Аймақтар • 16 Шілде, 2019

Өнер қонған өлке

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауылындағы Әміре Қашаубаев атындағы Қайнар халық театрының құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр. Жарты ғасырлық тарихы бар аталмыш театр сахнасында көптеген таланттар өнер көрсетті. Осы мезгіл ішінде өнер ұжымы 300-ден аса спектакль қойыпты.

Өнер қонған өлке

Абыралы өлкесі – өнер ке­ніші. Шертпе күйдің шебері Тәттімбет, ән дүлділдері – Әмі­ре Қашаубаев пен Жүсіп­бек Елебеков, қазақ халқының мақтан тұтқан бұлбұл қы­зы – Бибігүл Төлегенова Абы­ралыдан түлеп шыққандар. Осы­ларға қарап-ақ, өлке өнерін бағамдай беріңіз. Оның сыртында ұжым 1994 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғарымымен Алматы қаласында «Абыралы ауданының күндерін» өткізіп, теат­р жанынан құрылған «Қайнар» және «Мейзек» ансам­бльдері осы жолы халықтық атаққа қол жеткізгені тағы бар. Келесі 1995 жылы ұжым еліміз аты­нан Түркияға барып түркі тектес елдер өнер фестиваліне қатысып, ауыл абыройын асыр­ған.

2008 жылы қайнарлық өрен­дер тума талант иесі Әміре Қашаубаевтың 120 жылдығына байланысты «Парижге барған домбыра» атты спектакьді биік деңгейде сахналап, 2009 жылы республика көлемінде өткен мәртебелі байқауға «Абылай хан» пьесасын қойып, бас жүл­дені жеңіп алған.

Жоғарыдағы өнер сайысында театр өнерпаздары Бисат Шағыров, Ұлан Ысқақов пен Бауыржан Төкенов жаңа қырларынан танылса, ұжымның көркемдік жағынан өсуіне Мәдениет үйінің директоры Құдайберген Тұрысбековтің сіңірген еңбегі өте зор.

Жақында театрдың мерейтойына орай Қайнар ауы­лында алқалы жиын өтті. Он­да облыстық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбаса­ры және ауыл театрын ұйым­дастырушылардың бірі Дүй­сенбай Қошқарбекұлы сөз сөйлеп, ауыл мәденетінің биік дәрежеге көтерілуіне үлес қос­қан ел азаматтары Төлжұма Ары­станбаев, Мейрамбек Иса­таев, Болатбек Жанболатов т.б. азаматтардың еңбегін еске алса, жиынның құрметті қонағы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов Қайнар халық театры 1969 жылдың желтоқсан айын­да республикалық байқауда «Халық театры» атағын жеңіп алғанын тағы бір еске салды.

Салтанатты жиын барысында қайнарлық бір топ өнерпаздарға сый-жоралғылар ұсынылып, мерейтолық төсбелгімен марапатталып, өнер ардагерлеріне театры ұжымы әзірлеген естелік фото-альбом сыйға берілді. Мерейтойдың сәнін келтірген қонақтар дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, белгілі өнерпаз Нұ­риден Құсманов, күйші-саз­гер Сағындық Ернап, әнші Анар Қа­лиевалар ел қошеметіне бөленді.

 

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауылы