Саясат • 15 Шілде, 2019

Әскердің әлеуеті қиын сәтте білінеді

724 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дәл қазіргі уақытта қорғаныс саласы туралы сөз қозғалғанда еліміздің Қарулы Күштері жұмылдырылған Арыс қаласындағы жарылған арсеналды айналып өтуге болмайды. Оқиға орын алған күннен бастап Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев жарылыстың салдарын жоюға кіріскен әскерилердің жұмысын үйлестірумен қатар, оқиғадан зардап шеккендердің жанынан табылып, жұбату айтуды жеке міндетіне алды.

Әскердің әлеуеті  қиын сәтте білінеді

Апат айтып келмейді

Биылғы 24 маусым күні 9-00-де Арыстағы оқ-дәрі сақтау қоймасы аумағындағы қоймалардың бірінен будақтаған түтінді байқаған кезекші бақылаушы дереу өрт туралы дабыл қаққан. Сол бойда оқиғадан хабардар етілген арсенал командирі тиісті нұсқамаға сәйкес өртке қарсы күрес командасын жұмылдырып, өртті сөндіруге кіріскен. Бірақ қызыл жалын өрт сөндірушілерге бой бермей, жапсарлас қоймаларға ауыз салып үлгерген. Сол кезде арсенал командирі өрт шарпыған аумақтан жеке құрам мен олардың отбасын қауіпсіз жерге көшіру туралы пәрмен берген. Бірақ өзі жанындағы офицерлермен бірге қоймалардағы өртті сөндіру және мемлекеттік мүлікті қорғау үшін қала берген...

Сол сәттерде әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын, балаларын қосқанда үш мыңдай адамды эвакуа­циялау қалыпты қағида бойынша белгі­ленген уақытта жүзеге асырылған. Олар­дың бұрынғы осындай оқиғалардан кейін тезірек көшу дағдылары сақталған екен.

Тәуекелдің көп болуына, күннің ыстық­тығына, яғни ауа температурасы 47 градусқа дейін көтерілгеніне қара­мастан әскерилер мен арсеналдың өрт сөндірушілер командасы шынжыр табанды өрт сөндіру техникаларын пайдаланып, өз күштерімен тәулік ішінде екінші және үшінші қоймалардағы өрттерді сөндіріп үлгерген. Осы арқылы алапат жарылыстың алдын алған. Мәселен, 2001 жылы Тоқырауда (Қарағанды облысы) осындай апат кезінде өрт сөндірушілер мен саперлар 7 күн ішінде өрт ошағына мүлдем жақындай алмаған. Бұл жолы тиісті шаралар ә дегеннен тоқтамаған.

Алайда, қым-қуыт ұшқан снаряд­тардың бөлшектері жақын маңайдағы ғимараттар мен құрылыстарды қират­қан. Мұнан соң өрт өршелене түсіп, екінші сақтау қоймасына ойысқан.

Әскери қызметшілер айналасындағы алапат жарылыстарға қарамастан басқа қоймаларды күзетіп қала берген. Оқиға аумағына қосыма инженерлік, медициналық техникалар, шынжыр табанды өрт сөндіру машиналары, химиялық, биологиялық, радиациялық қорғау әскерлері апарылған. Олар ауаның ластану деңгейін, қоршаған ортаның тазалығын тексерген. Бұл көрсеткіштер абырой болғанда қалыпты мөлшерлемеден артқан емес.

Кейін төтенше оқиғаның хроноло­гиялық өрістеуін баяндаған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев: «Бірнеше жарылыс болды, олардың көбі гранаталар мен атқыш қару-жарақтар арсеналдың аумағында жарылды. Бірақ кейбір снарядтар, әсіресе реактивті снаряд­тар әртүрлі қашықтықтарға ұшып, кейбірі 1-3, бірқатары 10-15 шақы­рымға дейін жеткен. Бірақ олар жарылғыш бөлшектерінен бөлек сақтал­ған. Снарядтар түскен жерлердің ешбі­рінде жарылыс болмаған. Қаладағы қираулар снарядтардың жарылысынан емес, металл бөлшектерінің соққысынан бүлінген болса, кей жағдайларда әбден қызып балқыған бөлшектердің түскен жерінде өрт шыққан», деді.

Әскери қоймалардағы бақылау күшейтілді

Арыстағы оқ-дәріні сақтау арсеналы өткен ғасырдың отызыншы жылдары құрылған. Содан бергі уақытта әскерилердің пайдаланылуында болған. Арсеналды орналастыру туралы шешім мемлекеттік қауіпсіздік міндетімен айқындалған.

Соңғы жылдарда Қарулы Күштердің басшылығы оқ-дәрі қорын жан-жаққа орналастыру, талап етілетін сақтау шартын орындау, диверсияға, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасын қабылдай бастаған.

Ал Арыстағы оқ-дәрі қоймалары бір-бірінен алшақ орналастырылып, бір мезгілде жарылудың алдын алу үшін, алысқа ұшқан снарядтардың тұмсықтары медиен далаға қаратылғаны себепті адамдарды эвакуация жасауда уақыттан ұтуға мүмкіндік берген.

Министрлік басшылығының мәлім­деуінше, тек соңғы жылы ғана арсеналда күзеттің техникалық жабдықтары түгел жаңартылып, ашық сақтаудың күркелері салынып, қоршауы түзетіліп, найзағайдан, көлденең соққыдан қорғау қамалдары бекітіліп, тоқтың жерге кету жүйесі жаңаланып, электр желілері ауыстырылған. Мұның барлығы өрт салдарының аз болуына ықпал еткен.

Сонымен қатар соңғы 10 жылда бұл арсеналдан шамамен 180 мың тоннадай оқ-дәрі басқа жерлерге көшірілген. Ал соңғы бір жыл ішінде шамамен 30 мың тоннадай оқ дәрілер мен жарылғыш заттар тысқары шығарылған.

– Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта арсеналдан жарылмаған оқ-дәріні әкету жүргізілуде. Әскери қарауылдар, әскери полиция күштері оқ-дәріні алып жүргендегі күзетті қамтамасыз етуде. Төтенше жағдай салдарын жоюға тар­тыл­ған Қарулы Күштердің барлық бөлімшесі қаланы қалпына келтіру жұ­мысын жалғастыруда. Оқиғаның себебін анықтау бойынша ішкі қызметтік тексеру жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының комиссиясы жұмысқа кірісті, – деді Қорғаныс министрі.

Сонымен қатар Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша арнайы тағы бір комиссия құрылды. Оның құрамына жоғары білікті әскери мамандар, Қарулы Күштердің өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздік мәселесінде тәжірибесі бар ардагерлері кірді.

– Неге десеңіздер, қазір Қазақстан аумағында басқа да оқ-дәрі қоймалары бар. Олардың көлемі Арыстағыдан аз болса да, біздің міндетіміз – осындай жағдайды болдырмау. Комиссия Қарулы Күштердің оқ-дәрі сақталатын барлық нысандарындағы оқ-дәріні сақтау жағдайы мен тәртібін, өрт қауіпсіздігі талабының сақталуын тексереді, – деді комиссия құрамы бойынша түсінік берген Қорғаныс министрі.

Дәлірек айтқанда, комиссия құра­мына оқ-дәрілерді сақтауды ұйымдас­тыру саласында арнайы техникалық білімдері, сондай-ақ өртке және дивер­сияға қарсы қауіпсіздікті қамтама­сыз ету мәселелері бойынша тиісті прак­тикалық тәжірибелері бар жоғары білікті, құзыретті әскери мамандар кіргізілген. Аталған әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдерінде, құра­малары мен базаларында оқ-дәрілерді, зымыран-артиллериялық қару-жарақты сақтаумен байланысты коман­далық лауазымдарда қызмет атқарған. Жұмыс барысында комиссия оқ-дәрілердің сақталуы шарттары мен тәртібін, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексереді, төтенше жағдайлардың ықтимал қауіп-қатерлеріне баға беріледі, сондай-ақ орындарда практикалық көмек көрсетіледі және оқ-дәрілердің сақталуы нысандарының қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде шаралар айқындалады.

Жалпы, оқиға болған сәттен бастап қауіпті аумаққа әскери-транспорттық авиация арқылы қосымша инженерлік-саперлік бөлімшелер жеткізіліп, 42 инженерлік-саперлық топ құрылған, оқ-дәрілердің бөлшектерін іздестіруге 800-дей әскери қызметші жұмылдырылған. Олар қаламен қатар темір жол бойын тазалаумен айналысқан. Тәулік ішінде темір жол қатынасы қалыпқа келтірілген.

Шымкенттен, Тараздан, Меркіден, Отардан барған саперлар қаланы тазарту жұмысына бірден кірісті. Пилотсыз ұшатын аппарат іске қосылып, күн сайын арсенал аумағына, іргелес жерге әуеден барлау, мониторинг жүргізуде. Қала маңы тікұшақпен де бақылануда.

– Қазір Арыста мобильді топтар мен саперлар тобы тұрақты жұмыс істеуде. Өздері тексеру жүргізіп, қауіпті заттарды алады. Табылған қалдықтардың 90 пайызы қауіпсіз, олар – жай ғана металл сынықтары. Бірақ кейбір заттарды кес­кенде немесе отқа салғанда қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан бағалы металл деп құнықпай, мамандарды шақырған жөн, – дейді министр.

Қаза тапқандардың отбасы қамқорлыққа алынады

Әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан үш адамның екеуі әскери қызметші екені белгілі. Министрдің айтуына қарағанда, олардың отбасылары әскери қызметтің ерекшелігіне түсіністікпен қарап отыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қызметтік міндетін атқаруда мерт болған әскерилердің отбасында бірқатар төлем­дер қарастырылған.

– Мәселен, лауазымына байланысты 5 жылдық еңбекақы көлемінде бір реттік төлем және жеке баспана алу үшін бір реттік төлем берілетінін айтуға болады. Өтемақы көлемі әскери қызметші жұмыс істеген өңірге және отбасы мүшелерінің санына байланысты белгіленеді, – деді Н.Ермекбаев.

Сонымен бірге марқұмды жерлеу, ескерткіш тұрғызу, мәйітті жерлеу орнына жеткізу шығындары көтеріледі. Өзге азаматтардың ерікті аударымдарына рұқсат беріледі. Оған қоса, қалыптасқан тәжірибе бойынша қаза тапқан әскери­лердің балаларын жергілікті әскери органдар бейресми қамқорлыққа алады. Қорғаныс министрлігі олардың оқуында, жұмысқа орналасуында немесе өзге де мәселелерде көмектесуге дайын.

– Қазіргі кезде Елбасы және еліміз­дің Президенті Арыстағы төтенше жағдайдың салдарын жою, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарылыс себебін анықтау бойынша шұғыл қаралар қабылдау бойынша тапсырма берді. Оқиға болған күні жағдайды бағалау үшін техникалық аумаққа бардым. Өртті оқшаулауға және бірінші кезектегі шараларды орындауға шешім қабылданды. Қорғаныс министрлігінің төтенше жағдай салдарын жою комиссия­сы дереу құрылып, жұмысқа кірісті. Ол жерде бірінші күннен бастап Қорғаныс министрлігінің жедел тобы тұрақты жұмыс істеуде, – деді Қорғаныс министрі.

Бүгінде оқиғаның мән-жайын анықтап, жарылыстың себептерін анық­тау жұмыстары жүргізілуде. Тергеу­шілер жарылысқа байланысты адами факт­ор, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы немесе электр сымының қысқа тұйықталуы, химиялық реакция сынды техникалық себептермен қатар, қасақана өрт қойылуы мүмкін деген болжамдарды да тексеруде.

Соңғы жаңалықтар