңа кәсіптік-техникалық училище ғимараты, осы қаладағы ауыз суға қатысты ірі жоба көп көңілінен шықты.
Қашанда өз жұмысын жергілікті халықтың игілігіне бағыштаған кәсіпорын 2009 жылдан бастап, әлеуметтік се­ріктестікке негізделген әлеуметтік ин­вестициялардың филантропиялық мо­делінен бас тартты. Бүгінде ТШО маңызды деген әлеуметтік мәселеде тәжірибесі бар үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатты. Жылдық бюджеті 1 млн. АҚШ долларын құрайтын әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы ден­саулық сақтау, білім беруге негіз­делген тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын кәсіпорынның түрлі бөлімдерінің білікті мамандарынан құрылған арнайы комиссия үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен әлеуметтік жобалардың жергілікті халыққа берер пайдасына қарай іріктеп, инвестиция бөліп келеді. Іріктелеген инвестициялық жобалар өңірдің өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге айтарлықтай ықпал етуде. Мәселен, Орталық Азияның Еуразия Қорымен (ОАЕҚ) серіктестігіміздің басты міндеті – Жылыой ауданындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етіп, оған жұртшылықтың қатысуын кеңейту. ТШО-ның ОАЕҚ-мен серіктестігі өзінің басты міндеттеріне қоса дербес, ерекше екі бағытта жұмыс жүр­гізу арқылы оң нәтижелерге жетуде. Біз олардың маңыздылығын жер­гілікті тұрғындар өкілдеріне сауалнама жүргізу және пікірлер сұрау арқылы анықтаған болатынбыз. Екінші кезектегі мәселелер тікелей медициналық қызмет пен медициналық насихаттың, сондай-ақ білім беру жүйесінің сапасын жақсартуға қатысты. Осы міндеттердің алғашқысы медицина қызметкерлерін заманауи жаңа әдістемелерге үйрету және тұрғындарды саламатты өмір салтын насихаттау ісі­не тарту арқылы Жылыой ауданы тұр­ғындарының арасында саламатты өмір салтын насихаттаудың тиімділігін арттырды. Осы бағдарлама шеңберінде Жылыой ауданының 17 дәрігері емделушілермен жұмыс жасау бойынша оқудан өтіп, оған қоса, саламатты өмір салтын насихаттайтын дәрістер оқуды үйренді, ал 6 дәрігер осындай тренингтер өткізуді үйренді. Оқудан өткен дәрігерлер 2308 адамға дәрістер өткізіп, осы мәселеге тұрғындардың назарын аударту мақсатында артериялық гипертензия мектебін ашты. Екінші же­ке міндет мұғалімдерді интерактивті оқытудың жаңа әдістемесіне үйрету және оқытудың тиімді көрнекі және техникалық құралдарын енгізу арқылы аудандағы мектептерде информатика пәнінен дәріс берудің деңгейін жақсартуға қатысты. Бағдарламада Жылыой ауданындағы мектептерде жаңа әдістемелерді енгізу үшін мектеп мұғалімдерінің қауымдастығын құру жөніндегі бастаманы қолдау қарас­тырылған. 2011 жылдың қазан айында ТШО мен Еуразия Орталық Азия Қорының бірлескен бағдарламасы «KAZENERGY» ассоциациясының арнайы сыйлығымен марапатталды. Дәл осы жоба Дохада өткен Дүниежүзілік мұнай конгресінде арнайы сыйлыққа ие болды.
Ал, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу жөніндегі бірлескен бағ­дарлама бойынша, ТШО Қазақстан отбасы дәрігерлері қауымдастығымен бір­лесе отырып, жергілікті медицина қыз­меткерлері мен тұрғындарға жүрек-қан тамырлары дертінің алдын алуға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда.
Жобаның мақсаты – Атырау облы­сында гипертонияға шалдыққан емде­лушілерге алғаш­қы медициналық көмек көрсету қызметінің сапасын арттыру болып табылады. Жобаны Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдары қолдады. Жобаны жүзеге асыру бары­сында Атырау облы­сы медицина қыз­меткерлерімен және тұрғындармен жұмыс жасалды. Жобаны жүзеге асырудың бірінші сатысында ме­дициналық қызметкерлер үшін оқыту курстары ұйымдастырылды.
Емханалардың, отбасылық және дәрігерлік амбулаториялардың, жедел жәрдем көрсету орындары, облыстық және аудандық, ауруханалардың 169 дәрігері гипертония бойынша 3 күндік кли­никалық оқу модульдерінде оқытылды. Тестілеу нәтижесінде дағдылар деңгейінің 40,39 пайызға жақсарғаны анықталды. Сонымен қатар, қаланың 69 дәрігері мен фельдшеріне компьютер арқылы қашықтықтан гипертония бойынша оқу курсы өткізілді, дағдылар көрсеткіші 50-ден аса па­йыз­ға артты. Гипертониядан емделушілердің 2316 амбулаториялық картасына талдау жасалды.
Жалпы 2010 және 2012 жылдардың ара­лығында 306 медициналық қызметкер оқытылды, және ТШО демеушілігімен 290 қан қысымын өлшеу құрылғысы сатып алынды. Жобаның екінші сатысында Атырау тұрғындарымен жұмыс атқарылды. Қауымдастық Атырау қаласы мен Исатай ауданында қан қысымы бойынша екі мектеп ұйымдастырды. Бұл мектептер емделушілердің хабардарлығын көтеру мен гипертониямен кү­ресу және саламатты өмір салтын ұстануды үйрету мақсатында құ­рылған. Мектептерде курс аяғында емделушілерге тонометрлер мен сертификаттар таратылды. Сайып келгенде, бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді, сонымен қатар, Атырау облысындағы денсаулық сақтау сапасын жақсартуда, атап айтсақ, қан қысымы ауруларына көмек көрсету саласына оң нәтиже әкелді.
«Теңізшевройл» алда да Атырау об­лысының денсаулық сақтау саласын жақсартуға үлесін қосатын жобаларды әрі қарай қолдауды жос­парлайды.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қол­данылу аясын кеңейту де біздің назарымыздан тыс қа­лып көрген жоқ. Кәсіпорын құрылған күн­нен бастап-ақ, біз ана тіліміздің өзге тілдермен қатар қолданылуына ерекше мән беріп, оны құжат айналымына берік енгіздік. Әлеуметтік инвестициялық бағдарламалар жобаларын іріктеуде де біз бұл мәселенің сырт қалдырғанымыз жоқ.
Осы ретте, облыстың орыс тілді тұрғындарын дәстүрлі тіл байқауларына қа­тыстыру арқылы қазақ тілін жазбаша және ауызша жетік меңгеруге көмектесуді көздеген «Мен қазақша білемін» атты академик Зейнолла Қабдолов атындағы қормен бірлескен жобаны қолға алдық. Жоба облыс көлемінен көп адамды қамтуды көздеген «Мен қазақша сөйлеймін», «Мен қазақша жаза аламын» және «Қазақстан – менің Отаным» деген негізгі үш бөлімнен тұрады. Аталмыш бағдарламаның нә­тижесі дөңгелек үстел түрлі байқаулар өткізу, театрландырылған көріністер, сондай-ақ, бағдарлама жайлы деректі бейнефильм арқылы көрініп келеді. Келешегіміз кемел, болашағымыз нұрлы болсын десек, біз жас ұрпақтың әлеуетін арттыруға ерекше мән беруіміз керек. Осы ретте, кәсіпорынның «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» атты үкіметтік емес ұйыммен бірлескен «Әлеуметтік қамқорлыққа зәру жастардың әлеуетін көтеру: табысқа апаратын жол» атты жобасы мүгедек балаларға, жетімдерге, әлеуметтік жағдайлары нашар отбасыларынан шыққан және психикалық ауытқулары бар балаларға көмектесіп келеді. Жоба балаларды сурет салу арқылы ішкі ойларын жеткізуге үйретеді, спорттық ойындарға баулиды, «Перемена» газетін шығаратын редакторлық алқаға тартуды көздейді. Жоба нәтижесінде тағдыр талқысына ұшыраған 100 тәрбиеленуші жаңа дағдыларды меңгерді. Болашақта осы дағдылар олардың қоғаммен араласуына, өз елінің толық мүшесі және нағыз патриоты болуына көмектеседі деген сенім бар. Бұлардан басқа «Ақпараттық технологиялар ғасырының ұрпағы», «Ақпараттық технологиялар ғасырының мұғалімдері» сияқты жобалар да жергілікті тұрғындар көңілінен шығып, өз жемісін беруде.
Өткен жылдан бастап, ТШО CDC Develop­ment Solutions компаниясымен бірлесе отырып, Қазақстандағы «Ынтымақ» деп аталатын алғашқы еріктілер бағ­дар­ламасын жүзеге асыруды қолға алды. Атал­ған бағдарлама кәсіпорында бұрыннан қолданылып келе жатқан бағдарламаны толықтырады, Теңізде вахталы әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер, мердігер ұйымдар өкілдері өз еркімен жергілікті мектептерге келіп, оқушылардың ағылшын тіліне жаттығуына мүмкіндік береді.
Өткен 20 жыл – «Теңізшевройл» үшін өркенді де, өрісті жылдар болды. Кәсіпорын Атырау облысы мен Жылыой ауданының әлеу­меттік инфрақұрылымдарын дамытуға, ком­муникациялық жүйелерін са­луға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын жақ­сартуға мил­лиондаған доллар қаржы салып, шетел инвесторын тартудың тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді.
Қазақстан бизнесіндегі өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді сезіне отырып, біз алда да ұлттық экономиканың тұрақты өсімінің қозғаушы күші болатынымызға, әрі жарқын істерімізбен ел дәулетін еселей түсуге өз үлесімізді қоса түсетінімізге сенеміз.
Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ, 
«Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің 
бас менеджері.
АТЫРАУ.