...үлгі етеді
Кітапхана жаңа жүйеге көшті
Қазіргі таңда тоқталатын маңызды мәселелердің бірі – кітапхана базасында «Электрондық кітапхана» құру. Электрондық кітапхана – оқырмандарға қызмет көрсету барысында жан-жақты мүмкіндіктер жиынтығын қолдану аясын кеңейтеді. Оқырмандарға кітапхана қызметін көрсетудің дәстүрлі түріне қарағанда электрондық жүйеге негізделген қызмет түрлеріне деген қажеттілік артып отыр. Осы қажеттілікті ескере отырып, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана толықтай «Web – Рабис» ақпараттық жүйесіне көшті. Осыған орай «Web – Рабис бағдарламасы: кітапханалық автоматтандырылған қызмет көрсету» атты семинар-тренинг өтті. Шараның негізгі мақсаты – облыстық, аудандық және қалалық кітапхана қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсету және оқыту. Сондай-ақ заман талабына сай автоматтандырылған кітапхана жүйесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кітапханашы мен оқырман арасындағы сауатты байланыс орнату.
Кітапхана ісін автоматтандыру, қағаз түріндегі дәстүрлі ақпараттық қорларды электронды түрге көшіру, электронды каталогтар, библиографиялық дерек қорлар жасақтау, интернет желісінің көмегімен ақпарат алмасу кітапханалардың басты міндеті. Қоғамның интеллектуалды бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру мен еліміздің мәдени және ақпараттық тұтастығын қамтамасыз етуде кітапхана рөлін нығайту, білім деңгейі, әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жеріне қарамастан Қазақстанның әрбір азаматына әлемдік ақпараттық ресурстар, демократиялық мүмкіндіктеріне қамтамасыз ету маңызды.
Айбану ЖҰМАБАЕВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасының қызметкері
...уәж айтады
Бақуатты тірлігін бағаласа...
Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген біздің балалық шағымыз қиын кезеңде өтті. Отты жылдардың жаңғырығы әлі күнге дейін жадымнан өшкен емес. Жетімдіктің, жоқшылықтың дәмін татып өстік. Әкем Әбілғазы 1942 жылы Ленинград майданында қаза тауып, анам 25 жасында жесір қалды. Әкем қаза болғанда мен небәрі үш жаста екенмін. Анам Ажар отты жылдардың қасіретін тартса да, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Сол аяулы анамның ақ сүтін ақтай алдым ба деп кейде іштей ойланамын.
Сондай қысылтаяң уақытта менің білімімді жалғастыруыма мүмкіндігім болмағаны рас. Алайда, бойымда оқуға деген ерекше құштарлық болды. Сол дағды бүгінгі күнге дейін сақталып қалды.
Зейнетке шыққан соң да елмен бірге болып, қоғамдық жұмыстардан шет қалмадым. Жастарға жөн сілтеп, өнеге айту аға буынның асыл парызы емес пе? Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде маған тағы бір жауапты міндет жүктелді. Өмірде көргені көп, көкейге түйгені мол адамдар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосса, несі айып? Қазір мен ауданда медиатор болып жұмыс істеймін. 300-ден астам істі қарауға атсалыстым. Соның тең жартысы – ұрлыққа қатысты. Дені жастардың қатысуымен орын алған. Өзекті өртейтін өкініш те осы. Неге бейбіт, молшылық заманның жастары мұндайға жол береді? Керісінше, қазір жастар бақытты болуға тиіс. Өткен өмір мен бүгінгі тірлікті мүлде салыстыруға келмейді. Еңбек етуге құлшынысы зор адамға жақсы мүмкіндіктер жасалып отыр ғой. Сондықтан өскелең ұрпақ бақуатты тірліктің қадірін біліп, әр сәтті бағаласа екен деймін.
Амангелді ӘБІЛҒАЗИН,
еңбек ардагері
Солтүстік Қазақстан облысы
...кеңес береді
Талпынсаң талай белесті бағындырасың
Арқасы жауыр болған, өз шабан, әбден арықтаған ат құдыққа түсіп кетіпті. Иесі келіп, оны тартып шығарудың әуресінің тым көп екенін ойлап, әлгі атты сол құдықтың түбіне тастап кете барыпты. Ал жолдан әрлі-берлі өткен адамдар құдыққа қоқыс төгеді екен. Жылқы қатты ызаланып, өзінің бақытсыздығына налыпты. Қырсық шалғанда қайдағы бір құдыққа түсіп кетіп, онымен қоймай иесі де оны тастап кетті. Енді өлейін деп жатса да тыныштық жоқ, әр сағат, әр минут сайын адамдар келіп қоқыс төгіп жатыр...
Бір күні оның ойында тосыннан өзгеріс болып, ол өзінің басына түскен қиыншылықты өзгерту бекіміне келіпті. Сөйтіп ол әр күні үстінен төгілген қоқыстарға көміліп қалмай, қайта қоқыстарды аяғымен таптап, астына жия беріпті. Ақырында әлгі қоқыстар оның баспалдағына айналып, ол аман-есен жер бетіне шығыпты.
Дүниеде мінсіз нәрсе жоқ. Өмір саған тек «қоқыс» сыйласа да, сен ол «қоқыстарды» аяғыңмен таптап, өмірдің биік белестеріне жетуге талпыныс жаса.
Кәмшат АЛБАН
...ризашылығын білдіреді
Мәдениет үйі – ауыл мақтанышы
Атырауда осыдан біраз бұрын айтулы мереке күнін тойлау Жаңаталап ауылындағы 200 орындық мәдениет үйін пайдалануға беруден басталған болатын. Ел көптен күткен нысан әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру аясында салынған еді.
Жаңа ғимаратта әкімшілік-техникалық орындар, үлкен аудитория, көрермен залы, грим бөлмесі, әртістер бөлмесі, кітапхана, екінші қабатта кеңселер мен көркемдік және үйірмелерге арналған шеберханалар орналасқан.
«Тұрғындар бұл күнді көптен күтті және баршамыздың қуанышымызға орай бұл күн туды. 200 орындық жаңа мәдениет үйі Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында салынды. Осы орайда облыстағы бірқатар әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп жүрген, нысан құрылысын салуға демеушілік көрсеткен «NCOC» компаниясына алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да серіктестігіміз жалғасады деп сенеміз», дейді осыған арнайы келген облыс әкімдігінің өкілі.
Абай АБЫЛАЙҰЛЫ
Атырау облысы