06 Наурыз, 2013

ЖЕР мен ТЕР

326 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ЖЕР мен ТЕР

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:23

Көктемгі егіске дайын

Көктемгі дала жұ­мы­стары Жетісу жерінде зор жауап­кер­ші­лікпен басталып, тиянақты әрі қалыптасқан жақсы үрдістен тай­май атқарылуда. Бүгінгі күнге соқа, тырма, тұқым сепкіш 100 пайыз­ға дайын болса, механиза­торлар қауымы тракторларын 90 пайызға дайындап үлгерді. Көктемнің бір күні жылға азық болатынын әсте естерінен шы­ғар­майтын диқандар дала төсіндегі тынымсыз тірлігін бастап қана қоймай құбылып тұратын ауа-райына қарай әрекет етуде.

Сәрсенбі, 6 наурыз 2013 6:23

Көктемгі егіске дайын

Көктемгі дала жұ­мы­стары Жетісу жерінде зор жауап­кер­ші­лікпен басталып, тиянақты әрі қалыптасқан жақсы үрдістен тай­май атқарылуда. Бүгінгі күнге соқа, тырма, тұқым сепкіш 100 пайыз­ға дайын болса, механиза­торлар қауымы тракторларын 90 пайызға дайындап үлгерді. Көктемнің бір күні жылға азық болатынын әсте естерінен шы­ғар­майтын диқандар дала төсіндегі тынымсыз тірлігін бастап қана қоймай құбылып тұратын ауа-райына қарай әрекет етуде. «Биылғы көктемде барлығы 455 мың 458 гектар жерге себілетін 54 мың тонна дәнді дақыл тұқымының 53 мың тоннасы талапқа сай тексеруден өтті. Таратып айтсақ, оның 23 мың тоннасы – 1 класты, 28 мың тоннасы – 2 класты, 1200 тоннасы 3 класты болып бөлініп себіледі. Дала жұмыстарын дер кезінде белгіленген талапқа сай жүргізуге қажетті 47 мың тонна солярканың бүгінгі күнге дейін 30 пайызы қолымызға тиді», деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков.

Рас, биыл Жетісу жерінде қар суы мол болып, жауын-шашын да көбейіп тұр. Төтенше жағдай қаупі төнген аймақтар өз алдына. Соның бәрін ескере отырып жетісулықтардың аршындап алға басуы – осыған дейін аграрлы облыста дала жұмыстарының қалыпты ырғаққа түсіп, жылма-жыл тұқым себілетін жер көлемін кәсіби тұрғыда біртіндеп өсіре білгендігінің жемісі.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.

Ылғал мол түсті, бірақ тұқым тапшылығы ойлантады

Биыл Қостанай облысында барлығы  4 миллион 183 мың  гектар алқапқа дән себіледі. Оның 3 миллион 790 мың гектары бидайға тиесілі. Нарықтың сұранымымен есептескен диқандар жыл  сайын майлы дақылдар алқабын ұлғайтып келеді. Биыл  оның көлемін 256 мың гектарға  жеткізбек. Бұл былтырғымен салыстырғанда 60 мың гектарға артық.
– Өткен жылғы қуаңшылық тақырға отырғызған диқандар қыста қардың мол түскеніне қуанды. Топырақта ылғалдың жет­кілікті боларына сенеді. Де­ген­мен, көктемгі дала жұ­мыс­та­рының уақыты жақындаған сайын олардың көңілі орнында болмай отыр. Өйткені, тұқым жеткіліксіз. Облыс бойынша барлығы 580 мың тонна тұқым керек болса,  қазір соның 53 мың тоннасы кем. Ал «көктемнің бір күні – жылға азық» деген, уақыт күтпейді. Республика бойынша 80 мың тонна тұқым жетпейді, соның  жартысынан көбі Қостанай облысына қажет.  Сондықтан диқандардың күпті көңілін сейілту үшін жергілікті жерде  бұл мәселе өткір қойылды. Қазір жергілікті бюджеттен осы мақсатқа  250 миллион  теңге қаражат бөлініп, тұқым дайындайтын шаруашылықтардан 12 мың тонна тұқым сатып алынатын болды.
– Өткен жылы қуаңшы­лық­­тың салдарынан облыстың бірқатар, әсіресе, оңтүстік аудандарында диқандардың кеусеніне түйір дән ілінген жоқ. Астық шықпаған соң, тұқым қайдан болсын, – дейді облыстық ауыл­шаруашылығы басқармасы Егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Аманжол Қалиев.
Облыста техникалардың 90 па­йызы дайын. Облыс диқан­да­рының көктемгі дала жұмыс­тарына аттаныс алдындағы дәс­түрлі бас­қосуы наурыз айының ортасына таман болады. Онда облыс әкі­мі Нұралы Сәдуақасов және мамандар науқанға дайындық пен өзекті мәселелерді ортаға салатын болады. Содан кейін көп ұза­май-ақ, сәуірдің тәуір күндері  туысымен, айдың 5-10 жұлдызы аралығында өңірде жаппай ылғал жабу жұмыстары басталады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.

Нағыз науқан әлі алда
Басқа-басқа Оңтүстікте да­ла дүбірі ертерек естіледі ғой. Оңтүстік Қазақстан об­лыс­­тық ауылшаруашылығы бас­қар­масының бастығы Қанатбек Ос­пан­бековтің айтуына қарағанда, биыл егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 44 мың гектарға көбейгелі отыр. Сонда жалпы облыс бойынша 785 мың гектарға егін егу жоспарланса, соның ішінде 139 мың гектар жерге күздік себіліп қойылыпты. «Көктемнің әр күні жылға азық» екенін жақсы түсінетін оңтүс­­­тікқазақстандық диқандар күннің көзі жылт еткелі бері 9 100 гектар жерге жоңышқа, жаздық бидай, көкөніс егіп үлгеріпті. Жер жырту, егін егу жұмыстары енді-енді басталып жатқанын ескерсек, бұл әрине, аз көрсеткіш емес. Бүгінгі күні тауар өндірушілер тарапынан жеңілдетілген бағамен босатылатын 33,9 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс беріліпті. Оның қазірге нақты алынғаны 5 мың тонна. Бұл тарапта жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Әзірге 139 мың гектар күздіктің 25 мыңы қоректендірілді. Жер жырту жұмыстары 496 мың гектарға межеленген, соның 352 мың гектары жыртылды. Өткен аптада облысқа белгіленген бағамен 32 мың тонна жанармай бөлінді. Бұл облыста егін шаруашылығы­мен айналысатын шаруалардың 87-89 пайызын қамтамасыз етуге жетеді. Еліміздің Мұнай және газ министрлігі белгілеген баға бойынша жанармайдың бір тоннасы 93 975 теңгеден берілуде. Ал, ауылшаруашылығы тех­ни­ка­ларының 88-91 пайызы көктемгі егіске дайын. Нағыз науқан әлі алда. Оңтүстіктің кең даласында еңбек көрігі енді-енді қызып келеді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.

Әзірлік қоңыр күзден жалғасуда

Қардың мол түсуін сол­түс­тік­қазақстандық диқандар жақсы ырымға балап отыр. Алайда, таби­ғат­тың жарылқауына иек артып, жағаны жайлауға салудан әсте аулақ. Керісінше, жылдағы әдет бойынша көктемгі егіске жан-жақты әзірлік жұмыстары қоңыр күзден бері тыңғылықты жалғасып келеді. Ауыл шаруашылық тех­ни­каларының 73 пайызы дайындық сапына қойылып, кең алымды егіс кешендерімен толықтыруға баса мән берілген. Бүгінде ондай жоғары өнімді техника бірліктерінің саны бір мыңнан асады. Былтыр лизинг арқылы 8,5 миллиард теңгеге 400-ге жуық жаңа техника сатып алынып, машина-трактор паркінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды.
Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының деректері бойынша биыл 3,6 миллион гектер алқапқа дәнді дақыл сіңіру жоспарланған; оның 3 миллион гектары – бидай, 368 мың гектары – майлы дақылдар. Қамбаларға құйылып алынған 546,2 мың тонна тұқымның 95 пайызы бірінші, екінші сұрыпқа жатады. Көктемгі дала жұмыстарын толық атқарып шығуға 70 мың тоннадан астам жанар-жағармай қажет болса, бүгінгі күнге дейін төрттен бірімен қамтамасыз етілген. Нарыққа қарағанда бағасы 10-15 пайызға арзан қолжетімді дизель отынын тасымалдаумен арнайы операторлар айналысады. Агроқұрылым басшылары биылдан бастап шет­елден алынатын гербицидтер мен тыңайтқыштарға да демеуқаржы көрсетілетін жаңалықты естіп, қатты қуанулы.
Қызылжар өңірінің астық өн­дірушілері көктемгі егін себу жұмыстарына әзірлікті осы қар­қын­мен жалғастырса, қолдағы 5500-дей тұқым себу кешендерін жауап­ты науқанға толық жұмыл­дыра алары анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.