Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Арыста құрылыс жұмыстары түнде де жүргізілуде

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыс қаласында еліміздің барлық облысы мен үш мегаполисінен келген 5 мыңдай құрылысшы, 180-нен астам мердігер жұмыс істеуде. Жергілікті тұрғындар да ақылы құрылыс жұмыстарына тартылған.

Арыста құрылыс жұмыстары түнде де жүргізілуде

Бүгінде тұрғын үйлерді жылдам әрі сапалы жөндеу,  қалпына келтіру үшін құрылысшылар түнде де жұмысты жалғастырып келеді. Облыс,  қала, аудан әкімдіктеріне бекітілген аумақтарда тұрғындарды тіркеу,  құжаттар қабылдау,  гуманитарлық көмек көрсету, қоқыстан тазалау және өзге де жұмыстар қызу жүргізілуде. Мәселен,  1-аумаққа Атырау облысы мен Жетісай ауданы жауапты.  Мұнда 482 үй бар.  Жетісайлық азаматтар түнде де штаб жұмысын тоқтатпай, тұрғындарға көмек көрсетуде. Жергілікті тұрғындар көмекке келген азаматтарға ризашылығын білдіруде.  11 шілдедегі мәлімет бойынша Арыста 700-ден астам үй жөнделді. Жалпы,  қалада 8401 үй тіркелсе,  оның 7097-сі зақымдалған.  Сонымен бірге 104 көпқабатты үйдің 94-іне жөндеу жұмыстары тағайындалған.  

Айта кетелік, Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 100 мың теңге өтемақы беру бойынша жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері бекітілген. Олар шілдеден бастап өтемақы алуға өтініштер жинақтауда. Өтемақы Үкімет бекіткен тізім бойынша беріледі. Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4 324, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4 232, Дермене ауыл округінде – 2 052 адам. Жалпы бірінші кезекте 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы төлеуге Үкіметтің резерві есебінен 3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше