13 Шілде, 2019

Оралда «Түнгі сот» 6 айда 480 әкімшілік іс қарады

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жыл басынан бері 6 ай ішінде «Түнгі сот» жобасы аясында 480 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қарады.

Оралда «Түнгі сот» 6 айда 480 әкімшілік іс қарады

- Бұл істердің тең жартысына жуығы, яғни 224-і – ұсақ бұзақылыққа қатысты істер болса, 109-ы – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар. Сонымен қатар алкогольдік ішімдік ішкен немесе масаң күйде қоғамдық орында жүрген, жол-көлік оқиғаларын жасаған, көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылыққа жол берген, сот үкімдерін, шешімдерін немесе басқа да сот актілерін және атқару құжаттарын орындамаған тұлғалар да сотқа тартылды, - дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар Әкімшісі ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұргүл Қанатбаева.

Соттардың әкімшілік істерді уақыт өткізбей тез қарауы – азаматтарға қолайлы болуы үшін жасалған әрекет. «Түнгі сот шешімдері әсіресе жол-көлік оқиғаларының салдарын өте қысқа мерзімде қалпына келтіруге және зақымдалған автокөлік үшін сақтандыру төлемін тез алуға мүмкіндік береді» дейді сот өкілдері. Осыған байланысты кей күні, дәлірек айтсақ кей түні сот залы таңға дейін бос болмайды. Мәселен, 4 маусым күні «Түнгі сот» жобасы аясында 24 іс қаралыпты.

- Әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарау кезінде медиация кеңінен қолданылады. Мәселен, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін көтерілген 28 әкімшілік іс тараптардың татуласуымен аяқталды. Сөйтіп іс жүргізу тоқтатылды. «Дау мұраты – біту» болғандықтан, сот мұндай бастаманы қолдайды, - дейді Нұргүл Қанатбаева.

Сот өкілінің айтуынша, «Түнгі сот» жобасы батысқазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.


Батыс Қазақстан