Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Арал қайта оралады

3573 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желіде тараған бір видеодан Арал теңізі айдыны ортаймаған кезіндегі жағалауында иін тірескен кемелерді көрдік. Ине шаншар жер жоқ-ау. Айлақта иін тірескен кемелердің арасынан саңылау тауып шығудың өзі қиын. Жүзін теңіз тұзы шайған капитандар әртүрлі дауыстағы гудоктарын бақыртып, өне бойын тер жуған боцмандарына жедел қимылдап, жағадан ашық теңізге шығу үшін дауысы қарлыққанша айқайды салғаны анық. Кеменің екі жақтауын кемерлеген балықты қабылдау орындарына өткізіп, мұрты майланған теңізшілер күнге күйіп тотыққан жүздеріне нұр үйіріліп, масаттанып аппақ тістерін көрсетіп ақсия күлген шығар-ау...

Арал қайта оралады

Қиялға ерік берсеңіз Аралдың сондай шат-шадыман кезіне осылай сапар шегесіз. Сол теңізшілер күндердің күнінде толқыны жа­ғалауды соғып жататын ұлы теңіз­­дің тартылып, дүниежүзілік апат­қа ұрындыратынын үш ұйық­таса да түстерінде көрген жоқ-ау, сірә.

Бүгінде Арал тек жағалауында отырған Қазақстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттердің ғана емес, әлемнің бас ауруына айналды. Дүние жүзінің экологтары Аралдан ұшқан тұз мәңгі мұздақ Арктиканың, Гималай мен Қарақорым тауларының мұз­дарын ерітіп жатыр деп дабыл қағуда. Бір кездері пенденің қолымен жасалған білместік, қаты­гездіктің зардабы сол адам­дардың өзіне табиғи апат болып айналып соққан жайы бар.

Әйтсе де бүгінде Аралды сақ­тап қалудың шарасы әлемдік деңгейде жүргізіліп жатқандығы көңіл қуантады.

Орталық Азиядағы трансше­каралық су ресурстарын басқару бағдарламасы аясында жақында Қызылордада Халықаралық Арал­ды құтқару қорының еліміз­дегі Атқарушы дирекциясы, ха­лық­аралық ынтымақтастық ж­өнін­дегі Германия қоғамдық қоры (GIZ) және Қызылорда облысы әкімдігі арасында «Сол­түс­тік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны да­мыту, Арал-Сырдария бассейндік кеңе­сінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев GIZ «Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық бас­қару» бағдарламасының басшысы Каролина Милов пен Халық­аралық Аралды құтқару қорының еліміздегі Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекниязбен кездесіп, Сыр өңірінің экологиялық және әлеу­меттік-экономикалық проблемаларын шешуге қосқан елеулі үлестері үшін алғысын білдірді.

«Көкарал бөгетінде балықты қорғау құрылғысының болмауына байланысты жыл сайын балықтар жаппай қырылуда. Соның салдарынан 2017 жылы 200 тонна балық шабақтары қы­рылды. Сол себепті «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасы аймағымыз үшін аса маңызды. Біздің ынтымақтастығымыз ал­да­ғы уақытта да табысты болып, экологиялық жағдайды жақ­­сар­туда және аймақ тұрғын­дарының өмір сүру сапасын арттыруда қажетті нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз», деді облыс әкімінің орынбасары.

Жобаның негізгі мақсаты Сол­түстік Арал өңірі балық қорла­рының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сақтау және дамыту, су ресурстарын интеграцияланған бас­қару принциптерін одан әрі дамыту және тәжірибеге енгізу, су шаруашылығы және бассейндік құрылымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейін жасқарту, Арал-Сыр­дария бассейндік кеңесінің әлеуе­тін арттыру, қызметін жандан­дыру, сондай-ақ халықтың эко­логиялық сауаттылығын жоға­ры­лату және жоба аясында тиімді ын­тымақтастық орнату болып отыр.

Меморандумға сәйкес, Халық­аралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқарушы ди­рек­циясы балық қорғау қондыр­ғысының жобалық-сме­талық құжат­тамасын әзірлейді, герма­ниялық қор жобаны қар­жылан­дырумен айналысады. Ал облыс әкім­дігі жобаны іске асы­руды қолдау шараларын және ақпа­раттық сүйемелдеуді қамта­масыз етеді.

Қазақ «орнында бар оңалады» дейді. Жағалаудан шығандап кеткен Арал теңізінің қазақстандық бөлігіне мемлекеттік қолдау ар­қы­лы жан бітіп жатыр. Жа­қында Қамбаш көлі жаға­сын­­да балықшылардың слеті өтті. 2015 жылдан бері ұйымдас­ты­рылып жүрген слетке респуб­ликамыздың бірқатар өңірінен өкілдер келді.
Аралдық Жұмабек Табынбаев слет қарсаңында теңіз тағдыры жайлы оның кешегісі мен бүгін­гісін қосып толғаған екен.

«Теңіз тартылған тоқырау кезең Арал перзенттерінің жадында қорқынышты түстей сақталып қалды. Сол қиын-қыстау тұста балық шаруашылығы орасан күйзеліске ұшырады. Балық өңдейтін кәсіпорындар, балық аулайтын шаруашылықтар жаппай жұмысын тоқтатты. Теңіз суының тұздылығы көбейіп, балық аулау мүлдем тұралады. Арал теңізінің солтүстігінен бар-жоғы 400 тонна камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланатын халге жетті. Ата кәсібінен қол үзген өңір тұрғындары тір­­шілік қамын жасап, жан-жақ­қа амалсыздан қоныс аударды. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген бар. Торғайдай тозып кеткен теңіз перзенттерінің көңіліне Елбасының тікелей қол­дауымен жүзеге асқан САРАТС жобасының алғашқы кезеңі үміт отын жақты. Кіші теңіздің қалпына келуі, Көкарал бөгетінің салынуы, Ақлақ тоспасын жасау ата өңірді қайта түлетті. Теңіздегі балық қоры молайды. Сырдария өзенінен Кіші Аралға құйылатын судың көлемі артты. Теңіз деңгейі Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен биологиялық түрлер, жан-жануарлар мен балық мөл­шері қалпына келе бастады.

Сондай-ақ көптеген ірі көл­дердің қалпына келуі балық ша­руашылығының жандануы­н­а жол ашты. Теңізде бұрын ж­ойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Ба­лық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсті. Биыл Кіші Арал теңізінен 6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесінен 335 тонна, Ақшатау көл­дер жүйесінен 23 тонна, При­морский көлдер жүйе­сіне 31 тонна балық аулауға рұқ­сат беріліп, аудан бойынша бар­лық лимит 7067 тонна болып бекі­тілген.

Бүгінгі таңда Арал өңірінде 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала ба­лық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұз­дату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданады. Балық өңдеу саласындағы 31 балықшы бригадасында 405 адам еңбек етеді. Балықшылар бригадасы өздігінен жүретін, өздігінен жүрмейтін флот, үлкен және шағын кемелер, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз етілген. Слет барысында кеме­лер­дің шеруін тамашалаған жан керемет көрініске куә болары анық», дейді ол.

Қамбашта өткен слет­тің бірін­ші күні «Балық шаруашы­лығы ғылыми-өндірістік орта­лығы» ЖШС Арал филиалы база­сында «Тауарлық балық шаруа­шылықтарын дамытудың мүмкіндіктері» атты ғылыми-прак­тикалық конференция өтті.

Екінші күні слетке қатысушы­лар балық өнімдері көрмесімен және аймақтың балық шаруашы­лығының даму тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен таны­сып, саланың үздіктері мен арда­гер­лерін марапаттау рәсіміне қатысты.

V балықшылар слетінің ашы­лу салтанатында облыс әкімі­нің орынбасары Бақытжан Намаев өңірдегі балық шаруа­шы­лығы­ның дамуы туралы айтты.

«Кеңес заманында Арал өңі­рінен 8 Кеңес Одағының Баты­ры, 21 Социалистік Еңбек Ері, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шыққанын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде де теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымай ата кә­сіпті жалғастырып жүрген балықшылар баршылық. Осы ретте, нарықтық экономика зама­нында балықшылардың ба­сын біріктіріп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген Нұрбек Әйім­бетов, Аманбай Ерхатов, Төре­бек Игіліков, Батырхан Пі­ре­кеев, Табын Аленов, Шү­кір­бай Абдуалиев, Ақыл­бек Бай­қошқаров, Сәрсенбай Қош­қарбаев сияқты ел азамат­та­ры­ның, кәсіп­­керлердің еңбегін ерекше атап өт­кім келеді. Әрқай­сысы жүз­деген жұмыс орындарын ашып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шыға­рып, облыс экономикасына қо­мақты үлестерін қосып отыр», деді Б.Намаев.

Слеттің ашылу салтанатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төр­ағасы Қайыр Рыскелдинов пен Қазақ КСР балық шаруашы­лы­ғының экс-министрі Құдайберген Саржанов сөз сөйледі.

Қызылорда облысы респуб­ликада балық шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Облыс балық аулау, өңдеу көлемі бойын­ша республикада 3 орында келеді. 2019 жылдың 6 айында облыс бойынша 2397 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 53 млн теңге қаржы түсті. Бүгінде облыс бойынша жыл­дық қуаты 11 мың тоннадан асатын 8 ба­лық өңдеу зауы­ты жұ­мыс істеп тұр. Балық өнім­де­рінің 13 түрі шы­ғарылып жатыр.

Соңғы 5 жылда балық өнім­дері экспортының көлемі 9 есеге артты. 2018 жылы облыстан 3804 тонна балық өнімдері экспортталса, осы жылдың 6 айында экспорт көлемі 2406,5 тоннаны құрады. Балық өнімдерін Ресей, Польша, Голландия, Украина, Әзербайжан, Қытай елдеріне экспорттауда.

Слетте мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының Құр­­метті азаматы Құдайберген Сар­жанов «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне сапарында Арал теңізіне көңіл аударатынын айтты. Келе­шек Аралдың жағдайы жақсы. Ол үшін біз қолымыздан келген көмегімізді көрсетуіміз керек. Об­лыс басшыларының арқа­сында аталған слет 5-інші рет өткі­­зіліп отыр. Сондай-ақ облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Арал теңізінің күні де 2 рет аталып өтті. Мұның бәрі – Арал қасіретіне әлемнің назарын аудар­ту деген сөз. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр, мұндай слеттің баламасы жоқ» деді.

Теңіз жағалай орналасқан Қамбаштағы тоғанда балықтың бірнеше түрінің тұқымы көбей­тіліп жатыр. Басшысы кезінде айтулы балуан болған, Азия чем­пионатының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғабыл Құланов. Жаға­лаудағы бірнеше каналдарда өсіріліп, шынашақтай болған кезін­де млрд-таған шабақтар Кіші Аралға жіберіледі.

«Кіші Аралдың қалпына келуіне Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өлшеусіз еңбек сіңірді. Мемлекеттік бағдар­ламаны жүзеге асыруға Қызыл­орда облысының әкімі болған, бүгінде Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев елеулі еңбек етті. Бүгінде осы жұмыстар облыс әкімі Қуа­ныш­бек Ысқақовтың тарапынан жақсы нәтижесін табуда. Қазақ­стан Республикасының Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне келген сапарын­да Арал теңізі мәселесі күн тәр­бі­нен түспейтіндігін айтты. Яғни, бола­шақта Арал еліміздің көз қуанышы болады», дейді Нұр­ғабыл Құланов.

«Көкарал» бөгетіндегі күр­меулі мәселелер шешілсе теңізде балық көбейеді. «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» Арал теңізі қалпына осылай келіп жатыр.

Қызылорда облысы