23 Ақпан, 2013

Жаңғырту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде

364 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жаңғырту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде

Сенбі, 23 ақпан 2013 7:23

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм. Отандық экономиканың дамуына сүбелі үлес қосып отырған қазақстандық компаниялар өз шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдауы қажет. Еліміздегі ірі отандық мұнай компаниясы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшысы Абат НҰРСЕЙІТОВПЕН осы тақырыпта әңгімелескен едік.

 

Сенбі, 23 ақпан 2013 7:23

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм. Отандық экономиканың дамуына сүбелі үлес қосып отырған қазақстандық компаниялар өз шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдауы қажет. Еліміздегі ірі отандық мұнай компаниясы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшысы Абат НҰРСЕЙІТОВПЕН осы тақырыпта әңгімелескен едік.

– Абат Ақмұқанұлы, сіз басқарып отырған кәсіп­орын­­­­ның алдында тұрған мін­деттер туралы айта кетсеңіз. Пре­­­зи­­­дент Жолдауының негізгі тұ­жырымдарын жүзеге асыру ба­ғытында қандай жұмыстар ат­қарылып жатыр?
– Президент Нұрсұлтан На­зар­баев халыққа арнаған Жол­дауында еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының бас­ты бағыттарын айқындады. Бұл стратегиялық құ­жатты жүзеге асыру бізге үлкен міндеттер жүктейді.
Жаңа экономикалық саясат­тың мәні жаппай қамтитын эко­номикалық прагматизм екенін біз жақсы түсінеміз. Бұл бізді шын мәнінде бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбе­гей­­лі өзгертуге бағыттайды. Ба­р­­­­­­­­­­­­­­­­лық экономикалық және бас­­­қ­а­­­ру шешімдерді эко­но­ми­ка­­­­­лық мақсаттылық және ұзақ мер­­зім­ді мүдделер тұрғысында қа­былдауымыз қажет.
Өткен жылы біз өнді­ріс­­ті тех­нологиялық жаң­ғыр­ту бағ­дар­­ламасын бас­та­дық. Тех­ни­калық қайта жарақ­тан­ды­­рудағы мақсатымыз мұнай өндіруді арттыру және жобаның экономикасын жақсарту. Осы мақсатта үш жылға арналған өндірісті жаңғырту бағдарламасын әзірледік. Бұған жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 100 млрд. теңгеден асады.
Компания қолға алып және іске асырып жатқан Өзендегі өндірістік қуаттылықты жаңғырту жөніндегі жобалар көлемі жағынан теңдессіз. Жақын арада біз Жаңаөзен қала­сынан ТМД елдерінде теңдесі жоқ жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехын ашамыз. Бұл зауыт іске қосылғаннан кейін «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмыс­керлерінің қатарынан 300-350 адам жұмыс істейтін болады. Жұ­мыс­керлерге қазіргі заманға сай қолайлы еңбек жағдайлары жасалады.
Одан бөлек, «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай базасы, ұңғымаларды бастыртуға арналған сұйықтық дайындау жөніндегі екі учаске, мұнай кәсіпшілігі құралдарына қызмет көрсету цехы, мұнай қон­­­дырғыларын жөндеу цехы, 1000 бірлік автокөлік пен арнаулы тех­никаға қызмет көрсету ор­та­лығы салынып, сұйықтықты жинау және тасымалдау жүйесі мен шоғырланған сораптық стансаның қабатына су айдау жүйесі қайта жарақтандырылады.
«Ембімұнайгаз» АҚ-та Прорва кен орындары тобынан шығатын ілеспе мұнай газын күкірттен таза­лау жөніндегі қондырғы салынып, Прорва орталық жинау пунктінен Теңіз мұнай айдау стансасына дейін мұнай құбыры қайта жарақтандырылады. С.Балғымбаев және Шығыс Мақат кен орындарында ілеспе газды пайдаға асыратын қондырғының құрылысы аяқталуға жақын. Ұзындығы 61 шақырымды құрайтын Ақінген-Ақ­құдық-Қисымбай жоғары қы­сымды газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қарт Ембінің тө­сінде жатқан кен орындары бір-бірінен қашық орналасқан. Сон­дықтан, біз мұнай кәсіп­ші­ліктері арасындағы жолдарды жөндеп, жаңа жолдар салып жатырмыз. Бұл жұмысшыларды және жүктерді тасымалдауды жеңілдетеді.
– Болашақтағы жос­пар­ла­рыңызға тоқтала кетсеңіз. Жа­ңадан геологиялық барлау және өндіру жобаларына қатысу ойларыңызда бар ма? Елбасы жаңа кен орындарын барлауға инвестиция тарту мақсатында жер қойнауын пайдалануға мораторийді алып тастауды тап­сырған жоқ па?
– 2012 жылы ҚМГ БӨ Қа­зақстанда және басқа шетелдердегі оннан астам жобаны қарап, оның ішінде ең тартымды дегендеріне геологиялық-техникалық және экономикалық бағалау жасады. Қандай блоктарды сатып алға­лы жатқанымыз туралы айтуға әлі ерте, алайда қандай да бір мә­міле жасалатын болса, ол туралы міндетті түрде хабарлайтын боламыз.
Қазір біздің мамандар Қазақ­станның мұнайлы өңірлерін зерттеу үстінде. Көптеген мұнайлы аймақтар аз зерттелгендіктен, қа­зір­гі таңда бұл аймақтарда мұнай кеніштерінің ашылу мүмкіндігі туралы дөп басып айту қиын. Бұған дейін жүргізілген зерттеу жұмыстарын жинақтап, оған терең талдау жасау қажет. Сейс­­микалық зерттеулер жасап, олар­дың қорытындысы бойынша гео­логиялық жағынан да, эко­но­микалық жағынан да іздеу-бар­лау бұрғылау қондырғыларын орнатудың тиімділігін анық­та­уымыз қажет.
Өткен жылы «Карповский Се­верный» геологиялық барлау жобасына серіктестік тарттық. Қазір аталған жобаның 49 пайыз қатысу үлесі венгерлік MOL мұнай-газ ком­паниясының үлесінде. Бұл мә­міле біздің компанияға 8,75 млн. АҚШ доллары көлемінде таза пайда әкелді. Сондай-ақ болашақта инвестиция мен геологиялық бар­лаудың тәуекелдерін бөлісуге мүм­кіндік берді. Геологиялық барлау – шығынды көп қажет ететін процесс және барлау ұңғымасы нәтиже береді деп сенуге болмай­ды. Сондықтан шығындар мен мүмкін болатын тәуекелдерді бөлі­су жаңа жобаларды игерудегі ең оңтайлы шешім.
Ең бастысы, MOL компаниясымен  бір­лескен кәсіпорын құру ҚМГ БӨ-ге халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа технологияларды үйренуге мүмкіндік береді. Жасыратын несі бар, Қа­зақстанда әлі де болса, білікті кадр­лар тапшылығы байқалады. Сондықтан бұл серіктестік бізге отандық мамандардың кәсіби білік­тілігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Өзіңіз жақсы білесіз, Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында жаңа кадр саясатына ерекше тоқталып өтті. Өз кезегінде, біз де корпоративтік басқару принциптері мен заманауи басқару құралдарын енгізуіміз керек. Біз жұмысқа үздік мамандарды, оның ішінде шетелдік кадр­ларды тартуымыз қажет. Өт­кен жылдың соңынан бастап біз қауіпсіздік техникасы, еңбек және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директор қызметіне халықаралық тәжірибесі мол Рэймонд Митчемді шақырдық. Осылайша, халықаралық тәжі­рибесі бар маманды жұмысқа тар­ту арқылы біз тек өндірістің менеджментін жетілдіріп қана қоймай, сонымен бірге білікті мамандарды оқытып, дайындаймыз.
– ҚМГ БӨ – еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі кәсіпорындарды біріктіріп отырған компаниялар тобы. Серіктестеріңізбен өзара қарым-қатынасты үйлестірудің қандай жолдарын ниет етіп отыр­сыз? Одан әрі құрылымдау жос­парланып отыр ма? Жаңа жобалар туралы не айтар едіңіз?
– 2012 жылы ҚМГ БӨ ен­шілес ұйымдарының басқару құ­рылымдарын оңтайландыру бо­­­­­йынша үлкен жұмыстар атқа­­рылды. Біздің «Өзенмұнайгаз» және «Ем­­бімұнайгаз» өндірістік филиал­­дары акционерлік қоғам­дар болып құрылды. Бұл жұмыс­керлердің өндірістік және әлеу­мет­тік мәселелерін жедел шешуге мүмкіндіктерді кеңейтті. Бәрі бірден шешіліп жатыр деп әзірге кесіп-пішіп айта алмаймын, ұйымдастыру және әкімшілік мәселелері бар, дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген, уақыт өте келе АҚ-тағы жұ­мыстар қалыпты арнаға түседі деп ойлаймын.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін Президент бұрын жұмыстан шы­ғарылған мұнайшыларды жұ­мысқа орналастыру және компания қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту туралы тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау бағытында үлкен жұ­мыстар атқарылды. 2012 жыл­дың қаңтарында Жаңаөзенде «Бұрғылау жұмыстары бас­қар­масы» ӨҚБ және Ақтау қала­сында «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС құрылды. «Қара­жанбас» кен орнында компанияның «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету басқармасы» жұмыс­керлеріне арналған 400 орындық жатақханасы және 300 орындық асханасы, монша, кір жуатын кешені және спорт залы бар вахталық қалашық салынып, пайдалануға берілді. Қаламқас кен орнында да инфрақұрылымдары бар вахталық қалашық кешені салынды.
Сондай-ақ, Бұрғылау жұ­мыс­­тары басқармасы және Тех­но­ло­гиялық көлік және ұңғыларға қыз­мет көрсету басқармасының өндірістік қажеттіліктері үшін 300-ден аса жаңа арнайы техника сатып алынды. Бұл келешекте осы сервистік компаниялардың ҚМГ БӨ-ге ғана емес, өңірдегі басқа да мұнай өндіруші компанияларға қызмет көрсете алуы және эконо­микалық тұрғыдан тиімді болуы үшін жасалды.
ҚМГ БӨ стратегиясына сәйкес, салалық емес қызметтерді қысқарту жөнінде жұмыстар жүргіздік. ҚМГ БӨ-нің «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС мұнайхимия жобасындағы 51% үлесі сатылды, бұл компанияның бұрын салынған инвестицияларды қайтару жолымен 32,4 млн. АҚШ доллары көлемінде таза пайда алуына мүмкіндік бер­ді. «Қаражанбасмұнай» жә­не «Қазгермұнаймен» біздің серік­тестігіміз туралы айтар болсақ, бұрыннан үйлесімді қарым-қа­тынасымыз қалыптасқан. Қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары болып табылатын бұл компанияларға өткен жылы қазақстандық топ-менеджерлер басшылық етті.
– Өз қызметін жүргізіп отыр­ған өңірлерге қатысты ком­па­нияның әлеуметтік саясатында өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Әлеуметтік саясат – бұл біз­дің қызметіміздегі негізгі басым­дықтардың бірі. Өңірлердің дамуына ерекше маңыз береміз, мұнайшылардың және олардың отбасыларының жақсы әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету – бұл біздің мемлекет алдындағы тіке­лей міндетіміз, облыс халқы алдын­дағы парызымыз.
Маңғыстау облысының әлеу­меттік инфрақұрылымдарын дамы­туға арналған ҚМГ БӨ келісім-шарттық міндеттемелері 907,4 млн. теңгені құрайды. Әлеуметтік әріптестік бағдарламасы ая­сын­да Жаңаөзен қаласының тұр­ғындарына 800-ден кем емес әлеу­­меттік жұмыс орындарын ашу үшін өткен жылы облыс әкімдігіне қосымша 200 млн. тең­ге бөлінді. Бұдан басқа 2011 жылдың желтоқсанында қаза болған және жәбір көрген отбасыларына материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, желтоқсан оқиғасы кезінде жарақат алған адамдардың қазақстандық және ресейлік медициналық мекемелерде емделіп, оңалуына қаржылай көмектер жасалды.
Атырау облысында ҚМГ БӨ-нің әлеуметтік инфра­құры­лым­­­дарды дамытудағы келісім-шарт­тық міндеттемелері 286,6 млн. теңгені құрайды. Мұнда біз мін­детті төлемдермен ғана шек­те­ліп отырған жоқпыз. Мәселен, 2012 жылы Атырау облысында әлеуметтік жобаларды іске асыруға 350 млн. теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді. Бұл қаражаттар өңірдегі бес де­не шынықтыру-сауықтыру кешен­де­рінің құрылысын аяқтауға жұм­салды.
Атырау облысында – Байшонас және Ескене ауылдарының тұрғын­дарын облыс орталығына көшіру жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл мақсатқа 5,4 млрд. тең­ге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні Ескене ауылының 80 отбасы Аты­рау қаласына қоныс аударды, облыс орталығында тұрып жатыр. Байшонас ауылының 377 отбасын көшіру кезеңмен іске асырылуда. Оларға арналған пәтерлер Нұрсая және Тұлпар шағын аудан­дарындағы жаңа үйлерден беріліп отыр.
Қорыта айтқанда, ҚМГ БӨ бұрын жария еткен басым­дық­тарды сақтауда. Біз өз қыз­меті­мізді жүргізіп отырған өңір­лер әлеуметтік жағдайының жақ­са­руына, жас мұнайшылар буы­нының кәсіби өсіп-дамуына бұ­рын­ғысынша ықпал етпекпіз. Өндірістің экологиялық және қа­уіпсіздік мәселелерін шешу мін­деті де басты назарда.
– Осы жылдың қаңтар айы­ның ортасында БАҚ-та ҚМГ БӨ орталық аппаратын Ақтау қаласына көшіру қажеттілігі туралы мәселе кеңінен сөз бол­ды. Компанияның ресми хабарына сәйкес, бұл мәселе ак­ционерлердің жиналысына шығарылмаған, яғни күн тәр­тібінде тұрған жоқ. Компания жетекшісі ретінде бұл мәселеге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Зерделеп қарасақ, ҚМГ БӨ орталық аппаратын көшіру – бұл салмақты қадам, бұл мәселенің мақсаттылығы біздің ғана емес, «ҚазМұнайГаз» ҰК, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Мұнай және газ министрлігі тарапынан да зерттелуі тиіс. Ақтауға көшудің салдарын, шығындар мен тәуекел жайттарын да пайымға салып, бағалай білуіміз қажет. Мұндай шешімді барлық «иә» немесе «жоқ» деген пікірлердің салмағын өлшеп барып қабылдауымыз керек. Бүгінгі күні ҚМГ БӨ-нің ресми ақпаратында айтылғандай, көшу туралы мәселе акционерлер алдына қойылып отырған жоқ.
Дегенмен, жақын уақыттарда ҚМГ БӨ орталық аппаратының құрылымына салмақты өзгерістер жасалатынын атап айтқым келеді. Біздің өндірістік филиалдардың АҚ мәртебесін алуларына және басқару функциялары бөлігінің оларға өтуіне байланысты, бас кеңседегі қызметкерлер бөлі­гі­нің лауазымдық міндеттері қай­тадан қаралатын болады. Ат­қарып отырған міндеттері енші­лес бағынышты ұйымдарда қай­таланатын қызметкерлер қыс­қар­тылады.
– Сіз компания басшылығына осы жылдың қаңтарында сай­лан­дыңыз. Мұнайшылық кә­сіп­­тің мұнай өндіру операторынан, директордың өндіріс жө­ніндегі орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өттіңіз. Енді міне, компания жетекшісі болып отырған сіз үшін еліміздегі мұнай кеніштеріндегі өндіру жағ­дайы етене таныс. Өзіңіз тізгінін алған компанияны алда қандай өзгерістер күтіп тұр?
– ҚМГ БӨ стратегиялық мақ­саттары бұрынғысынша сақ­талады. Қазақстандағы жетекші мұн­ай-газ компанияларының бі­рі ретінде ұстанымымызды ны­ғай­ту үшін қуатымызды жос­пар­лы түрде өсіріп отыратын боламыз. Біздің басты міндеттеріміз – бұл шоғырландырылған өндіру көлемін ұлғайту, жаңа активтерді сатып алу жолымен көмірсутегі қорын толықтыру және өсіру, сон­дай-ақ геологиялық барлау жұ­мыстары және ҚМГ БӨ негізгі кен орындарындағы өндірісті оңтайландыру.
Өткен жыл бойы компанияда еңбек ұжымдарымен ішкі коммуникацияны қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді. Қызметкерлердің өздерін тол­ғант­­­­қан мәселелерді талқыға шы­­ға­рып және олардың қысқа мер­зім ішінде шешімін табуы үшін компания жұмыскерлерімен ты­ғыз байланыс тетіктері жасалды. Жұмыскерлермен қарым-қа­тынас орнатудағы жұмыстарда оң нәтижелер бар. Мұнда, сөз жоқ бұрынғы басшылықтың еңбегі зор. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
Енді өндірісті көтеретін уақыт келді. Биылғы жылы ресурстарды, барлық қажыр-қайрат пен назарымызды осыған бағыттайтын боламыз. Көп жылдардан бері біздің негізгі активіміз – «Өзенмұнайгаз» АҚ өндіру жоспарын орындай алмай келеді. Бұл мәселені шешуіміз керек. Өндіру көлемінің төмендеу себептерінің бірі 2011 жылы ұзақ­қа созылған наразылықтар ке­зінде ұңғымалардың тоқтап қа­луы салдарынан болды. Бұдан басқа, көптеген кәсіпшіліктерде ин­фрақұрылымдар тозған, жаб­дықтардың барлығы бірдей заманауи талаптарға жауап бермейді. Біз кең көлемдегі жаңғырту бағ­дарламасын іске қостық, оның нәтижесі «Өзенмұнайгаз» АҚ өн­діру жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».