27 Наурыз, 2013

Жаңа жобалар нені жаңартты?

259 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа жобалар нені жаңартты?

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 2:05

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар бүгінде Жетісу жерінде де үсті-үстіне іске қосылуда. Әрине, бұл қуана құптарлық жайт. Өйткені, жер-жерде жаңа өндіріс  орындары ашылып,  жаңа технология бойынша  бұрынғы ұғыммен бір жүз адам атқаратын жұмысты қазір  он адам атқарып, жұмыс берушілер талаптарына сай   тұрғындар еңбекпен қамтамасыз етілуде. Айлық жалақы мөлшері де қомақты дей отырып, бұл дүниенің де бір қайтарымы бар  екендігін еске саламыз. Ол – замана талабы. Соны жете түсінген жетісулықтар күнкөріс қамы үшін   ауылдар мен қалаларда бой көтерген өндіріс орындарының өтемін  адал еңбектерімен қайтаруға ұмтылуда.

 

Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 2:05

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар бүгінде Жетісу жерінде де үсті-үстіне іске қосылуда. Әрине, бұл қуана құптарлық жайт. Өйткені, жер-жерде жаңа өндіріс  орындары ашылып,  жаңа технология бойынша  бұрынғы ұғыммен бір жүз адам атқаратын жұмысты қазір  он адам атқарып, жұмыс берушілер талаптарына сай   тұрғындар еңбекпен қамтамасыз етілуде. Айлық жалақы мөлшері де қомақты дей отырып, бұл дүниенің де бір қайтарымы бар  екендігін еске саламыз. Ол – замана талабы. Соны жете түсінген жетісулықтар күнкөріс қамы үшін   ауылдар мен қалаларда бой көтерген өндіріс орындарының өтемін  адал еңбектерімен қайтаруға ұмтылуда.


2012 жылы индустрияландыру картасы аясында 1631 жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 19 млрд. 485 млн. теңге тұратын 14 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Панфилов ауданындағы «Байсер­ке Агро» ЖШС-нің испан техно­логиясы бойынша 4 га жерде­ жылыжай құрылысы және «Уни­вер­сал» ЖШС-нің жылына 12 мың дана пропилен қаптарын шы­ғаратын зауыт құрылысы, Іле ауданындағы «Казфильтр» ЖШС-нің жылына 240 мың дана автомобиль көлігіне арналған сүзгіштер шығару зауытының құрылысы, «ПФК «ЭЛЕАС» ЖШС-нің «ЭЛЕАС» фармацевтикалық зауы­­тының құрылысы, «Алатау құс» ЖШС-нің жұмыс істеп тұр­ған құс фабрикасының ет өндірістік қуаттылығын 12 мың тоннаға дейін арттыра отырып жаңғыртуы, «Алматинский вентиляторный завод» ЖШС-нің жылына 123 мың данаға жуық әртүрлі желдеткіш шығаратын зауытының құрылысы, Талғар ауданындағы «Сұлтан» ЖШС-нің жылына 130 тонна дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зауытының құрылысы, «Эталон ГидроКорм» ЖШС-нің қуат­т­ы­лығы жылына 3000 тонна ба­лыққа қажетті жем өндіретін зауы­тының құрылысы, Қарасай ауданындағы «AS Group со. LTD» ЖШС-нің 800 га алаңға тамшылап суаруға арналған суару жүйесінің құрылысы, Сарқан ауданындағы «Саркан Май» ЖШС-нің 1,5 млн. литрден аса өсімдік майларын, 4 мың тоннадан аса күнбағыс, соя және софлор жымығын өн­ді­ретін зауыт құрылысы, Көксу ауданындағы «ПАЛМ-ЕС» ЖШС-нің жылына 350 мың тоннаға дейін Далабай кенінде құрамында алтын бар рудаларды өңдейтін зауыт құрылысы, Қапшағай қаласындағы «Green Land Alatau» ЖШС-нің жылыжай құрылысы, Талдықорған қаласындағы «JLC Сут» ЖШС-нің 21,8 мың тон­на­ға дейін сүт өндіретін зауыт құ­рылысы, сондай-ақ, «KEGOC» АҚ-тың 300 мВт. Мойнақ ГЭС-і қуаттылығын тарату кестесі жобалары жүзеге асырылуда.

Қолда бар мәліметке сүйен­сек, жаңа жобалар іске қо­сыл­ғандықтан облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші көте­ріл­ген. Былтырғы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 363,1 млрд. теңгені құрады. Сөйтіп, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 83 пайызға жетіп, республикамызда осы сала бойынша бесінші орында тұр. Еңбек өнімділігі, шикізат экспортының жалпы көлемі бойынша елімізде алғашқы үштікке ілінгені тағы бар. Соған сәйкес, бір жылда қанша жұмыс орны ашылғандығы жоғарыда айтылды. Әсілі, «медальдің екі жағы бар» деген емес пе? Осы орайда ресми мәліметпен шектеліп қалмай, жаңа жобалар нені жаңартты деген жанды сұраққа халықтық тұрғыда жауап іздесек, қарапайым халықтың тұрмысы пәлендей түзеліп кеткен жоқ. Жетіспеушілік. Орташа айлық жалақы алатын адамдар «шықпа жаным шықпа» деп жүргені жасырын емес. Қоғамда байлар мен кедейлер деген ұғым пайда болды. Қандай да бір сала тізгінін ұстаған азаматтар (дос түгілі бірге туған туыстан да жақын) «коррупция» деген ауруға душар болған. Оның сатылап өсіп отыратын жазылмаған заңдылығы тағы бар. Заңгерлік тұрғыда дәлелденбейтін фактілер кез келген салада жетіп-артылады. Амал нешік… Осынау пікірді өндіріс орындарымен байланыстырып отырған себебіміз, Елбасы: «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында «Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжыл­дық­та экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету міндетін қойдым», деп нақтылады. Сол нақтылық жер жерде нақтылығын сақтауда ма? Сақтаса, неге халықтың тұрмысы өркениетті елдердегідей көтерілмейді? Міне, бір мәселе осы. Екіншіден, рас болсын, жалған болсын, әйтеуір, жасанды илеуден шыққанда иен байлық иін тіресіп тұрса жақсы. Әйтпесе, шетелдерден өсімімен қайтарамыз деп алған инвестицияны санап беретін күн келгенде қайтеміз? Кепілдікке ата-бабадан мирас болып қалған қасиетті қара жер қойыла ма?

Былтырғы жылы Алматы облысына 392 млрд. теңге инвес­тиция тартылыпты. Бұл соңғы бес жылда тартылған инвестиция көлемінің бес есеге артқандығын көрсетеді. Аграрлы облыста ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге ел машықтанған. Сол шикізатты қайта өңдеу барысы кібіртіктегенімен, ауылдықтар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алуға жүгіруде. Жөн. Бірақ бос қиял пәлендей абырой әкелмесі анық емес пе?! Тағы бір баса айтар жайт, әлгіндей несие алуға ұмтылушылар егер пәлен мың теңге алсам мұнша пайызын пәленге, мұншасын түгеншеге беремін деп есептеп, қалған қаражатқа сатып алатын малдарын көздеп, тіпті мал иелерімен келісіп те жүрген жайлары бар. Мұндағы айтайын дегеніміз, сыбайлас жемқорлық деген әлемдік ауру ауыл тұрғындарының да санасына сіңісті болып барады. Тіпті, өмір сүру үшін алға бас­тыратын қажеттілік деп те санайтын тәрізді. Бұл түкпірдегі ауылдың ахуалы. Ал жаңа жобалар іске қосылып жатқан әлеуетті ауылдарда да жағдай ғаламат емес. Оны біздің шенеуніктер басқа арнаға бұрып, дағдыланған сыдыртпа жауабымен ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей үш-төрт аша тұяққа қарап, шал-кемпірдің зейнетақысын күтіп отырғанша дұрыстап еңбек етпей ме дей салады. Сондықтан тобықтай түйін: жаңа жобалар әзірге ауыз толтыра айта қоярлықтай табыс көзін ашқан жоқ. Оның басты бір себебі, жаңа технологияны жергілікті халық игере қойған жоқ. Және сол жаңа технологияның тілін әзірге шетелдіктер ғана біледі. Ал оқуына тұрғылықты халық шетелге барып оқып, үйреніп келуге де мүмкіншілік болмай отыр. Егер бұл мәселе оңды шешімін тапса, яғни жаңа технологияның тілін жергілікті халық жетік білсе, сол елдің тұрмысы да түзелген үстіне түзеле берер ме еді. Қандай да бір жаңа технологияны ел аумағына кіргізерде әуелгі кезекте оның тілін тұрғылықты халыққа меңгерту саясаты ұсталса құба-құп. Бұл мәселеге билік не айтар екен?

Бүгінде ел заңнамасына сәйкес, қандай да бір өндіріс орны ашылса, жұмыскерінің 90 пайызы тұрғылықты халық, ал 10 пайызы шетелдік азаматтар болуы тиіс. Әйтпесе, сол өндіріс орнын прокуратура органдары заңнама шеңберінде тоқтатып қоюға құқылы. Солай болып та тұр. Заңның аты – заң. Бағыну міндет. Тағы бір айта кетер жайт, үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар бір-бірімен байланыста жұмыс жүргізгенде өте тиімді болады. Нақтылай түссек, құнды идеясы мен қажетті құжаттарын ғана алып бір жобаға кірген қазақстандық өз ойының ұтымдылығын дәлелдей алса жарқын жол ашылары хақ. Сондықтан осы тұрғыда, биліктің сөзіне сенсек, үлкен үміт бар. Ал көнбіс халық мәселенің мәнісіне әлі толық түсіне алмай (зерттеп, зерделегендері өз алдына) әліптің артын бағуда.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

__________________

Суретті түсірген 
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.