Қызықтырған қымбат ет
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:57
Соңғы уақытта ет жеуден алдына жан салмайтын қазақтар соғым союды азайтып, етті түсінде көруге үйреніп те қалды. Бұрын күздікке бір сиыр, не тайынша, қысқы соғымға жылқы жығып алатын ауыл тұрғындарының өзі енді ірі қараны екі-үш шаңырақ бөліп союға дағдыланған. Өйткені, ет қымбат.
Сейсенбі, 12 наурыз 2013 6:57
Соңғы уақытта ет жеуден алдына жан салмайтын қазақтар соғым союды азайтып, етті түсінде көруге үйреніп те қалды. Бұрын күздікке бір сиыр, не тайынша, қысқы соғымға жылқы жығып алатын ауыл тұрғындарының өзі енді ірі қараны екі-үш шаңырақ бөліп союға дағдыланған. Өйткені, ет қымбат.
Сұрақ. Қарапайым ауыл тұрғыны да азын-аулақ малын сойып соғым қылғаннан гөрі, сатып пұл қылғанды жөн санайды. Өзі өсірген малын өзі жемей өзгенің қалтасына салып береді. Өзегі талған қала халқы да базардағы бағаға беттей алмай, соғым сойғанды былай қойып, келілеп сатып алуға да мұрша болмай теріс айналады. «Ет дегенде, бет бар ма» деген заман келмеске кете ме, осылай.
Қыс та аяқталып келеді. Қызыл көрмей қыстан шығуға да болады екен. Қалаға келгелі соғым сатып алмайтын болдық, деген Сайлау Байтоғанов ақсақал да «соғым қымбат, етті келілеп сатып алуға үйрене алмай жүрміз», дейді.
Статистика агенттігінің деректеріне қарағанда, еліміз бойынша биылғы қысқы соғым, яғни жылқы 250-350 мың теңге, сиыр 150-200 мың теңге аралығында бағаланған. Алайда бейнетін арқалап, қысы-жазы малдың күйін күйттеп, бағып-күткен малшы қолдағы аз ғана тұяғын базар бағасына сай сата ала ма? Делдалдың сұраған бағасына беріп, еткен еңбек, төккен тер еш кетіп ұтылып қалмай ма деген сұрақтың да туындайтыны заңды.
Ұтатын делдал ма? Ақмола облысы халал стандарты бойынша ет өндіруші «Бақара» шаруашылығының қожасы Бауыржан Омаров ауыл тұрғыны қолдағы малын арзанға өткізіп ұтылып жатыр дегенге келіспеймін. Өйткені, бағаны реттеп отырған рынок. Қазір әрбір шопан немесе жылқышы мен сиыр қайырып жүрген адам алдындағы малының пайдасы мен зиянының аражігін ажырата біледі. Көзі ашық, бүгінгі базар бағасынан да хабардар. Сондықтан малын қаншаға бағалауды біледі. Мысалы, өзіміз сапасына қарай жылқы етінің келісін 1000-1150 теңгеден, сиыр мен қой еті келісін 800-850 теңгеден бағалап, сатып аламыз, дейді. Оның айтуынша, ауылдағы адам үшін бір малын сойып алып, қалаға өзі әкеліп сатқаннан гөрі өздері секілді делдалдарға тапсырған тиімді. Себебі, қаншама шақырымды артқа тастап, қалаға келген соң етті сату оңайға соқпайды. Санитарлық талаптарға сай қағаздар толтыру, сатып алушылармен келісу, алып келген малының барлық мүшесін ойлаған бағаға тапсыру үшін де уақыт, төзім керек. Бір малдың еті үшін ауыл мен қала екі арада сандалмай делдалға сатқаннан шаруа ұтылады деген бос сөз.
Нарық шаруаны шыңдайды. Мамандардың айтуынша, еттің қымбаттығы шаруаны бәсекелі нарықта шыңдай түседі. Бәсекелі нарық өндірушіні де, өткізушіні де, тұтынушыны да сапаға баса мән беруге үйретеді. Іріктеле келе нарықта шыңдалған, бәсекеге төтеп бере алатын қабілет қалыптасады. Сөйтіп, халықтың өмір салты сапалы сатыға көтерілмек.
«Сондай-ақ қазіргі талаптарға сәйкес малды арнайы сою алаңдарында, яғни арнайы қасапханада қасапшы союы керек. Осы тұрғыдан алғанда да ауыл тұрғыны үшін малын делдалға тапсырған тиімді», дейді мамандар.
– Малды қасапханаларда союдың артықшылықтары өте көп. Малдың таза сойылуы мен еттің эпидемиологиялық-санитарлық талаптарға сәйкестігі арнайы қадағаланады. Бірақ арнайы қасапханаларда сою мәселесі айтылып жүргенімен, әлі де түбегейлі шешімін таппай отыр, – дейді Бауыржан Омаров.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел де «етті кімге апарамын, қалай сатамын дегеннен» делдалға сатқан оңай екенін айтып отыр. «Біз еттің қымбаттағанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Неге десеңіздер, бүгінде халықтың 50 пайызы ауылдық жерде тұрады, оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар, демек, етті базарға шығаратын да, одан пайда түсіретін де қарапайым тұрғындар. Мен бұл пікірімнен бас тартпаймын», дейді ғалым.
Ешкі бағып та… Демек, болашақта «бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» дегендей, малы бардың мұрты майланар күн алыс емес. Өйткені, біз еттің тоннасы бидайдың тоннасына қарағанда 5 есе қымбат екенін түсіне бастадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен агроөнеркәсіп кешенінің бәсекелестік қабілетін жан-жақты арттыруға бағытталған 2013-2020 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Келешекте ауыл адамы мал бағып та, егін салып та сапалы өнім өндіру арқылы ішкі сыртқы рынокқа табиғи таза азық шығаратын күнге де жетпек.
Қорада 50 шақты ешкім бар. Азын-аулақ төлдетіп, күзде аздап пұлға айналдырамын. Ешкілерімді семіздігіне, жас шамасына қарай өз тұтынушыларыма 10-20 мыңға дейін сатамын, дейді Ақмола облысы Аршалы ауданы Волгадон ауылының тұрғыны ГүлсараТұрдыханқызы. Делдалдарға алданып қалмайсыз ба дегенімізде, Гүлсара апа, делдалдар алдайды деп ойламаймын. Мен үшін малымды қалаға тасымалдағаннан гөрі, дайын күйінде тапсырған пайдалы, дейді. Сондай-ақ, журналист екенімді естіген Гүлсара апай мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмайтынын, «бес» ешкі баққаны үшін балаларға тиесілі жәрдемақыдан қағылғанын да тілге тиек ете кетті. Ешкі бағып күн көріп отырған Гүлсара Тұрдыханқызы «ешкінің сүті мың сан ауруға дауа, еті де сіңімді» екенін айтады. Болашақта мемлекеттік қолдауға ие болып жатса шаруашылығын кеңейтіп, ешкінің жұмсақ, әрі жып-жылы түбітін де пайдаға асырғысы келетінін жасырмады. Иә, Гүлсара апайдың арманы арман-ақ. Тек, әттеген-айы, Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов мал шаруашылығын дамытуға арналғанмемлекеттікбағдарламалардың ешқайсысында ешкіге жеңілдік ескерілмеген, ал мемлекеттік субсидия қарастырылған қой шаруашылығының өзінде асыл тұқымды түлік болмаса, 50 қойға да көмек берілмейді, дейді.
Елде болса, ерінге тиеді. Статистикалық дерек көздеріне сүйенсек, соңғы жылдары елімізде мал басының өсіп келе жатқанына куә боламыз. Атап айтар болсақ, елдегі қой саны соңғы жылдары 18 млн.-ға жетсе, жылқы 1 млн. 400 мың, ал сиыр 6 миллионға көбейген. Қазір ет өнімін жылына 134 мың тоннаға, ал алдағы 10 жылда, яғни 2022 жылы 194 мың тоннаға дейін көбейтіп, 60 мың тонна артық өнімге қол жеткізуге болатынына сенім бар.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел Парламентте қабылданбай қалған бір заң бар. Келешекте бұл заң қабылданады. Сол кезде делдалдар қандай тауар болса да тек 30 пайыздық үстемемен сатуға міндеттеледі. Ал нарыққа біртіндеп бейімделген, талаптанған шаруа малын бәсекелестік деңгейге көтереді. Малының етін арзанға бермеуге үйренеді. Сөйтіп, малды баққанның, сатып алып, қайта сатқанның және етін қажетіне жаратып отырған тұтынушының арасында тепе-теңдік қалыптасады, дейді. Яғни, қазақтың қазы мен қартаны, жал мен жаяны қызара бөртіп кертіп жер күні келмеске кетер ме екен деп байбалам салу артықтау ма? Ол уақыт еншісінде.
Әзірше, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндесек, мал өсіріп, пұлға айналдыратын қарапайым ауыл қазағы. Қала мен ауылдың арасын жол қылып, ет сатып делдалдыққа жарап жүргендер де қазақтың қара баласы. Ал жайма базарда «көздің құртын жеп» төңкеріліп жатқан мал етіне қызығатын да, қымбат екеніне қарамастан, қалтасын қағып сатып алатын да көбіне-көп өзіміздің қаракөздер. Не дегенмен, заман қалай құбылса да, несібесін теріп еңбек еткен, ешкімге жалтақтамай ептеп күн көрген елдің ет түсіне емес, тісіне кірсін.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.