Экология • 14 Шілде, 2019

Химия зауытының қалдықтары қатер тудырып тұр (ҚР Үкіметінің назарына!)

2206 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көктемде туған жерге оралатын жыл құстары ел шетіне іліккенде қас пен көздің арасында қанадай қырылса, бұдан артық трагедия, бұдан артық аянышты хал бола қояр ма екен? Қолдан жасалған құстардың өлімін, оның обалын кімге артамыз? Ақтөбе облысындағы бұрынғы Алға химия зауыты аумағында әр жыл сайын осындай көріністер болып жүргені ешкімде де құпия емес. Мәселенің мәнісі мынада.

Химия зауытының қалдықтары қатер тудырып тұр (ҚР Үкіметінің назарына!)

      Бұл жерге сонау 1961 жылдан бергі аралықта 26 миллион тонна шлам үгінділері және 730560 тонна қатерлі химиялық және өнеркәсіптік қалдық жинаған. Қазіргі күнге дейін соның бәрі жойылмай, көмілмей, ашық аспан астында қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп тұр.

     Көктемде қар суы еріген кезде осы улы заттар бейне бір көгілдір көл секілді күйге енеді. Соны оңтүстіктен мыңдаған шақырым жолды ұшып өтіп, қанаты талып келе жатқан құстар көл деп есептеп, тыныстап алу үшін жаппай қонады екен. Мұның аяғы әлгіндей құстардың жаппай қырылуына әкелетіні өкінішті-ақ. Шламның зиянды әсерін осыдан-ақ біле береңіз. Көктем кезіндегі қайғылы көрініс осындай болса, жаз уақытындағы шлам қалдықтарының салатын әлегі мен қиындығы да төбе шашты тік тұрғызатындай. Бұл кезде тұз секілді ақжемделген шлам шаңы Алға қаласына қарай көтеріледі екен. Сарапшы мамандар мұндай шлам бораны қайталана берсе, тұрғындардың ауыр дерттерге, соның ішінде, онкологиялық ауруларға тап болуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

    Сондай-ақ ұзақ жылдардан бері ашық аспан астында ашық-шашық жатқан бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қалдықтары осы маңдағы жерасыт және жерүсті сулараның ластануына да әсерін тигізеді. Осы теріс фактор өз кезегінде трнасшекаралық Елек өзенінің экологиялық жағдайын да ушықтыра түсуде.

    Мұндай теріс құбылыстардың болуының басты себебі - кеңестік кезеңде жұмыс істеп, кейін жабылып қалған зауыт пен оның аумағының ешкімде де қажет болмай, иесіз қалғандығында деуге болады. Рас, елімізде Алға химиялық зауыты секілді осындай зиянды қалдықтарға толып тұрған иесіз нысандарды қамқоршылыққа берудің тәртібі бар. Соған сай бұл аумақ сот шешіміне сәйкес республикалық меншіктің қатарына енгізілген. Атап айтқанда, ҚР Энергетика министірінің 2015 жылғы 20 наурыз күнгі шығарған бұйрығына сәйкес, мұндағы күрделі жағдайды зерртеу жұмыстары «Жасыл даму» АҚ-қа тапсырылған.

   Сол уақытан бері аталған республикалық деңгейдегі құрылым зауыт аумағындағы зиянды заттар мен қалдықтарға тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Сөйтіп, «Жасыл даланың» сарапшылары мен мамандары қоршаған ортаға қауіп төндіретін қалдықтардың паспортын жасап шығарған.

     Сонымен бірге қатты қалдықтарды жою мәселелеріне қатысты конкурстар өткізуге бастамашы болады. Әйтсе де, олардың бұл іс-әрекеттеріне құлақ асар ешкім табылмай, яғни зиянды қалдықтар орнының ешкімде қажеті болмай қала береді. Соған қарамастан «Жасыл даму» АҚ мұндағы зиянды қалдықтарды жою жолындағы іс-шараларын одан әрі жалғастары береді. Әрі оны еліміздің экологиялық заңдылықтары мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес атқарудың нақты жолдарын белгілейді.

- Осыған орай біз С.М.Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы зиянды химиялық, өнеркәсіптік және шлам қалдықтарын жоюдың жобалық-сметалық құжаттарын жасадық. Бұл ретте біз оны жоюдың басты жолы арнайы әзірленген орынға қауіпті тарихи қалдықтарды көму деп есептейміз. Жасақталған жұмыс жоспарының басты қағидасы осы шешімге арқа сүйейді, - деді газет тілшісіне бүгінгі көтеріп отырған тақырыпқа орай «Жасыл даму» АҚ Бас директоырынң орынбасары Нұржан Қабдолданов.

   Мұндай күрделі істің жауапкершілігі мен салмағы жоғары әрі ауыр екені хақ. Бұл бағыттағы жоба жергілікті тұрғындар мен көпшіліктің талқысына салынбаса – оның арты кейбір өкінішті жайттарға әкеліп соқтыруы да мүмкін. Сондықтан да жоба иелерінің қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, 2017 жылы қоғамдық тыңдаулар өткізуге басамашы бола білгені құптауға әбден лайықты қадам дер едік.

      Осындай ашық жиналыс түрінде аймақта өткізілген басқосуда жергілікті тұрғындар жасылдамулықтар жасаған жобаға қолдау көрсетіп, оң пікірлер білдірген. Әрі оның қоршаған ортаны сақтауға тигізетін әсерін атап көрсеткен. Кейіннен осы материалдар сол 2017 жылдың желтоқсанында №01-0653/17 санды оң мемлекеттік сараптаманың берілуіне себепші болғаны да бөлек бір әңгіменің еншісі.

         Зауыттың зиянды қалдықтарын атмосфералық ауаға зияны тимейтіндей етіп жою, яғни оны арнайы әзірленген шлам жинау қоймасына көму – өте күрделі іс. Ең бастысы. жер қойнауына түскен улы заттар жерасты су көздеріне залалын тигізбеуге тиіс. Әйтпесе қолға алынған істің бәрі бос әңгіме болып шықпай ма? Жаңа шлам жинау қоймасының ойығы мен қуысын әзірлеген кезде бұл мәселелердің бәрі де ескерілген. Бұл үшін белгіленген екі шлам көму қоймасына әрі осы маңайдағы аумаққа жоба бойынша биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Әрі жобаға сәйкес қос шлам көму қоймасы жасылдандырылып, бейне бір жасыл футбол алаңы іспеттес күйге енеді дейді жоба авторларының бірі Нұржан Қабдолданов.

    Оң мемлекеттік сараптаманы алған «Жасыл даму» жанашырларының жобасы зиянды қалдықтарды жоюдың тиімді тәсілдеріне арқа сүйейтіні талас туғызбайды. Әйтсе де, Ақтөбе аймағындағы «ЭКО Қамқор» қоғамдық бірлестігі аталған жобаның кемшін тұстары да бар деп есептейді. Олардың айтуларынша, қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде қауіпсіздік шараларының бұзылуы әбден мүмкін. Әрі токсикалық қауіпті қалдықтарды тасымалдау мен төгу кезінде зиянды заттар ауаға таралып, маман-жұмысшылардың денсаулығына зиян келеді. Жобада мәселенің осы жағы ескерілмеген деп мәлімдеп отыр.

       Сіз бұған не дейсіз деген сауалға «Жасыл даму» АҚ Бас директорының орынбасары Нұржан Қабдолданов "бәрі де экологиялық заңдылықтар мен нормативтерге сәйкес қарастырылған. Егер бұл іске қоғамдық бірлестік өкілдері күмән келтірсе – олар өз тарапынан арнайы комиссия құрып, келешекте атқарылатын қалдықтарды қауіпсіз жерге көму үдерістерін бақылауларына болады" деген жауап қайтарды. Осы орайда біз жобада белгіленген қалдықтарды қоршаған ортаға зияны тимейтіндей етіп көму тәсілі табиғатты қорғаудан туындаған оң қадам екеніне сенім артқымыз келеді. Ең бастысы, осы арқылы ауаны ластаудың жаңа көздері пайда болмайтын болса – жоба жасаушылардың алға қойған мақсаты орындалғаны. Рас, бұл жоба экономикалық тұрғыдан алғанда қомақты шығынды қажет етеді. Яғни оның толықтай іске асуы үшін 7,5 миллиард тенге көлемінде қаражат қажет. Сөз жоқ, бұл - әжептәуір сома. Ал экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда, сондай-ақ, қалдықтардың қауіпсіздік деңгейін төмендету мен аймақтың экологиялық жүйесін қалпына келтіру қырынан келсек, оны көпсінуге тағы да болмайды. Бұл есеппен қарағанда жоғарыда көрсетілген қаражат мөлшері өзін-өзі толықтай ақтайтыны анық.

    Қазіргі кезде бұрынғы Алға химия зауытының зиянды қалдықтарын тазалау жөніндегі мәселе орталық мемлекеттік құрылымдар құзырынан өңірдің өзіне қарай ойысып келеді. Оның жай-күйіне тиісті бақылаулар мен мониторингтік зерттеулер жүргізу ісі де жергілікті атқарушы органдардың еншісіне ауыстырыла бастады.

     Сондай-ақ 2018 жылдың 15 қазаны күні ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткізілген кеңесте қабылданған хаттамалық шешімді оқырмандар назарына бергенді жөн көреміз. Осы кеңестің үстінде Елбасы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін Үкіметке Ақтөбе облысының әкімдігіне тиісті қаражат бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырған. Кеңес хаттамасына кірген тапсырма, ең алдымен, бұрынғы Алға химия зауыты аумағында ұзақ жылдардан бері жинақталып қалған зиянды қалдықтарды жою үшін қаржылық ресурстар бөлуге қатысты берілген. Сондықтан да біз бүгінгі материалымыздың айдарын Үкімет назарына деп қойғанды жөн көрдік.


Ақтөбе облысы
Алға ауданы