Қоғам • 16 Шілде, 2019

Отбасы мүшелерін түгел танитын дәрігер

759 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросы денсаулық сақтау саласының тиімді қызмет ету жолында тұрғындарға алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін жұмысты оңтайландыру қазіргіден жемістірек жәрдем етер еді деп санайды. Өйткені алдына келген пациентті арнайы маман-дәрігерге қаралып келіңіз деп жолдама беруімен учаскелік терапевт көбіне диспетчерге айналып, өзіне бекітілген аумақтағы адамдардың денсаулығының жайынан бейхабар қалып жатады. Ал жалпы практикадағы отбасылық дәрігерлік жүйенің артықшылығы сол ол отбасы мүшелерінің барлығын танып, олардың денсаулығын қадағалап, жіті қарап отырады.

Отбасы мүшелерін түгел танитын дәрігер

Елорда жылдан-жылға қанатын жайып, өсу қарқынын толастатар емес. Жыл сайын қанша аурухана, емхана салынып жатса да, қайда барсаң да кезек күтіп отырған халықты көресің. Қала халқы санының артқаны сон­ша­лық, қайда кірсең де, бәлкім ол дүкен, базар, ойын-сауық орны, театр мен Ха­лыққа қызмет көрсету орталығы болар астаналықтардың дені сол жерге жинал­ғандай әсер аласың. Көңіл көтеретін орындарда халықтың көптігі жақсы-ақ, ал «бас ауырып, балтыры сыздап» қаралайын деген жан үшін кезек күткен әр сәт созылған сайын жүйкеге сыр беріп, сәл нәрсеге «шырт» ете қалады.

Ал сол дәрігерлік кезекке Қосшы, Үркер, Өндіріс тәрізді қала іргесіндегі мекен­дерден келіп тұрып көріңізші. Мәсе­лен, Байқоңыр ауданына кіретін Өндіріс тұрғын алабының тұрғын­дары­ның саны 45 мыңнан асса, Есіл ауданы­на қарасты Үркерде 20 мыңнан астам, ал Қосшыда 50 мыңнан да көп халық тұрады екен. Бұл – нақты тіркел­ген­дер, ал қаншама халық есепке алынбай да жатыр.

Қосшы тұрғындары Лесная поляна аталатын шағын ауданның құр­қылтайдың ұясындай, дәлізіне екі адам қатар өтсе соқтығып қаларлықтай ем­ха­­насына ағылатын. Шағын аудан­ға есеп­теліп, шағындап салынған емхана­ның есігіне дамыл болмай, кезек күтіп отыратын орны да, өзі де құрқылтайдың ұясын көзге елестетін. Қаншама жүйке жұқарып, пациенттер бір-бірімен кезек үшін керілдесіп те қалатын.

«Салауатты Астана» ЖШС директоры Ләйла Ишбаева «Біз елордада алғашқы болып кепілді медициналық жәрдем аясында алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін желіні ықшамдауды қолға алдық. 2012 жылы алдымен оны Үркер тұрғын алабындағы отбасылық емхананың жұмысынан бастадық. Жалпы практикада емханаға келуші пациенттердің 80 пайызына қажетті қызмет түрлері негізінен бірін­ші кезекте салқын тию, тұмау, т.б. ауру­лар­дың алғашқы диагнозын қойып, ең­бек­ке жарамсыздық парағын беру, жүкті әйелдерді бақылау, иммунизация, скрининг жүргізу, диспансерлік есеп­тегі пациенттерді бақылау, қызу көтеріл­генде дәрігерді үйге шақыру тәрізді біраз жұмыстарды қамтиды. Тек 20 пайы­зына арнайы зерттеуді қажет­сі­не­тін консультациялық-диагнос­тика­­лық қызмет түрлері көрсетіледі. Сонда емхана есігін ашқан 10 адамның 8-і учас­келік терапевтің алдынан қажетті көмегін алып, ал 2-еуі ғана арнайы ма­манға жіберіледі деген сөз. Ал осыны ескер­меудің салдарынан маман дәрі­герге жазылудың өзі ұзаққа созылып, сәтін салып жазылдың дегеннің өзінде кіре алмайтындай ұзын-сонар кезекке тұру пациенттерді қынжылтады. Жал­­пы практикадағы учаскелік дәрі­гер қызметі мамандарға деген жеке консуль­та­циялардың қажеттігін азайтады. Алдыңғы қатардағы, медици­на­лық көмектің деңгейі жоғары дәре­жеде ұйымдастырылған елдердің тәжіри­бесі­нен мұндай жолдың тиімділігін көріп отырмыз», дейді.

Оның айтуынша, медицина саласына цифрландырудың енуімен бірге емха­налардың да жаңа тұрпаттағы қызмет­ке көшуі маңызды. Мәселен, жақын­да Германияда өткен жоғары технология­лардың көрмесінде фонендоскоптың қызметін атқаратын, қан қысымы мен қант мөлшерін өлшеп, құрсақтағы бала­ның жүрек соғысын тыңдайтын гаджет-телефондардың жұмысы танысты­рыл­ды. Бұл ақпараттардың барлығы учас­келік дәрігерге тікелей түсіп, тіпті ем­ханаға келіп тексерілудің қажеттігін тудыр­майды. Пациенттерге көрсетілетін қыз­мет­тердің 50-60 пайызы цифрландыру арқылы виртуалды әлем көмегімен жүріп, кеңестің өзі виртуалды алынады.

Бұл енді келешек күннің еншісінде болса, қазіргі уақытта мобильді желілер қызметін пайдалану отбасылық емханалар жүйесінде қолданыла бастапты. Мысалы отбасылық емханаларда арнайы уатсап желісі арқылы «Аяғы ауыр әйелдер», «Бір жасқа дейінгі балалары барлар», «Қан қысымы барлар», «Қан­тты диабетпен ауыратындар» чат­тары жұ­мыс істейді. Көптеген мәсе­ле­лер осы чаттың көмегі арқылы өздігінен шеші­ліп, қажетті кеңестер беріліп жатыр дейді мамандар.

Расында да көптеген елдердің қалып­тас­қан жүйесіндегі дәрігерлік тәжі­ри­беге қарағанда, алғашқы жасалатын көмектің деңгейі төмен болған сайын әрі қарайғы пациентті емдеу қиынға, әрі қымбатқа түсіп, жалпы денсаулық сақ­тау саласының тиімділігін азайта түседі. Соған қарап, алдыңғы қатардағы мем­ле­кет­тердің жалпы практикаға негізділ­ген отбасылық дәрігер қызметіне көбірек көңіл бөлуінің сыры ашыла түсетін­дей. Мысалы, Ресей медицинасында учас­келік дәрігерге қаралушының 50 па­йы­зына арнайы маманданған дәрігер­лерге қаралуға жолдама берілсе, шетел­де па­циенттердің 80 пайызы амбула­тория­­лық жағдайда отбасылық дәрігер бақы­лауында емделіп шығады екен. Біз­дің еліміздің де көрсеткіші солтүстік көр­шімізбен шамалас.

Отбасылық жалпы практикадағы дәрігер қызметі кеңес тұсында солай аталмағанымен барлық көмекті бір өзі атқаратын ауылдық дәрігердің жұмы­сын елестеткендей. Жалғыз дәрігер баланы да, үлкенді де қарап, қажеттілік туғанда сыздауық, шиқанды тіліп тастап, тастай қылып байлап, әйел босандырып, мектеп оқушыларының тамағы мен тісін санациялап, қасындағы жалғыз мейіргерімен вакцинациялауды да атқаратын.

Нарықтық қатынастардағы медицина заманға лайықтала өзгеріп, қажет­тілікке қарай бейімделуге жетелейді. Был­тыр, №10 емханадан бөлініп «Жағалау» отбасылық емханасы болып құрыл­ған емдеу мекемесінде бүгінде 20 мың­ға жуық ересек, 8 мыңнан астам ба­ла­лар тіркелген. Отбасылық ауру­хана­ның негізгі міндеті тұрғындарға неғұр­лым жақын орналасып, алғашқы медици­налық көмек көрсету болғанымен мұнда тұрғындарға қолайлылық үшін вак­цинация жүргізетін кабинет жасақ­талып, флюрография, рентгенге түсіретін мо­биль­ді көлікті шарт бойынша жылына 3-4 рет шақыру жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ биыл Айтматов көшесінде амбулаторлы хирургия ашу көзделіп отыр, онда хирург, окулист, отоларинголог, гинеколог, травматолог мамандар хирургиялық шағын операцияларды жасамақ.

Былтыр қырқүйекте Қосшы кентінде отбасылық емхана есігін айқара ашқан. Арнайы емханаға деп салынбаса да аудандық мәслихаттың депутаты, іскер әйел Сара Әйкенқызы бизнесі үшін салған ғимаратын халықтың игілігіне жарату туралы шешім қабылдапты. Бұл қосшылықтар үшін кәдімгідей көмек болды. Ультрадыбыстық зерттеу, балалар массажы бөлмесі, кар­диолог, невропатолог, гинеколог, хирург, травматолог сынды мамандары, оған қоса 6-7 орындық күндізгі ста­ционары бар орталық ашылғалы қос­шы­лықтардың көңілдері жай. «Бұрын қысылып-қымтырылып Лесная поля­наның емханасына тығылатынбыз, енді еңсесі биік, жаңа ғимаратта пейіл­дері­мен қызмет істегісі келетін отбасы­лық дәрі­герлерге қараламыз», деді тұр­ғындар. Есепте тұрған­дарға мемлекеттік кепілдік аясында са­ты­латын препараттарды беретін дәр­і­хана және бар, жедел жәрдем қызметі жасақталған отбасылық емханаға келу­ші­лердің көңілдері тоқ. «Сағат 8-ден 12-ге дейін зертханаға келіп анализ тапсырамыз, бұрынғыдай қалаға ақы­лы қызметке жүгінуіміз азайды. Жаның­да дәрігер тұрса, ақы төлеп дәрі­герге барып неміз бар. Бұл бір үлкен көмек бол­ды», – дейді тұрғындар. «Өз кенті­міз­дің тұрғындарынан басқа Тайтөбе, Қызыл­суат халқы да бізге қаралады. Жаңа ғимарат дегенмен біздің қазіргі отырған орнымыз типтік емхана емес. Әзірге депутаттың мырзалығының арқа­сында елге медициналық қызмет көрсе­ту­деміз. Отбасылық емхана жүйесінің артықшылығы сол, біз үшін бәрі көз алдымызда. Отбасында ауа арқылы таралатын вирусты инфекциямен бала ауырды ма, артынан үлкені де ауырады, үлкен емханаларда педиатр баланы ғана қарайды да, ересектер назардан тыс қалады. Ал бізде олай емес, алғашында отбасылық жалпы прак­ти­кадағы дәрігер дегенге мамандығым педиатр болғандықтан ересектерді қалай қарай­мын деп қарсы болып едім. Сөйтсем, қателескен екенмін, жал­пы практикадағы отбасылық дәрі­гер жұмысы әулет үшін әлдеқайда тиім­дірек», дейді «Қосшы» отбасылық емха­на­ның меңгерушісі Бақыткүл Байекеева.

Жалпы практикадағы дәрігерлердің көмегіне жүгінген қала тұрғындарының да, мамандардың да пікіріне сүйенсек, отбасылық емханалардың келешегі зор тәрізді. Қала халқы алыстан арбалағанша жандарынан табылатын, отбасы мүше­лерін тегіс танып, жып-жылы қарым-қатынас орнатқан отбасылық дәрігерді қолайлы көретіндей.