Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Батыс Қазақстан облысында 24 адам суға кетті

498 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті дабыл қағып жатыр: биылғы суға шомылу маусымы басталғалы облыста 24 адам, оның ішінде 7 бала суға кеткен.

Батыс Қазақстан облысында 24 адам суға кетті

- Соңғы екі күн ішінде ғана үш баланың ажалы судан болды, - дейді БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жәдігер Құсайынов.

Маусымның 10-ы күні кешкі сағат 21.19 шамасында Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының ортасынан ағатын Қараөзеннен жергілікті тұрғындар 2013 жылғы ұл баланың денесін судан шығарып алды.

11 маусым күні 16.12 сағатта Орал қаласы Елизаров көшесі маңында Жайық өзеніне бірден екі бала суға кетіп қалған. Оның бірі 13 жасар ұл бала, екіншісі – 11-дегі қыз бала. «Балалар «Суға түсуге болмайды!» деген белгі орнатылған жерге шомылған» дейді төтеншеліктер. Суға кеткен балалардың денесін сүңгуір мамандар алып шықты.

«Көп жағдайда балалар суға үлкендердің қадағалауынсыз түседі. Ересектердің салғырттығынан орны толмас қазаға ұрынып жатамыз. Әсіресе суға шомылуға тиым салынған жерлерде түсуге болмайды. Мас күйінде суға түсу, су ішінде тентектік жасау, ойнаудың аяғы насырға шабуы мүмкін. Суға түсетін адам әр кез құтқару құралдарын киіп жүруі керек. Әсіресе балалардан көз жазбаңыз, оларды су айдындарында шомылуға жалғыз жібермеңіз!» дейді Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті.

Соңғы он жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында 270 адам суға кеткен екен, оның 70-тен астамы балалар.


Батыс Қазақстан