Экономика • 17 Шілде, 2019

Экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкер

1242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Экономиканың қозғаушы күші –  кәсіпкер

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жартыжылдық көлемінде ел экономикасының өсімі 4,1 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялардың мөлшері 11,7 пайызға өскенін айта келіп, халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді шараларды одан әрі дамыту қажеттігін алға тартқан болатын. Бүкіл әлем экономикасын, Еуроодақтағы жағдайларды саралар болсақ, Қазақстанның қазіргі жағдайы жаман емес. Тіпті бір пайыздық өсімнің өзі жақсы көрсеткіш. 

Біз макроэкономикалық көр­сет­кіштерді көбірек негізге алып жатамыз. Бұл ретте микроэко­но­ми­калық жағдайларға да аса мән беру қажет. Өйткені мұның артында адам капиталы, халықтың әлеуметтік жағдайы жатыр. Әлем­дік тәжірибеге сүйенсек, халық­тың экономикалық иммуни­тетін қуат­тандыратын басты күш – са­лық. Меніңше, біздегі салық­тың тү­сімі өз деңгейінде емес секілді.

Экономиканың негізгі қозғау­шы күші – кәсіпкерлер. Иә, кәсіп­керлікті қолдауға үлкен басым­дық беріп отырмыз. Алайда, олардың салық төлеу мәселесі әлі де толық жолға қойылмаған. Табыс табу бар да, соған салық төлеу жағы кемшін. Осы мәселе айрықша мән беруді қажет ететін жағдайлардың бірі.

Кәсіпкерлердің халық алдын­дағы жауапкершілігі қай дең­гейде екеніне көбірек мән беретін кез келді. Біріншіден, жоғарыда айтқан салық төлеу мәселесі. Екін­шіден, өзі шығарған өнім­дерінің сапалы болуын қада­ғалауға, халық тұтынатын барлық тауарлардың жоғары сапа үдесінен шыға білуіне кә­сіп­керлікпен айналысатын азаматтар жете мән беруге тиіс. Көптеген өндіруші компания­лар тексеріс тиісті дәрежеде болмаған соң тауар сапасына сылбыр қарайтынды шығарды. Айналып келгенде мұның астарында ұлт денсаулығы деген үлкен мәселе жатыр.

Қазір фермерлік шаруа­шы­лықтан келетін тауарлардың басым бөлігі түрлі қоспаларға толы. Тіпті алып мегаполис саналатын Алматының айналасынан тәуір сүт немесе ет өнімдерін сатып алудың өзі қиын. Мұндай проблема әрбір өңірде бар. Осыны басты назарда ұстап, қойылатын талапты барынша күшейтсек, экономикамыз өрістейді әрі халық тұтынатын тауарлар сапасы арта түседі.

Дамыған индустриясыз, ғы­лыми жетістіктерсіз инно­ва­ция­лық эко­номиканы дамыту мүмкін емес. Сондықтан индустрия­ны өріс­тету үшін үлкен зауыт-фаб­рикалар салғанда оның иннова­циялық қырына мән беру керек. Сонымен қатар олардың өнді­ретін тауарлары әлемдік стандарт­қа сай, бәсекеге қабілетті өнім болуы шарт. Бұл тұрғыда тек экс­порт мәселесін алға оздырып қоймай, өз халқымызды киім-ке­шекпен, азық-түлікпен және бас­қа да қажетті тауарлармен қам­тамасыз ету жайын ретке келтірсек, нағыз жетістік осы. Прези­дентіміз де осы жағдайға баса назар аудару керектігін алға тартып отыр.

 
Атамұрат ШАМЕНОВ,
 экономика ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ