Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысы да Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында апат салдарынан қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мәжіліс депутаттары бір күндік еңбекақыларын арнайы қайырымдылық есеп-шотына аудару туралы бірауыздан шешім қабылдады.
Күн тәртібінде бірінші кезекте 1995 жылдың 23 желтоқсанында қол қойылып бекітілген Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы қаралып, айналымға алынды. “Ғылым туралы” және соған ілеспе заң жобаларын да депутаттар қорытынды әзірлеуге алуға келісімдерін берді. Ал құқық бұзушылық профилактикасы және соған жапсарлас, сондай-ақ тұтынушылар құқын қорғауға қатысты заңнамалық құжаттарға Сенат пен Мәжіліс енгізген өзгерістер бойынша келісім комиссиясының шешімдеріне тиісті баға берілді.
Сондай-ақ, талқыға салынған “Трансферттік баға белгілеу туралы” заң жобасы депутаттар қызығушылығын тудырды. Аталған заң жобасын екінші оқылымда депутаттарға Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов таныстырды. Заңдық құжатты қарау барысында ұзақ мерзімді мәмілелер кезеңінің мерзімдерін өзгерту, салық салу нысандарына және салық салуға байланысты түзетулер енгізу жайы пысықталды. Сонымен қатар, Салық кодексінің мүлікті қайталама лизингке беру мерзімдерін нақтылау бөлігіне түзетулер енгізілді. Осы заң жобасының негізі мақсаты трансферттік баға белгілеуді бақылау тетігін одан әрі жетілдіруді көздейді.
Депутат Ирак Елекеев трансферттік баға белгілеуді Салық кодексіне енгізуді, Серік Темірболатов заңдық құжатты үшінші оқылымға қалдыруды ұсынды. Алайда, олардың ұсыныстары көпшілік тарапынан қолдау тапқан жоқ. Осы ретте сөз алған Рауан Шаекин мемлекеттен ақша алып жұмыс істейтін акционерлік қоғамдар атына біраз сын айтты. Депутат олардың жоғары ставкамен лизингке ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге техникаларды сатқанымен, артынан алып қойып өзгелерге беріп жатқанына қынжылыс білдірді. Депутат ешқандай несие ставкасын төмендетпей отырған оларға ақша бергенше, сол қаржыға техникаларды сатып алып, шаруаларға таратып берген дұрыс деген ойын ортаға салды.
Заң жобасын қолдай сөйлеген Зейнолла Алшынбаев 90-шы жылдарды еске ала отырып, қазақстандық тауарлар қалай болса солай сатылғандығын мысал ретінде келтірді және әріптестерін де заң жобасын қолдауға шақырды. Осылайша біраз талқыдан өткен трасферттік бағаны белгілеуге қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Сонымен қатар, жалпы отырыста Ақмола облысына әкім болып тағайындалуына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченконың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің мәліметі тыңдалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.